Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бәсекелестік берекені арттырады

Бәсекелестік берекені арттырады

Қазіргі нарық заманының бас­ты жаңалығы – бәсекелестік. Бұған дейін біз бәсекелестіктің мағынасын теріс түсініп, оны көреалмаушылық, қызғаншақтық, күншілдік, іштарлық секілді жағымсыз қасиеттердің қатарына қосып, солай қабылдап келген едік. Ал бүгінде бәсекелестік тіпті мемлекеттер арасында ғана емес, оның барлық ішкі жүйесінде, экономикасы мен мәдениетінде, халық санында, мал шаруашылығы мен егін алқабында, кәсіпорындар мен өнеркәсіптерде, қала мен қала, ауыл мен ауылда жүріп жатқанын байқаймыз.
Капиталистік дәуірде бәсекеге қабілетсіз, оған төтеп бере алмайтын кез келген шаруа банкротқа ұшырап немесе жойылып жатады. Мәселен, үйдегі бір-бірімен тете өскен балалар бәсекеге бейім тұрады. Кейбір адамдар көршілерімен бәсекелесіп, бір-бірінен қай жағынан болсын алда тұрғанды қалайды. Кеңестер одағы тұсында колхоз бен колхоз, совхоз бен совхоз, аудан мен ауылдан жарысқа түсетін. Сол жарыстар осы бәсекеден шыққан болуы керек, оған да келіп жеттік. Шиелі ауданы еншісі бөлінбеген көршіміз Жаңақорған ауданымен жарыс­тас болатын. Тәуелсіздіктен кейін Қазалы, Қармақшы аудандарымен де жарысып көрді. Бірақ неде болса көршімізге жетпейді. «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» демекші, көрші ауданның кемшіліктерін көріп, жетістіктеріне, жақсы істеріне қанық болып, қуанғанға не жетсін! Онсызда шиеліліктер «Жаңақорғанда өйтеді екен, сөйтіп жатыр екен» деп таңырқай жататындары да өтірік емес. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Әсіресе, олардың ардагерлеріне арналған құрмет «Алланың нұры жаусынмен» аяқталады. Әйелдері де үлкендерінің алдынан кесе көлденең өтпей, бір ауыз сөзіне тоқтайды. Егер салыстырмалы түрде қарасақ екі ауданның шалдары арасында қалай болсын жаңақорғандық ақсақалдар бәсекелестікте алда тұр. Оны мойындауымыз керек. Қоғамда тәртіп болмаса, үлкендерді тыңдай білмесек, елде елдік болмайды.
Ауданда соңғы жылдары билік басындағы кісілерді алаңдататын жағдай орын алғандай. Сонда Сыр маржаны атанған Шиелі ауданын бес-алты әйел, келіндеріміз, бәлки қарындастарымыз болар. Солар мазалай берулері керек пе? Бұл дегеніңіз жақсылыққа апармайды. Шынымен тарыққан болса, көмектесіп, жұмысқа орналас­тырып, кәсіп ашып, аналардың да тілін табуға болады және солай жасалып та жатыр. Бірақ байбаламға салып, елдің мазасын алып жүрген келіншектердің көздегені басқа дүние ме деген ойға келдік. 1995-2000 жылдар аралығында, қиын кезеңде әйелдердің талап-тілектеріне түсіністікпен қарағанымыз шындық. Ал бүгінге не жорық? Ол кезең мен бүгінгі заманның арасы жер мен көктей. Кез келген адам еңбек етсе, бәрі бар. Тәртіп жоқ жерде осындай келеңсіздер бола беретіні заңдылық. Өткен жолы да жазып едім. Аудан әкімі ақшаны қайдан тауып береді? Бюджеттен бе? Жанқалтасынан ба? Аты-жөні жоқ алақан жаю ұят нәрсе. Хәкім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей демеп пе еді? Осындайда аудандық қоғамдық кеңес, сонымен қатар әйелдер кеңесі, ардагерлер кеңесі қайда? Елге сыйлы, халықтың алдында жүрген аузы дуалы ақсақалдарымыз тарапынан елдің берекесін алған әйелдерге «Мыналарың ұят, ел-жұртқа күлкі болмай ақылға келіңдер» деп тоқтау сөздерін айтпай ма?
Ауданға жаңа келген әкім «Мына үрдісті кім шығарған? Әйелдер әдетке айналдырыпты ғой» демей ме? Біз әр келген жаңа әкімнен ауданға пайдалы, тың жаңалықтар, зор үміт күтпейміз бе? Бұрын мақтаныш ететін Шиеліміздің жолы да, тазалығы да, көгалдандыруы да, абаттандыруы да, идеологиясы да артта қалып бара жатыр. Бұрындары Шиеліні мақтай келетін қонақтар енді «Мыналарың не?» дейтінді шығарды. Рас, бұл да нарықтағы бәсекелестік заңы. Оған ешқандай ренжуге болмайды. «Қасымханның қасқа жолы» дегендей, Нұрлыбектің нұрлы жолымен келе жатқанымызға да біраз болды. Қоғамға өзгеріс қажет. Әйтпесе, дамымай, сол баяғы қалыппен жүре береміз. Көршілес Жаңақорғанға жол тартсаңыз, жатқан идеология, ұлттық нақыш. Кент көшелері, ауылға бара жатқан жолдар бойына барынша нақыл сөздер, ақыл сөздер, мақал-мәтелдер, ана тіліміз туралы, дініміз жайлы жазылып қойған қанатты сөздерді оқып, тәнті боласың. Көп нәрсені ұғынасың. Бізде ше? Біз бәсекелестіктен айырылып қалғандаймыз. Көбімізге «бәрібір» сияқты болып кеткен. Расында, мақтанып-мақтанып болдық. Шиеліге әрбір тұрғынның жаны ашуы тиіс.
Көктем келді. Есік алдына, көшемізге көшет отырғызып, ауламызды тазартып, қорамызды ретке келтірсек бізге біреу қой дей ме? Бәсекелес аудандар әлдеқашан дамып, өркендеп, алға түсіп кетті. Себеп, бәсекелестік – тәртіпке бағынудың, баюдың, өркениетті ел болудың алғы шарты. Бос сөз айтып, бостан бос жүру емес. Бәсекелестік – елдің бірлігін, ынтымағын сақтап, елдің еңсесін көтеру. Шиелінің атына сай туын жықпау. Сол үшін еңбек етіп, тер төгу.


Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
21 наурыз 2020 ж. 1 239 0