Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруа қожалықтағы жердің қожасы кім?

Шаруа қожалықтағы жердің қожасы кім?

Жер мәселесі сөз болса кешегі Нағи Ілиясов ауылындағы даудың шеті шығады. «Мағжан және К» шаруа қожалығындағы жер үлесіне дивидент төлесін деген халықтың жан айқайы, Ұлттық сенім Кеңес мүшесі Мұхтар Тайжанның мәлімдемесі ауыл ішінде кішігірім бір дүмпудің болғанын аңғартады. Десе де бітімге келген ауылдың берекесі қаша қоймады. Ауруды емдегеннен, алдын алған оңай демекші, Шиелі ауданындағы шаруа қожалықтардың жай-күйін білгенді жөн санадық.

Ел сүйсініп, таңдай қаққан Нағи Ілиясов ауылының көркіне көз тоймайды. Ол – Қызылорда қаласынан 50 шақырым қашықтықта, аудан орталығы Тереңөзек кентінің оңтүстік-шығысында Шіркейлі каналының жағасында орналасқан елді мекен. Қалаға бергісіз көрікті мекеннің гүлденуіне септігін тигізген А.Ералиевты бүгінде кім білмейді? Бас қақпасынан енгеннен сымбатты сәулетіне сай жарасымды «шағын қала» жаныңызға жайлылық сыйлайды. Сылдырлай аспанға атқан субұрқағы, Лондон төріндегі «Биг-Бен» мұнарасының көшірмесі, қатар тізілген үйлер, бәрі-бәрі көздің жауын алады. Бір кездері шаңы шығып жатқан ауылдың бұлай түрленуіне «Мағжан және К» шаруа қожалығының жемісті жұмысы мен табысы әсер етсе керек. Әңгімемізді әріден қозғап, Нағи Ілиясов ауылын бекерге тілге тиек етпедік. «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков ауыл тұрғындарына «Нағидай ауыл боламыз» деп уәде еткен болатын. Сол сөзінен таймай жаңа спорт кешенін салып, аудандағы ең үлкен мейрамхана «Авангард сарайын» тұрғызды. Ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз етудің де жолын тауып, қаржы бөлуде.
Көктем шығып, егінге дайындық басталды. Несібесін жерден табатын еңбеккерлердің қарбалас тірлігі қызады. Бүгінде 160-қа тарта адамды жұмыспен қамтып отырған «Ақмая» шаруа қожалығы 2015 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұған дейін «Шиелі Авангард» ЖШС деген атаумен жұмыс істеген қожалық қарызданып, БТА банкке 96 процент өтіп кетеді. Алайда, кепілде тұрған жердің қаржысы өтеліп босатылғандықтан, алаңдауға негіз жоқтығын айтты. Бұл істі ­бастамас бұрын анық-қанығын тексеріп, құжатты заңдастырған қожалық басшысы жер үлесі бар тұрғындарға дивидент төлеп отыр. «Шамамен 2300 гектар жердің 1400 гектарына күріш егіледі. Үлескерлердің жері ешқандай кепілге қойылмайды. Техниканың өзі арнайы қаражатпен алынады. Қалаған уақытта жерін алам деген тұрғынның тілегін орындауға әзірміз. Барлығының құжаты бар» деді Д.Жұмбеков. Аталған қожалықтағы жұмысшылардың жалақысы уақытылы беріледі. Оған қоса қорада мал ұстаймын дегенді жем-шөппен қамтамасыз етіп, күрішті де арзан бағада береді.
Бүгінде ауданда жұмысы жанданып тұрған шаруа қожалықтың бірі – «Төңкеріс К» ЖШС. ­Бауыржан Көпеев басшылық жасайтын бұл қожалық 2014 жылы құрылған. 3000 гектар жердің 1000 гектарын күріштікке арнаған қожалықта 115 адам жұмыс істейді. Шаруа қожалық басшысының сөзіне сүйенсек, жер үлесі бар адамдарға жем-шөп, күріш беріліп тұрады.
Сонымен қатар жұмысшыларға да базар бағасынан төмен ақыда өнімдер беріледі. Мүмкіндік болса жәрдем сұрап, жағдай айтқаннан да көмек қолын аямайды. «Жер мәселесі жеңіл қарайтын дүние емес. Сондықтан құжаттардың реті де заңға сәйкес. Тек үлескерлердің келісімімен ғана техниканы лезингке аламыз» дейді Б.Көпеев. Сөзіміз дәйекті болуы үшін үлескер Ғазиз Өтепбергеновтың пікірін ескергенді жөн көрдік. «Бұл шаруа қожалықта күрішші болып жұмыс істеймін. Жер үлесім үшін қорадағы төрт түлікке қажетті жем-шөп пен күріш алып отырамын. Ер адам үйдің асыраушысы болғандықтан, тұрмысқа қажетті дүниенің бәрі едәуір көмек болады», – дейді ол. Ал енді бағамдап қарасақ, шаруа қожалықтар игеріп отырған жер халықтікі. Дегенмен бос жатқаннан ел игіліне жарап, бір ауылды жұмыспен қамтып отырған шаруа қожалықтың да халыққа берері бар.

P/S: Желіде желдей ескен жер дауы жайында сөз басында айтқан болатынбыз. Тек облыста емес, республикаға жеткен түйіткілдің түйіні тарқады. Осыдан соң шаруа қожалықтар да етек-жеңін жиып, үлескерлер құжатқа ұқыптылық таныта бастағандай. Ал өндірісі өркендеген бұл өңірдің ауызбіршілігі ыдырамай, күріштен тау тұрғызуға білек сыбана кіріскені көңілімізді көншітті. Ауру-сырқаудан аман, дау-дамайдан алшақ болайық, ағайын.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ



17 наурыз 2020 ж. 446 0