Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атаға жете туған ер Әйеке

Атаға жете туған ер Әйеке

Әйеке Бекежанұлының 180 жылдығына орай (1839-40 – 1884-85)
Сонау Арқадан келіп, Сыр өңіріне қоныстанған түп бабамыз Отарбайдан Сүйіндік, Сүйіндіктен Әнди, Дәнди, Нышан, Бекежан деген ұлдарынан тараған ұрпақтардың барлығы дерлік Қызылорда облысының Шиелі атырабына қоныстанып, Әйекені «Бекежан әулеті» дейді. Бекежаннан тараған Қожамбет, Бәйімбет, Әйтікей, Әйеке, Асан, Үсен, Қонақбай, Алыпқаш атты ұлдар мен Ботагөз деген қызы болған. Мен Әйеке бабамен үшінші атадан қосыламын.

Алпыс жылдан асқан өмірдің қызықты, шырғалаң жолдарындағы қилы-қилы уақиғаларды, адамдардың аттарын, атауларды есте сақтау қиын екендігі кімге де болса аян. Бұл жағынан маған көмекші болған Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының және Қазақстан Республикасының ­Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан ­Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, өнер зерттеуші марқұм М.Рүстемовтің күнделіктері мен тарихи деректерін арқау еттім.
Ендеше бабам Әйеке туралы ел аузындағы және тарихи деректерге тоқталайын.
Патшалық Ресей жаулап алған Қазақ жеріндегі ірі елді мекендерде орыс-бұратана мектептерін аша ­бастады. Сондай мектеп Сырдария өзенінің бойындағы Жөлек қамалында да ашылып, Бекежан өзінің баласы Әйекені сол мектепке оқытады. Жөлек болысы (Қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданы сол болыстыққа қараған) найман Бектастың үстінен оязға көп арыздар түсіп, ол орнынан алынады да, оның орнына по-назначению, яғни сайланбай ұзын аққан Сыр бойының Перовскіге дейінгі аймағына Жөлектің волостной правителі Әйеке Бекежанұлы болыс болады.
Бекежан қартайып, науқастанып, өмірінің ақырғы сәттерінің таянғанын сезді ме, әлі де есі барда көңілге түйгендерін айтамын деді ме, балаларын шақырып, ақыл кеңесін айтып, соңында:
– Балаларым, біздің ата қонысымыз Арқада.Атақты Ағыбай батыр бастаған шұбыртпалылар Балқаш көлінің маңындағы Ақтау, Қызылтау, Тайатқаншұнақ аймағында. Соларға сендерді апарып, таныстырамын ғой деп жүр едім. Оған жете алмадым. Менің де өлшеулі күндерім бітуге таяу. Әйеке өзің бас болып, Ағыбай ағаңа сәлем беріп қайт. Тату болыңдар, ағайын тату болса, құт, алауыздығы – жұт. Осы естеріңде болсын, – дейді.
– Әке, айтқан ақылыңызға рақмет. Амандық болса айтқаныңызды орындаймын, – деді Әйеке. Бекежанның бұл өмірдегі нәпақасы таусылып, қара жер қойнауынан мәңгілік орнын алып, жылын көңілдегідей өткізген соң, Әйеке Арқаға баруға дайындалып, қасына ағалары Қожамбет, Бәйімбетті, Асан мен Үсенді, бауырлары Бисүгір, Қыпшақбай, Қарқынбай, інісі Алыпқашты, елдегі беделді-беделді билерді, ру басыларын ертіп жолға сәрсенбінің сәтінде шығады. Ағыбай алыстан адасқан қозысын құшақ жая қарсы алып, інісінің ажар-көркіне, ақсұңқар сипатына, ізеттілігіне, инабаттылығына көңілі толып, шаттанады.
Әйекелер бұрын көрмеген қандас-туыстарының біріне қонып, біріне түстеніп, біраз күн сейіл-серуен құрып, сағыныш сазын басқан соң елге қайтуға рұқсат сұрап, ағасын, жақсы мен жайсаңдарын келесі жазға қонаққа шақырады. Ағыбай:
