Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жадтан жазуға дейін

Жадтан жазуға дейін



Ең бірінші жазуды ойлап тапқан кімдер екенінен, тасқа қашап жазған жанның қандай мамандықты меңгергенінен хабарыңыз бар ма? Жоқ болса, төмендегі қызықты деректерге назар аударыңыз.

Алғашқы қауымдық құрылыстан кейін адамзат баласы бірте-бірте ауыл шарушылығы саласы мен жер өңдеу кәсібін жолға қойғаны белгілі. Әдепкіде топтасып өмір сүріп, шағын қалалар мен патшалықтар құрылып, өзара заңдар қалыптаса бастаған соң, оның барлығы адам жадына сақталуы мүмкін болмады. Сақтаған күннің өзінде адам санадағы құнды мәліметтер мен шежірелерді көшіріп алу қиындай түсті. Адам қиялы желден жүйрік, құстан ұшқыр болғаннан кейін, келесі буынға берілу жолында оған өзгерістер еніп, кейбір деректер бұрмалана бастады. Дәл осы кезде адамзат баласы құнды мәліметтердің барлығын өзгеріссіз келесі ұрпаққа қалдыру жолын қарастырды.
Бұл мәселені тұңғыш рет Оңтүстік Месопотамияны мекендеген шумерлер шешті. Онда аңызақ лебі есіп, күн сәулесі күйдірген, құнарлы көң мен тыңайған егін бітік шығып, өркендеген қалалар бой көтерді. Тұрғындар саны қарыштай өсіп, олардың іс-әрекетін үйлестіру жолында ақпарат ауқымы да кеңейе түсті. Осылайша біздің заманымызға дейінгі 3500-3000 жылдар аралығында жазуды аты-жөні белгісіз шумерлік ойлап тапты. Сол арқылы шумерліктер адам миының мүмкіндігіне қойылған шектеулерден құтылды.

«Көшім» деген кім екен?

Күн сайын әлемнің әр түкпірінен әлеуметтік желілерге, оның ішінде: «Facebook» пен «Twitter»және «Instagram» парақшаларына миллиардтан астам адам түрлі бағытта жазу қалдырады. Бірі күнделікті өмір салтын жазса, екіншісі ас мәзірін, ақыл-кеңестерін, күлкілі оқиғалар мен аты шулы мәселелерді ғаламдық деңгейде талқылайды. Олардың арасында мектептегі мұғалім мен желінің ұңғыл-шұңғылына үңілген блогер, дәрігер мен құрылысшы, журналист пен қарапайым адамдар да белгілі мәселерді талқылап отырады.
Дәл осы тұста мамандықтарды да бекерден-бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Осынау ұлы маман иелері ішінде ең бірінші қандай мамандық иесі тасқа қолтаңбасын қалдырды деп ойлайсыз? Жазушы да, ақын да емес, ол – бухгалтер екен.
Әлем ғалымдары ежелгі Урук қаласынан б.з.д. 3400-3000 жылдары шаруашылық барысы жазылған тақтайша тапты. Мұнда сол ежелгі шумер тілінде «Көшім» деген сөз бар. «Көшім» сөзі, осы салықты қабылдаушы шенеуніктің лауазымын да, атын да білдіруі мүмкін. Бұл оның есімі болса, Көшім – тарихта аты қалған алғашқы адам. Бір ескерерлік жайт, тарихтағы тұңғыш жазбаны осылайша ауыл шаруашылығына қатысты өнімнің цифрын қалдыру мақсатында бухгалтер жазған екен.
Жоғарыда атап өткен шумерлер таңбалардың екі түрін пайдаланып, қыш тақталарға үшкір заттармен ойып жазды. Кей таңбалар: 1, 10, 60, 600, 3600 және 36000 сандары арқылы көрінді. Дәл сол алты еселі жүйенің кейбір элементтерін пайдаланып, тәулікті 24 сағатқа, шеңберді 360 градусқа бөлуді солардан үйрендік. Сол цифрлардың кейбірін адамдар, жануарлар, тауарлар, жер аумағы түрінде таңбалады. Осынау екі түрлі таңбаларды үйлестіре отырып, шумерлер адам миына немесе ДНҚ тізбегіне сиятын ақпараттан гөрі көп мәлімет сақтай білді.
Осынау жазу машығы бастапқы кезеңде сандармен және деректермен сақталды. Сол кездегі адамдар қашап жазудың өзіне қыруар уақытын арнаған. Оқырман қарасы аз болғандықтан есепшіліктен басқа ешкімнің уақыт шығындағысы келмеген. 5000 жыл өткеннен кейін әлгі бабалардың жазуына үңілсек кез келген адамның көңілі құлазып қалатыны айтпаса да түсінікті. Себебі, бізге жеткен жазбалардың бірінде тек қана: «29086 өлшем арпа, 37 ай, Көшім» дейді.Сірә бұны «37 айдың ішінде 29086 қадақ арпа түсті. Қол қоюшы: Көшім» деп түсінеміз. Өкінішке қарай, бізге жеткен алғашқы жазуда философия да, поэзия да, өсиет те, тіпті заң баптары мен патша жеңісі туралы хабарлама да жоқ екен.

