Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақылы онлайн байқаудың балаға берері бар ма?

Ақылы онлайн байқаудың балаға берері бар ма?

Күн сайын­ жаһанданудың жаңалықтарына таң қалып, таңданудамыз. Түрлі техниканы да смарт жүйемен басқаратын сәт таяу. Сондықтан болар білім саласында да өзгерістер көбейіп, жаңашылдыққа бағытталуда. Педагогтың да мәртебесі артып, жалақысы көтерілді. Сондай-ақ иноватор ұстаздардың жетістіктері, шәкірттерінің байқаудан алған жүлделері де ел аузында. Оның барлығын интернет арқылы әлеуметтік желілерден байқап отырамыз.

Ғаламтордың ғаламаты сол екен. Бүгінгі таңда ақылы қашықтықтан өткізілетін онлайн байқаулардың дәурені жүріп тұр. Ақысын көрсетілген төлем картасына аударып, байқау шартында көрсетілген тақырыпты таңдау арқылы өз туындысын электронды поштаға жолдаса болғаны. Одан әрі межелі уақыт жеткенде оқушы мен жетекшісіне арнайы алғыс хат жолданады. Ақысын төлеген оқушының ешбірі елеусіз қалмайды. Десе де байқау дегенде кіл үздіктер жиналып, бақ сынайтын сәттер елестейді көзімізге. Иә, әр өңірден озық шыққан білімділер басқа қалаға жол жүріп, небір жүйріктердің өнерін көріп, ой өрісін дамытып әрі тәжірибе жинақтап қайтатын еді. Шын жүйрікті шабысынан танитын әділқазы алқасы да төрелігін көпшілік алдында айтып, мықтысы оза шығатын.
Үйде отырып-ақ сан түрлі қызметті саусақпен түрту арқылы тәмәмдауға болады. Сол секілді онлайн байқаудың да бір тиімділігі жол шығынын азайтады. Бұл тақырып төңірегінде аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Ақпанбетовпен тілдескен болатынбыз.
– Биыл елімізде бірнеше айтулы мерейтой мен даталарды атап өту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Абай Құнанбайұлының – 175, Әбу-Насыр әл-Фарабидің – 1150, Алтын Орданың – 750 жылдығы. Одан бөлек биыл Ұлы Жеңіске – 75 жыл, Конституцияға – 25 жыл және Қазақстан халқы ассамблеясына – 25 жыл толады. Осы мерекелер қарсаңында жер-жерде түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырылуда. Содан болар, ақылы онлайн байқаулар да көбейіп кетті. Алайда, жақында ғана мектеп тарапынан мұндай байқауларды өткізуге болмайтындығы жөнінде хат келді. Тек ата-ана өзі қалап, ақылы сайыстарға қатыстырмаса, білім бөлімінен оған шектеу қойылды. Тек оқушыларға тиімді, анық, сенімді байқауларды ғана ұсынамыз, – деді білім бөлімінің маманы.
Көшеге шыға қалсақ диплом ұстаған оқушылардың қарасы қалыңдағанын байқаймыз. Мектепте де бір сыныптың жартысына жуығы осындай марапаттарды иеленіп жатқан-ды. Ал оның оқушыларға берер пайдасы бар ма? Бұл туралы №46 А.Пушкин атындағы мектеп лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айзат Жүсіповадан сұрағанды жөн көрдік.
– Мектепте түрлі іс-шара, апталық байқау жиі ұйымдастырылады. Дегенмен оқушылардың республикалық қашықтықтан өткізілетін байқауларға қатысуға деген сұранысы жоғары. Мәселен, «Атадан қалған асыл сөз», «Әже әлдиі», «Ұстаз – ұлы тұлға» тақырыбында эссе дайындаған шәкірттердің жұмысын сканерлеп, электронды поштаға жолдаған болатынмын. Бұл тұрғыда ата-ананың рөлі басым. Баласының байқауға қатысқанын қалап, жәрдем сұраған соң көмек беріп отырамыз. Бұл баланың да ынтасын оятады деп ойлаймын. Әрі ұстаздардың да біліктілік санатына оң нәтижесін беріп жатса қуанамыз, – деді.
Баланың шығармашылығы артып, ізденуге құлшынысы оянып жатса құба-құп, әрине. Дегенмен интернетті бас пайдасына жаратып жүрген алаяқтардың алдауына түсіп қалмайық. Әсіресе, баласы бәйге алса қуаныштан жер-көкке сыймайтын ата-ана үшін білім бөлімі растаған, белгілі байқауларды таңдағаны абзал. Балам қатарынан қалмасын деп қаптаған ақылы байқаудың қымбатына емес, берері мол, үйретері барын байқап, сараптап көргендеріңіз жөн-ақ.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ


11 наурыз 2020 ж. 393 0