ШАҚАЛАҚ НЕГЕ ШЕТІНЕЙДІ?
Ауданда 38 мыңнан аса нәзікжанды болса, оның 16315-і туу жасындағы әйелдер. Өткен жылы 1791 ана сәбиін дүниеге алып келген болатын. Ал 2018 жылы босанған аналар 1811-ді құрады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Шиелі ауданы бойынша балалар саны 27 мыңға жуықтаған. Ол халық санының 34,7 процентін құрап отыр.
Әрине, құрсақ көтеру, дүниеге сәби әкелу – ешнәрсемен тең келмейтін керемет құбылыс. Халық санының көбеюі қоғам үшін де, мемлекет үшін де маңызды дүние. Дана қазақ «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деп ежелден ұрпақ жалғастыру мәселесіне ерекше қараған. Атақты шешен Досай би Бәйгелұлының бала санына қатысты «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар. Екі баласы бардың болар-болмас халі бар. Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар. Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар. Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар. Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар көрі бар. Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар. Он баласы бардың орда бұзар қолы бар» деген өнегелі сөзі де әлі күнге ел аузында. Иә, қазақ қашаннан дүниенің байлығы мен мәнін сау-саналы ұрпағымен өлшеген халық. Баланың көп болғаны жақсы-ақ, әрине, егер денсаулығы қалыпты болса.
Бұлай дейтініміз, бүгінгі күннің басты мәселелерінің бірі – жыл өткен сайын сәбидің шетінеу көрсеткіші артып барады. Мәселен, 2018 жылы шағын ғана ауданның өзінде 15 сәби өлімі тіркелсе, былтыр шетінеген бала саны 17-ге жетіп отыр. Көрсеткіш бір жасқа дейінгі сәбилерге ғана қатысты. Бұл аудан үшін орны толмас қасірет.
– Шетінеген сәбидің бесеуі перинатальды зақымданудан көз жұмды. Яғни жатыр суының өзгеруі, тұншығу, оттегінің жетіспеуі секілді жағдайлар себеп. Ал екі нәресте туабітті ақаудың әсерінен, үшеуі орталық жүйке жүйесінің зақымдануынан шетінеген. Сондай-ақ инфекциялық, пневмония, сепсис (қан ауруы) секілді дерттерден бір сәби көз жұмды. Осы ретте аналарды жүктілікті алдын ала жоспарлап, денсаулығына бей-жай қарамауға шақырамыз. Тәуекелдің соңы үлкен қайғылы оқиғамен аяқталуы әбден мүмкін. Сондықтан, әр адам, әсіресе босану жасындағы әйелдер уақытылы дәрігерге көрініп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны дұрыс, – дейді аудандық емхананың бас дәрігері Индира Дәрібаева.
Денсаулық сақтау саласы дамыған сайын қауіпті ауру-сырқау мен адам шығыны да қоса артып бара жатыр ма дерсіз? Өйткені, соңғы уақытта ел естімеген емі жоқ түрлі дертті жиі құлағымыз шалатын болған. Ал сәбидің дүние есігін ашпай жатып, ажал құшуының жиілеуіне не себеп? Әрине, бұл ретте анасының да денсаулығы маңызды. Дені сау ана ғана сау ұрпақты дүниеге әкелетіні анық. Адамның амандығы үшін дәрігерлердің де жауапкершілігі жоғары. Адам сырқаттанып, «жаны мұрнының ұшына келгенде» дауа іздеп, дәрігердің аман алып қалатынынан үміттенеді. Сол үміттің үзілмей, сенімнің ақталуы ақ халаттылар үшін үлкен абырой.
Өткен жолы аудан әкімінің есебіне қатысқан облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Шиелі ауданында сәби өлімі бірінші орында тұрғанын айтып, денсаулық сақтау саласына серпін қажеттігін ескерткен болатын.
Жалпы сәби өліміне қатысты себеп көп. Бірақ бізге себеп емес, алдын алу маңызды. Ана мен бала өлімінің алдын алуда бәрінен бұрын, адамның өзіне және перзентіне деген жауапкершілігі үлкен рөл атқарады.
Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