Қилы бағыттағы қиын тақырып

Мұнан кейінгі «жазу» тарихының жолы өте терең һәм күрделі. Латын әліпбиі мен иероглифтер, брайль қарпі мен төте жазу, руна мен кириллица, парсы мен араб қаріптерінің өзіндік даму жолы, қилы тарихы бар. Адамдардың өмір сүру ортасы және өркениетіне қарай қилы бағытта қалыптасты.
Айталық, Андт өркениеті өзінің жазу дәстүрінің шектеулі екеніне қарамастан толық емес жазу жүйесін пайдаланып өтті. Сол дәуірдегі кипудың көмегімен, яғни түйінхат жүйесімен сақтады.
Б.з.д. 3000-2500 жылдар аралығында жазудың шумер жүйесі біз қазір «сына жазу» деп атайтын толық жүйеге жеткенге дейін біртіндеп жаңа таңбалармен молая берді. Б.з.д. 2500 жылдың ортасында патшалар әліпби жарлық шығару үшін сына жазуды пайдаланды. Абыздар көреген ойларын қаттап, тіпті қатардағы азаматтар да хат жазыса бастады. Тарихшылардың дерегінше, сол дәуірдегі мысырлықтар төл әліпбиі иероглифтік жазу үлгісін енгізді. Жазудың басқа толық жүйелері Қытайда шамамен б.з.д 1200 жыл, Орталық Америкада б.з.д.1000-500 жылдар шамасында дамыды.
Түрлі өркениеттер мен орталықтардан жазу мәдениеті толыға түсіп, жаңа пішімге еніп, әрқилы міндеттерге бейімделе отырып, жер-жаһанға таралды. Халықтар өлең-жырлар, тарихи хикаялар, романдар мен болжамдар жаза бастады.

Қазақ даласында қалай пайда болды?

Дәл осы жазу мәдениетіне келгенде қазақ даласындағы жазу өнерінің қалыптасуын айтпай кетуге болмас. Түбімізді түркілерден түгендейтін біздің бүгінгі жазу мәдениетіміздің де басынан түрлі дүмпулер өтті. Солардың алғашқысы – көне түркі жазуы. Оны Орхон-Енесей жазуы деп те атайды.
Егіз қозыдай тең аталатын Орхон мен Енесей өзендерінің бойынан табылған жазулардың алғашқысы зерттеушілерге Орхон бойынан кезіккен. Бұларды кейде руник жазбасы дейді.
Осы ретте оқырманға түсінікті болуы үшін Азиялық және алман руналары болып бөлінетінін де айта кеткен жөн. Әйтсе де екеуінің кейбір нышандар кескіні дәл келіп, дауысты мағынасы да жақын. Азиялық түркі руналары байырғы соғды жазуының негізінде жасалынған деп есептелінеді.
Көне Түркі жазуының құпиясын 1892 жылы ашқан даниялық ғалым Вильгельм Томсен болатын. Кейін оларды орыс түркітанушылары аударып, көп зерттеді. Оған XX ғасырда Түркі елдерінің ғалымдары – татар, өзбек, түрік, қазақ, әзірбайжан зерттеушілері қосылды. Кейде “руна (руникалық) жазулары” деп аталады. Оның себебі жазудың құпиясы ашылмай тұрғанда, бұл жазулар бір қарағанда ежелгі скандинавия халықтарының жазбаларына ұқсайды екен. Алайда ғылыми зерттеулер Түркі жазулары екенін анықтады. Томсен ең алғаш рет “Түрік” және “Теңрі” сөздерінен бастап оқыпты.
Зерттеушілердің мәліметінше, бұл жазулардың жалпы көлемі ұзақ. Қазіргі өлшеммен алғанда орта көлемдегі кітапты құрайды. Көптеген тарихи, мәдени, саяси деректер сол кездегі халықтың өмірінен, таным-түсінігінен, дүниетанымы мен салт-дәстүрінен хабар береді. Тарихи оқиғалар тізбегі Ұлы қағандардың жорықтары жыраулық-жорықтық үлгідегі әдемі, көркем тілмен баяндалған. Сондықтан көптеген зерттеушілер оларды көркем шығармаларға жатқызады. Жазбаларды Көне Түркілер мен Көк Түркілер дәуіріндегі болған оқиғалар сипатталып, жағырапиялық атаулар, сол кездегі тайпалардың атаулары мен орналасу, таралу аймағы көрінеді. Өкініштісі nүркі жазба ескерткіштері манихейшіл Ұйғыр қағандығы кезінде аяусыз қиратылған.
Жоғарыда атап өткен көне түркі жазуларының сыртқы түрі бізге тасқа қашалған түрде, «баспа әріптері» ретінде жетті. Алғаш көрген адам бұл жазуларды бір қарағанда қазақ руларының таңбаларына ұқсатты. Яғни жазуларда қазақ руларының таңбаларына ұқсайтын бейнелер мол болған. Мысалы, «жебе таңбалар», «ай таңбалар», «тұмар таңбалар», «көз таңбалар» құралған.
Қазақ жазу өнерінің алтын бастауы Орхон-Енесей бойынан табылған әйгілі Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк құлпытастарындағы жазбалар көк түркі тілінде тәпсірленген.
Осынау көне түркі жазулары негізінен VI-X ғасырлар аралығында Ұлы Түркі, Көк Түркі , Хазар қағандығы кезінде қолданылған. Моңғолия-Сібір далаларынан Тибет жеріне дейін және Еуропадағы Венгрия, Чувашия аймақтарына дейін кездесіп отырады. Көне Түркі жазуларының орнына далалыққа көне Ұйғыр жазулары келді. Бұларды кейде манихей жазулары деп атайды. Оның таралуы Манихей дінінің үстемдігіне байланысты болды. Кейін бұларды Ислам дінінің ықпалымен енген Араб жазулары ығыстырып шығарды. Бүгінде Араб жазуларының орнына қазіргі Түркі халықтары Латын және Кирилл әліпбилерін қолданып келеді.

Есет ТАБЫНБАЕВ

16 ақпан 2020 ж. 618 0