Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жарылқасынның жарқын бейнесі

Жарылқасынның жарқын бейнесі

1995 жылдың күзі болатын. Зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстан босамайтын әкем Әзімхан Исмаил «Ертең түске үйге кел. Қонақтар болады» деді де қойды. Осы жылдың наурыз айында аудан әкімі И.Әбибуллаев шақырып, «Жолдас Исмаилов, қазір елімізде жекешелендіру басталып жатыр. «Қазақстанның ХХХ жылдығы» атындағы совхоздың директоры қызметін басқа жұмысқа ауыстырып жатыр. Өлара уақыттан аман-есен өтіп, ел-жұртты сақтап қалу үшін ақылдаса келе саған тоқтап, өзіңе сенім білдіріп отырмыз. Ертең ауылда жалпы жиналыс, соған дайын бол. Сайлансаң сайландың, сайланбасаң қызметің бар» деп шорт кесті.

Аудандық ішкі істер бөлімінде паспорт столының бастығы болып қызмет ететінмін. Оның үстіне үш күн бұрын ғана милиция подполковнигі шенін алып, көңілім тасып жүрген кезім. Әкімнің сөзін екі етуге болмайды. Сонымен бір сәтте формамды директорлыққа ауыстырып шыға келдім. Ауылдағы басшының қарбалас шағын білетін әкемнің «қолым тимеді деп, келмей қалма» деген ескертпесі шығар. Ертесіне Бала биден Шиелідегі үйге келдім. Көзіме бес-алты кісі көрінді. Төрде маңдайы жарқырап, күле сөйлеп әкемнің құрдасы, Жаңақорғандағы №53 Л.Романов атындағы мектепте бірге оқыған досы, бұрынғы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов отыр екен. Бәрімен амандасып шықтым. Тағы таныған кісім Ғафур Мұхамеджанов болды. Қалған кісілерді танымадым. Қонақтарға қызмет көрсете жүріп ішке кірсем, Исатай ағай бойшаң келген сымбатты жігітті менің әкеме таныстырып жатыр екен. Сол тұста әкем ел ағасы атанып, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқаратын. Көп ұзамай жаңағы сымбатты жігіт Жарылқасын Тұрабаев қазан айында Шиелі ауданының әкімі болып келді. Жарылқасынмен таныстығымыз да егіс даласында болды. «Арайда» жер айдап жатқанбыз. Сол жерге жаңа аудан әкімі келіп тұр. Ауылдарға тұңғыш іс-сапарын біздің Бала би ауылынан бас­тапты. Таныса келе Жарылқасын Ташкент қаласындағы политехникалық институтта менің сыныптас досым Тұрдыбай Бұланбаевпен бірге оқыған болып шықты. Жайсаң жігітпен таныстығымыз достыққа ұласып, сыйлас­тығымыз арта түсті. Осының алдында ғана Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысының әкімі болып тағайындалған болатын. Желтоқсан айында Ж.Тұрабаев хабарласып: Облыс әкімі Б.Сапарбаев алғаш Шиелі ауданына іс-сапармен келеді. Шекарадан күтіп алып, сендердің шопандарыңды аралатып көрсетейік. Дайындал. Шопаныңның үйін көр. Үйі жылы ма? Көмірі бар ма? Не жетпейді, маған айт, – деді. Шекараға жақын орналасқан «Құрақбай тамында» озат шопан аталып жүрген, ісіне мығым Шадыман Құдайбергенов деген ағамыз тұратын. Барып, сөйлесіп, облыс әкімінің келетінін ескерттім. «Келсін, келсін, қонақтың келгені жақсы, бәрі бар, жетеді, бір-ақ үйде көмір жоқ» деп қарап тұр. Жоқшылық, тапшылық уақыт қой. Амалсыздан көмір мәселесін аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаевқа айттым. Ертесіне 18-ші бекет тұсындағы шопан үйінің есігі алдында үш тонна көмір жатты. Облыс әкімін күтіп алдық. Шопанның үйі ып-ыстық. Ішкі бөлмеге енген Бердібек Мәшбекұлы терезе терлеп тұр екен деп саусағымен түртіп қалса, әйнек емес, сыртынан целофан қағып қойыпты, соған саусағы кіріп кетті. Б.