– Әйекежан, ертең жолға шыққалы отырсыңдар. Арзан – өтірік, қымбат – шындық. Өтірік көлгірсіп, сөзімді арзандатқым келмейді. Сондықтан шын пейілімді айтайын. Сенің жанарыңның отты шоқ, ойлы, парасатты, тиянақты іс бітіретін, маңдайың кере қарыс, иманжүзді екендігінен, күндердің күнінде бір бөрінің жемі болып кетпес пе екенсің. Сен Қыпшақтың бағлан қозысың ғой, кез келген күні сойып жеп қоя ма деп қорқамын. Ол елде де сен тұр мен атайын дейтін небір апайтөстер табылар. Олардың шалмасына кім кепіл?! Елге оралып, ата қонысыңның құты болып қосылсаң қайтеді?» – дегенде, Әйеке:
– Аға, берген бағаңызға, тілегіңізге рақмет.Ілгеріде Қазыбек би ағамыз Бертіс биге «Бір бала атаға жете туады, бір бала атадан өте туады, бір бала атадан кейін кете туады» деген екен. Мені соның қайсысына жатқызатыныңызды өзіңіз білерсіз. Өз ойым атаға жете тудым ау деп ойлаймын (себебі, әкесі Бекежан Түркістан жерінде кезінде 15 жыл болыс болып ұлғайған шағында Сыр бойына қоныс аударып, Жөлек бекінісін мекен етеді). Әйекенің атаға жете тудым-ау деуі содан болар. Қазір екі аяғымды нық басып тұрмын. Аз да болса таразының бір басында салмағымыз жеңіл емес. Алтынның азда болса салмағы ауыр. «Мың қарғаға бір кесек» деген емес пе?! Сол елге сіңісіп кеттік, екі үйінің бірі маған арнап малын сойып қазан көтереді. Жатта да бір үйің болсын деген сөз бар ғой. Жылы орнымды суытпай-ақ қояйын, аға, – дейді.
Осы кезде сол топтағы бірге барған Қыпшақ Бөрібай тоқпақтың қабағы түнеріп, Әйекеге жалт қарап, көзі шатынап, барлық қаны бетіне шыққандай болып, бірақ тіс жарып, ләм-мим демей отырды. Не де болса барлығы ішінде қалды.
– «Қалқам, сені солай сөйлетіп тұрған астыңдағы тағың, басыңдағы бағың. Мың асқанға бір тосқан, байқа, бауырым. Қазыбек ағаның былай толғағанын есіңнен шығарма». «Өркенің өссін десең, кекшіл болма, кесапаты тиер еліне, елім өссін десең, өршіл болма, өскеніңді өшіресің онда. ­Бастарына іс түскенде пақырларға қастық қылма, қайғысы көшер басыңа. Жанашыры жоқ жарлыға жәрдемші бол асыға, қиын-қыстау кездерде өзі келеді қасыңа, бүгін сағың сынды деп жақыныңды басынба», – деген екен.
Адамды екі нәрсе қартайтпайды: бірі – жақсы мінез, екіншісі – жақсы сөз. Мінезіңе айтар сөзім болмас, тек аузыңнан жақсы сөздер шықсын. Қолыңды жай бата берейін деп былай бата берген екен Әйеке інісіне:
– «Басыңа қонған бақыт тұғырлы болсын. Адам байлыққа тоймайды. Ол да ащы судай кермек, қанша ішсең де сусының қанбайды.
Ынсап сайын береке. Ағайынға жағамын десең қазанды, халыққа жағамын десең-әділ бол. Құдайдың ең сүйіктісі де, ең жақсы адамы да әділ әкім. Жұрттан ізгілік тілесең, ізгілі болғайсың. Жақсылармен достассаң, олардың жақсылық тілегі таусылмайды. Өмірің ұзақ, аймағың суат, сөзің халқыңа қуат болсын» деп Ағыбай батыр бата берген екен.
Ағыбай Әйекеге еріп келгендерге бір-бір жорға жетектетіп, шапандар жауып, Әйекеге қосымша қасқыр ішік кигізіп, елдегі Сүйіндік батыр ұрпақтарына түйе бастаған төрт тоғыз айдатып, оларды бір көш жерге шығарып салады.
Жолай Бөрібай тоқпақтың салы суға кеткендей болып, жүрісі өнбей топтан қала береді.
– Ау, Бөке, сізге не болды? Науқастанып қалған жоқсыз ба? – деді Әйеке таяныңқырап.
