Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сақтан, сақта, сақтанайық

Сақтан, сақта, сақтанайық

Ажалсыз адам жоқ, себепсіз ажал жоқ. Ажал – өте суық сөз. Айтпасқа амал жоқ. Себебі, одан құтылатын еш адам жоқ. Тән мен жаннан тұратын, ет пен сүйектен жаралған жаратылыстың бәрі ерте ме, кеш пе сол ажалдың құрбаны болары анық. Мойындамасқа шара жоқ. Өлім айтып келмейді дейміз. Айтып келгенін білмейміз. Себебі, өлімді қаламаймыз. Өйткені, өмір тәтті. Біз әйтеуір өлетінімізді білеміз. Ал бірақ қай уақытта өлетінімізді білмейміз. Өмірде не тәтті дегенде шыбын жанымыз кеудемізде ойнап тұрғанда оған мән бермей, тәннің есепсіз қалағандарын айтуымыз мүмкін. Олай болатыны ол тәннің азығы – нәпсінің қалауы. Ал тәннің ішіндегі жанның тәттісі – өмір. Оның соншалықты тәттілігін өмірден өтерде ғана білетініміз шындық.

Жан өмірде бір-ақ рет беріледі. Жан тәннен бөлініп, ақырғы деммен шыққаннан кейін ол қайтып оралмайды. Яғни өмір өліммен алмасады. Жан – Алланың аманаты, өзіне қайтарылады, ал тән негізі топырақтан жаратылған, сондықтан да ол топыраққа жайғастырылады. Шариғат үкіміне сай шарттары орындалып, ақырғы сапарына құрмет көрсетіліп, мәңгілік орнына орналастырылады. Содан кейін сол тәннің-нәпсінің сан жетпес қалаулы тәттілері шіріген топыраққа айналады. Тәнді де, топырақты да көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, басқа сезім мүшелерімізбен байқап сезіне аламыз. Ал жанымызды көріп, ұстай алмаймыз. Ол Алланың құдыреті, кереметі. Оны тек ақылымызбен, санамызбен, иманымызбен сезініп, сенеміз. Тағдырға, жазмышқа бас иеміз, көнеміз. Мен сіздерді өліммен үрейлендірейін деп жатқан жоқпын. Сіздерден кешірім өтінемін. Өлім аралап, біртіндеп келеді. Соның өзі соның отбасына қанша мұң, қанша қайғы әкеледі. Бәріміз жанашырлықпен көңіл айтамыз, басу айтамыз, бөлісеміз. Жаман айтпай, жақсы жоқ деген сөз бар. Құдай бетін әры қылсын, дұшпаныңа да бермесін. Сақтан, сақта, сақтанайық демекпін. Жұт жеті ағайынды, зілзала, алапат өрт, тасқын су, қуаңшылық, індет, топырақ-құм суырған дауыл, қантөгіс соғыс. Табиғи апаттар Алладан болса да, оған адамдардың өздерінің де себепші болуы анық. Оған қасиетті Құрандағы арнайы түскен сүрелер мен бірнеше аят, пайғамбарлар өмірлері жайлы қисса-дастандар мен тарихи деректі оқиғалар дәлел. Жұттың қай түрі болса да, тажал өлімнің, үрейлі өмірдің, үмітсіз дүниенің ақыры іспеттес. Әрбір жан иесі шыбын жанын сақтау үшін дүниенің бәрінен безініп кетуі ғажап емес. Адам түгілі жан-жануарлар да, ұшқан құс, жүгірген, жортқан аңдар да, шыбын-шіркейлер де, жыбырлаған, қыбырлаған, жылжыған жәндіктер де бір Алладан пана іздейді. Әрине, оларда сана жоқ, сезім бар. Сол арқылы өлмеуге әрекет жасайды. Ал адам баласы санасымен, ақылымен мәнді, мағыналы өмір сүреді. Бірақ оның да мәні, мағынасы ниетіне, жүрегінің тазалығына, имандылығына байланысты. Ниеті жаман, пиғылы арам алпауыт мемлекеттердің іс-әрекеттерінен жер бетіндегі қаншама мемлекеттер, миллиондаған адамдар, жазықсыз жан-жануарлар зардап шегіп, қиындықта өмір сүруде. Соның ең ауырын басынан өткеріп отырған сабырлы да, шыдамды, төзімді, арлы да намысты, парасатты да батыр қазақ халқымыз бодандықты да қуғын-сүргінде, аш-жалаңаштықта, саяси сұрыптауда, алауыздық пен жауыздықта, жапон самурайлары мен неміс фашистерінің басқыншылық соғыстарында, ұлы даламыздағы алапат от жалынды атом бомбасының жарылыс сынақтарында ерен ерліктің, өжет елдіктің, мызғымас бірліктің, ыдырамас ынтымақтың үлгісін көрсетіп, тәуелсіздіктің көк туын көтергенімізге жиырма тоғыз жыл толып отыр. Елімізде қаңтар айының басынан хабарланған көршілес Қытай мемлекетінің Ухан қаласынан бастап тарала бастаған коронавирус індетінің жер шарына, әлемге таралуы дендеп бара жатыр. Оның шарпуы екі жарым мың шақырымнан асатын шекаралас аймағымыз бар, он сегіз млн халқы бар бізге өте қауіпті. Биылғы жылдың қасіреті коронавирус індеті – қазақ халқы үшін Алланың бір сынағы. «Тәртіпсіз ел болмайды. Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп ­Бауыржан Момышұлы айтқандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған төтенше жағдайға әрбір азамат қасиетті, қадірлі отанымызды сақтап қалуы үшін асқан жауапкершілікпен елге қызмет ету керек. Ол үшін үрейге бой алдырмай, даурықпа өсек-аяңға құлақ салмаған жөн. Оны өршітіп қоздырмайық. Кез келген қолдағы қолжаулық хабарламаларға сенбегеніміз абзал, жалған ақпаратқа жүгініп кетпей, тек ресми мәліметтерге сүйеніп сөйлесек дұрыс болады. Ең бастысы, тікелей өз басымызға тиесілі міндеттерімізді бұлжытпай орындап, басқалардың да соны орындауға ұмтылуына ықпал етуіміз керек. Алла сақтанғанды сақтаймын деген, Алладан тілейік. Бұйырса, бұл күн де өтер. Не көрмеген қазақтың ұрпағымыз? Осы сынаққа да сабыр етіп, төзімділік танытсақ, барлығымыз бірігіп жеңіп шығатынымыз да ақиқат.

Нұрлан қажы МАХМҰТ


28 наурыз 2020 ж. 486 0