Сапарбаев «Тұрабаев мырза, мынау не? Шиеліде әйнек жоқ па?» деп еді, Жарылқасын аяқастынан «Беке, олай емес, кешіріңіз, шопандар бұл үйде уақытша тұрады. Ертең көктеуге, жайлауға көшіп кетеді. Егер терезеге әйнек салсақ, бостан-бос қалып, біреулер сындырып тастайды. Сондықтан осындай әдіс қолданамыз» деп, қонақтарды да, облыс әкімін де ду күлдірді. Тапқырлық танытқан Жарылқасынның арқасында облыс әкімі одан әрі бірнеше шопанды аралап көріп, ауданның жаңа әкіміне қызметте сәттілік тілеп, Қызылорда шаһарына аттанып кетті. Жарылқасын жолай «Екеумізді құдай сақтап қалды, шопандардың анандай әдісін мен де білмейді екенмін» деп басын шайқады. Сол жылы Елбасы Н.Назарбаев Алматы қаласында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің республикалық семинар-кеңесін өткізді. Жиынға ауданнан аудандық астық тарату базасының директоры Тұрсынхан Әлімбетов, «Алғабас» ауылының төрағасы Шәйзат Қалымбетов және Бала би ауылынан мен баратын болдық. Тұрсынхан Шәйзат екеумізді Алматы вокзалында күтіп алып, қонақ үйге апарды. Жарылқасын жарқылдап алдымыздан шыға келіп, көңіл-күйінің көтеріңкі екенін білдірді. «Мен әкіммін» деп шіреніп тұрған жоқ, өте қарапайым, сөмкемізді көтерісіп, бөлмемізге дейін барды. «Тұрсынхан үшеуің осында жатасыңдар, әлі уақыт бар екен, біз Тамара екеуміз Бішкекке барып келеміз. Кешке осында жолығамыз» деп, шығып кетті. Уәдесінде тұрды. Бірақ өзі ғана келді. «Тамара төркінін қатты сағыныпты» дей салып, «Мен ағаларыма қызмет етейін» деп, «ұлық болсаң – кішік болға» басты. Жарылқасын бізді сөзге шешендігімен, жан-жақты білімділігімен, көпті көргендігімен, жаны да, ары да таза, пейілі періште, аңқылдаған көңілімен, келісті еркекке тән келбетімен, баяғының батырындай қайсарлығымен, ерекше адам ретінде бау­рап алды. Шіркін, ағаң да, інің де, досың да, әкімің де, басшың да осындай болса, «жақсы адам – Алланың нұры» дегендей ойға қалдым. Бұл – Жарылқасынның жаратылысы. Аудан әкімі Ж.Тұрабаев «сақалды құрылысқа» айналған орталық мешітті қолға алды. Айналасын көгертуге кірісті. Маған хабарласып: Бір «КАМАЗ» көлігін мініп кел, Шымкент қаласына барып, туя ағашының көшеттерін алып келеміз. Тұрсынхан бір тонна ақ күріш береді, соны машинаңа тиеп ал, кешке жолға шығамыз, – деді. Мен қасыма есепші қызметкерін, қарулы, спортшы досым Амантай Пермахановты ертіп алдым. Оным дұрыс болған екен, Шымкенттің дендропаркінен көшеттерді – Амантай екеуміз қазып алып, «КАМАЗ-ға» тиедік. Сол туялар қазір орталық мешіт алдына көрік беріп, жайқалып өсіп тұр. Осы мешітке ұжым басқармасының келісімімен Бала би ЖШС-гі атынан біз бес түйе бердік. Алланың үйіне қосқан үлесіміз, көмегіміз болсын дедік. Бірде аудан әкімі өзіне шақырып, «Аудан орталығын абаттандырайық, көріктендірейік, сен эстетиканы оқыдың ғой, орынбасарым бол, көшелерді реттейік, аркалар соғайық, субұрқақтар салайық» – деді. Еліміз үшін өте ауыр кез еді. Жалақы, жәрдемақы, зейнетақы дегендерің айлап кешігетін уақ. Әкімдіктің мәжіліс залына күніге жүздеп әйелдер жиналады. Жақаң әйелдерді тыныштандырып, «Ал енді сіздермен менің орынбасарым Өркен Әзімханұлы мен қызметкерім Ақкенже Тәстенова айналысады. Не керек, айтыңыздар. Жазып алады. Сосын маған