– Саумын деуге аузым бармайды, Әйеке, шырағым. Сен кеше «Мың қарғаға бір кесек» дедің ғой, сол кесек менің атымды кібіртіктетіп жүргізбей келе жатқаны.
– Ой, Бөке-ай, сол сөздерді көңіліңізге ауыр алып қалыпсыз-ау. Көңілімде ешқандай арамдық болған жоқ деп жуып-шайғанмен ол жібімей.
– Ағынды су аққан сайын өрлейді, ақпайтын су жатқан сайын сасиды деп жүрген шығарсың. Ағысы қатты, жойқын өзеннің алдынан да оқпан шығар кезі болар. Сен біздерді елдің байғұсы, қу тамақтан басқа қайғысы жоқ десең, көп – күшті. Көк иірім су қатты демекпін. Құдай кешегі көлді бүгін тақыр етемін десе қолында. Қыпшақ – ен далада шалқып жатқан ел. Көп қарғаға қоса қырқып түсер қыраны, бүріп кетер бүркіті, қырғи мен лашындары, байтақ даласында алып түсер арыстаны, бөлтірігін еріткен бөрілері де мол. Солардың біріне кезігіп қалмасыңа кім кепіл, Әйекежан?
– Бөке, осыншалықты намысқа тиер сөз айттым деп ойламаппын. Іні қателігін бір жолға кешіріңіз, – дегенмен Бөрібай «кештім» демей, «мейлі» дегеннен әрі бармады.
Айтылған сөз – атылған оқ, оны қайтып ұңғысына сала алмайсың. Осы әңгіме ушықталып, Тұрсынбай датқаның әулетіне жетіп, бықсыған шоқты үрлей түседі.
Тартоғайдың күн батыс жағындағы хан құмында жер дауы болып, Әйеке Қыпшақтың Тұяқты атасынан тараған Әлке, Досан, Қозы, Бәйбіше, Соқпан руларының игі жақсыларымен, Әлмәмбетпен мәмілесіп, дауды наурыз айының басындағы сәрсенбіде Хан құмында жиналып шешпек болып келіседі. Әйеке уәделі күнге адамдарымен келсе, Әлмәмбет белден басып дауды шешіпті: Әйеке ызғарлы үнменен:
– Әлеке, мұның қалай? Байласқан уәде қайда? Мына жиналғандар сенің көркіңді көргелі келді деймісің? – дегенде. Әлмәмбет:
– Сенсіз де таңымыз атып, тауығымыз шақырған ел болатынбыз. Өзім-ақ шештім, басымды аласың ба сол үшін? – деді өктем.
Осы оқиғадан кейін дау ушығып, аяғы Әйекенің мерт болуымен бітеді. Ағыбай Әйекенің оққа ұшып, опат болғанын естіп, қол жинап, інімнің құнын төлеттіремін, – деп келгенде жоқтауды естіп, оны жазған қыпшақтың ақыны Бұдабай екенін біліп:
– Інімді бір қыпшақ өлтірсе, екінші қыпшақ тірілтіпті. Қыпшақ еліне дауым жоқ. Екі ел арасында қан төгіс болмасын, – деп кері қайтыпты. Не деген ақылдылық, не деген мәрттік!
Жоқтауды Әйекенің қарындасы Ботагөз және атақты халық ақыны, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері Нартай Бекежановтың анасы Бақтыгүл айтқан.

Енді сол жоқтаудан үзінді

Бір бізге емес бар еді,
Орта жүзге керегің.
Көлеңкелеп отырған,
Құлады халқым тірегің.
Бұл күндегі адамнан,
Артық туған ер едің.
Ай батқандай қылдың да,
Адастырып жөнедің.
Артыңда қалған көп жұртың,
Иесіз қалар демедің.
Ақылың көп болса да,
Аз ғана болды көмегің.
Ішіңе сымай қабынды,
Қайратың мен өнерің.
Өрге жүзген наһандай
Өнеріңнен не көрдің?
Ақырында ажалға,
Қайратың болды себебің,
Айналайын, көкежан,
Қараның болдың қанындай,
Қарайғанды ықтаттың,
Қамысқа түскен жалындай.
Орта жүздің көркі едің,
Қоңыраулы бұйра нарындай.


Әшімхан Оспанов,
ҚР Мәдениет қайраткері

28 қаңтар 2020 ж. 569 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (9195)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930