Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Адамға не жетпейді?

Адамға не жетпейді?

«Шежіреден заман озбас, озса да түбі тозбас» деген халық нақылын жете түсіне бермейтін сияқтымыз. басымызға сәл қиыншылық түссе, заманды кінәлап шығамыз. Негізі адам қоғамды емес, өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Өзінен адам ретінде есеп алуы ләзім.

Сіздің өміріңізге не жетіспейді деген сауалға көпшілік ойланбастан байлық, мансап, атақ деп сарнай жөнелері ақиқат.
Ал шын мәнінде пендеге Абай атамыз айтып кеткендей қанағат, сабыр, рақымшылық жетіспей жатады. Біз осы қасиеттерге зәру, мұқтаж жандармыз. Қанағат қарын тойғызады. Бақуатты адамдар байыған үстінен байи берсек деп ойлайды. Жақсылық, ізгілікті ұмытады көбі... Адам баласы рухани құндылықты бірінші орынға қойғанда ғана көңілі тынышталады.

Біз қай кезде бақыттымыз?
Әсілінде, адамға тірі жүргенінен артық бақыт болмауы керек қой. Жаратқанның адам баласы үшін берген сансыз нығметтеріне лайық өмір сүрсек, байлық деген сол емес пе? Бірақ пенделікке салып, тіршілікте көп нәрсенің байыбына бара бермейтініміз өкінішті. Егер біз түсінсек, бақыт денсаулығы жақсы, ата-анасы бар, сабырлы адамның көркем мінезі дер едім...
Мен мектепте өзін-өзі тану пәнінің мұғалімімін. Алла берген өмірмен, ата-ана берген тәрбиемен, қоғамның қолдауымен, жүректегі мейіріммен еліміздің болашақ ұрпағына тәрбие-білім беріп келемін. Осы орайда мен «Өзін-өзі тану» пәні нағыз өзекті сабақ екендігін баса айтқым келеді. Адам жан дүниесін тануда үлкен рөл атқаратынын мойындауымыз керек.
Әр адамның бойына жетіспей жататын рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, адами қасиеттерін дамытуға ұстаз ретінде бар күшімізді жұмсап келеміз.
Бүгінгі күннің ең басты проблемасы – виртуалды әлемге тәуелділік екені рас. Әсіресе, жастардың смартфоннан бас алмай, бар қажетін ғаламтордан табатын деңгейге жеттік.Сондықтан жасөспірімдерді «робот» етпей, ата-бабадан келе жатқан рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттап, жаңғыртуымыз керек. Олар – ақиқат, сүйіспеншілік, дұрыс әрекет, ішкі тыныштық, қиянат жасамау. Міне, осы қасиеттер бойында бар кез келген тұлғаны «толық адам» деп тануымызға әбден болады.

Адам – қоғамның нұры
Әрбір ата-ана мен мектептегі ұстаздардың басты мақсаты осы қоғамның болашақ нұрларын жарқырату, шарықтатуға жетелеу болуы керек. Ақиқатты сүйіспеншілікпен бойына сіңірген болашақ ұрпақ, әрқашан дұрыс әрекеттер жасап, ішкі тыныштығын, яғни сабырлық сақтап, ешкімге ешқашан қиянат жасамайды.

Жанна Бакирова
10 шілде 2020 ж. 1 093 0