әкеледі» деп, жылы сөйлеп, сыпайылық танытып, шығып кетеді. Әйелдердің «жындары» басылып, бізге сәлде болса, жеңілдік туып қалатын. Жақаң дым ашуланбайтын. Бірден сөз тауып кетіп, айқайлап жарылайын деп тұрған талай адуын әйелдерді күлдіріп, «Апажаным-ау» деп құшағына алатын. Ол үнемі халықпен бірге болды. Олармен санасты. Керек болса базарда көлік үстінде тұрып, әйелдерге ұн да таратты. Кешке қарай кәсіпкерлерден сұрап алған қап-қап күрішті тұрмысы төмен отбасыларына Жарылқасын, Ақкенже үшеуміз апарып беріп жүрдік. Бұл да сол кездің басқа салған қиыншылығы еді. Оны аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев қасқайып тұрып қарсы алды. Аудан халқымен бірігіп, тіл табысып, ақыр соңы жеңіп шықты. Осындай іскерлігімен, ұйым­дас­тырушылық қабілетімен, шаруаның ыңғайын білетіндігімен көзге түсіп, Шиелі халқының сеніміне ие болып, алғысына, құрметіне бөлене білді. Ол әкім болған бес жылда аудан тұрғындарының атын жаттап алды десем артық болмас, ауылдарға барғанда балаларға дейін атын атап таңқалдыратын. Есте сақтау қабылеті айрықша болатын. Болашақты ғажайып болжайтын. Қиялына анау-мынаулардың өресі жетпейтін. Қызылордадан «зейнетке шыққан» «АН-24» самолетін алдыртып, аудандық мәдениет үйі алдына қойғызды. «Біздің келешек балаларымыз ұшақтың не екенін білуі керек» дегенді айтты. Қызылордадан екі архитектор жігітті алдырып, қастарына мені қосып, «ГРП-23» мекемесінің гаражында он күн ұстап, қаңылтырдан үлкен етіп, «Шиелі қаласы» деп жазу даярлатты. «Жақа, бұл не?» дегенімізге «Шиелі – қала, қала болуға лайық, сөйтіп жазып қояйық, бәрібір қала болады» деп, ақыры батыс теміржол өткелі маңына «Шиелі қаласын» тұғырға қондырды.
Жаңалыққа жаны құмар еді. Өмірге құштар еді. Ақша жоқ, тапшылық заманда кент орталығына екі субұрқақ, төрт-бес арка тұрғызды. Оқшы атада үлкен ас берді. Түркі әлемінің көсемі Мұстафа Шоқайдың алып тұлғасын алаңға орнатты. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевты Шиелінің бизнес-инкобаторымен таныстырып, ризашылығын алды. Ол бар күш-жігерін Шиелі ауданын жақсартуға, өркендетуге, дамытуға, гүлдетуге арнады. Қазақстанның белгілі ақын-жазушылары Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Қалтай Мұхамеджанов, Темірхан Медетпеков, Мұхаметжан Рүстемовтерді, бұлбұл әнші Роза Бағланованы т.б. қабылдап, өзінің қазақ өнеріне деген құрметін көрсетіп отырды. Милиция генералы Құлмағанбет Қалменовке Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағын беріп, жақсы сыйластықта болды. Әкім Ж.Тұрабаев алдына кірген адамдармен орнынан тұрып амандасатын. Аудан ардагерлерін төбесіне көтеретін, олар кабинетіне бас сұға қалса, есік алдына дейін келіп сәлем беретін. Кім болса, ол болсын. Бойындағы ізет пен ізгілігін, жанашырлығы мен бауырмалдығын, адамдарды тек қана жақсы көре алатындығын еріксіз сездіретін. Сол кезде ойлаушы едім, «Жақаңның дұшпаны жоқ шығар» деп. Қаттырақ сөз айтып қалса, артынша «екеуміз другпыз ғой, сен оған ренжіме» деп қоя салатын. Егін жинау науқаны кезінде таңғы сағат төртте келіп оятатын. «Ерте тұрған келіннің ырысы артық-ты» айта кіретін үйге. Ауылдардың қырмандарын аралаймыз. Бір түйір кісілік, әкімдік жасамайды. Есік алдында тұрып, кесемен айран ішіп алып, «кеттік» деп жүре береді.
Мен Бала биде төраға болып жүргенде де қымыран дәметкен емес. Анда-санда үйге келгенде «Ой-хой, қымыран, Өзбекстандағы қазақтар шұбат дейді бұны» деп, сүйсіне ішетін. Жақаң Шымкент қаласына ауысқанда телефонмен хабарласып тұрдық. Кентау қаласының әкімі болғанда артынан іздеп барып сәлем бердік. Ол соңғы рет біздің үйге 2015 жылы қазан айында соқты, «Казатомпром ҰАҚ ЖАҚ ОҚО филиалының директорымын» деді. Жұбайым Рая «Қазанға ет саламын» деген еді, «Асығыспын, уақытым аз, қазір тау жақтағы скважиналарды түгел аралап шығып, Шымкентке жетуім керек. Рая, онанда маған сары майға жұмыртқа қуырып берсең болды» дегесін, айтқаны орындалды. Қасында Жамалхан ­Баетов ағамыз бен інісі №270 Ғ.Мұхамеджанов атындағы мектептің директоры Мұрат Тұрабаев бар. Шәй ішіп болған соң мен Жарылқасын досыма әкем Ә.Исмаил туралы жазған «Өмірі – өнеге, еңбегі – дастан» атты кітабымды сыйладым. Әңгіме шертіп біраз отырдық. Жақаң есік алдына қоштасып тұрып, «Өркен досым, біраз жыл қызметтес болдық. Халыққа жақсы болсын деп шамамыз келгенше еңбек еттік. Бәрін өзің білесің, енді сол жайлы мынандай кітап жаз. Демеушің өзім боламын. Қош боп тұрыңдар!» деп кете барды. Тәңірдің берері мен алары, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретіндей 2016 жылдың қаңтар айының басында 2 аудан, 1 қала әкімі болып қызмет істеген, Шиелі ауданы мен Кентау қаласының «Құрметті азаматы» Жарылқасын досымыз дүниеден өтті деген суық хабарды естідік. Жаңақорғандағы «Алты ата» мешітіндегі жаназасына да, Шиелі ауданы халқы мен басшылары өткізген қырық күндік асына да, Шымкент қаласында өткен жылдық асына да қатысып, адал, абзал досқа Құран бағыштап, артында қалған Нәрзі анамызға, сүйген жары Тамара мен қыздары Жанар мен Ақмаралға, немерелеріне көңіл айттық. Алланың ісіне шара бар ма?
Жарылқасын Тұрабаев 1952 жылы нау­рыз айының 22 күні Жаңақорған ауданы, «Бірлік» совхозында дүниеге келген. 1968 жылы №51 Жаңақорған орта мектебін бітіріп, әскер қатарында болады. 1972 жылы Ташкент полтехникалық институтының тау-кен-металлургия факультетіне қабылданып, инженер-металлург мамандығын алып шығады. Өндірістен қол үзбей, Г.Плеханов атындағы Ленинград тау-кен институтында инженер-горняк мамандығын да қоса алды. Ол Қырғызстан Рес­публикасы, Ош облысындағы Хайдархан металлургия зауытында еңбек жолын бастап, мастерліктен зауыт директорлығына дейін өседі. Туған еліне қызмет етуді аңсаған Ж.Тұрабаев 1992 жылы «Шалқия кеніші басқармасының директоры болып, Отанына оралады. 1995-2000 жылдары Шиелі ауданының әкімі, одан соң «Казатомпром» ҰАҚ ЖАҚ компаниясы «ОА» базасы филиалының бас инженері, Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі, Кентау қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарып, өмірінің соңына дейін еліне адал қызмет көрсетіп, зор беделге ие болды. Қайда жүрсе де елін өрге сүйреді. Біз оның талай куәсі болғанбыз. Ж.Тұрабаев өмірден сәл ертерек өтті. Өкініштісі де сол. Туу барда өлім хақ! Соған шүкіршілік жасаймыз. Оның дүниеден озғанына да төрт жылдың жүзі болыпты. Адал дос тірі болғанда 22 наурыз күні 68 жасын тойлап отырар еді. Шиеліге жарқырап келіп, ардагерлеріне сәлем беріп, достарына қуаныш сыйлап кетер ме еді? Жарылқасын Тұрабаевтай биік тұлғаның бейнесі көз алдымызда мәңгі сақталады. Жақаңның өмірі бөлекше, тағдыры өнегелі. Ол елмен етене араласты. Сабырлы мінезімен, имандылығымен, салиқалы ой-өрісімен, жарқын жүзімен Шиелі халқының сүйкімді де сүйікті азаматына айналды. Расында, Жақаңды Шиелі халқы жақсы көретін. Ол айтқандай кітап жазбасам да, оның жайнаған бейнесін еске алып, қызмет барысындағы шағын эпизодтарды сөз еттім. Жақаңның туған күніне орай үндемей қалу – достыққа, адамгершілікке жатпас дедім. Ол туралы әлі көп нәрсе айтылар да, жазылар.

Өркен Исмаил,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Шиелі ауданының «Құрметті азаматы»


17 наурыз 2020 ж. 723 0