Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалаулымның қалағаны қырқыстыру ма?

Қалаулымның қалағаны қырқыстыру ма?


Бала күнімізде бейіт жанынан «қияметқайым жақын, қияметқайым жақын» деп күбірлеп өтетінбіз. Бала би ауылының Батыс жағында, құм арасында «қырық кепе» деп аталатын үлкен мола бар. «Молаға қарай саусағыңды шошайтпа», «Өлі разы болмай, тірі байымайды», «Бейіт басында күлме, қатты сөйлеме, айғайлама», «Шошайтқан саусағыңды тістеу керек» деген өсиет сөздерді сол кезде көп еститінбіз. Біздер есек сатымен отын (сексеуіл) таситын, қоржынмен томаша теңдеп қайтатын жолымыз осы «қырық кепені» қақ жаратын. Жалғыз жүрсең үрей пайда болып, жаяу жүрсек жүгіріп, есек мінсек, осы жерден «ықылап» шауып өтуге тырысатынбыз.

«Қырық кепеде» аталарымыз, туыстарымыз, ағайындарымыз жерленгенін білсек те, «молада шайтан бар», «түнде келе жатып біреу ақ киімді шалды көріпті, әруақтар түн мезгілінде ұйықтамайды екен, солар шығар» деп зәремізді алып қойған. Бірақ жол біреу-ақ. Қайтсең де сол арамен жүресің. Ауылдың егіндік жерлері де моланың үстінен әрі орналасқан. «Жүніс әулие», «Мортық», «Тартоғай көпірі» маңы көктем шыға колхозшылардың егіс алқабына айналатын. Оған автокөлікпен, трактор тележкасымен жүздеген адам шұбап барып жатады. Ауылда инженер болып істейтін бір ағамыз бейітке жақындағаннан бастап машинасының терезелерін тас қылып жауып алып, үлкен жылдамдықпен зу ете қалады екен. Ағаларымыз сөйтіп жүрсе, бізге не жорық деп, есектерімізді қинайтынымыз содан болар. Әйтеуір бойымызды бір қорқыныш билеп алған. Бұл не сонда? Шайтан ба, сенім бе? Балалық қорқақтық па? Не де болса, жастық шағымыздағы үлкендердің, әке-шешелеріміздің тәрбиесі, батасы, тілегі, өсиеті арқасында бейіттен бастап, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, қадірлеуді үйреніп өстік. Соған қуанамын. Сол кезден бойымызға имандылық ұялады. Діннің не екенін білмесек те, өзіміздің мұсылман екенімізді білдік. Кеңес заманында атеист те болдық. Құдай бар деуге аузымыз бармады, шындығында барғызбады. Ол сыннан да жаңылмай өттік.
Елімізде тәуелсіздік күні туғанда өмірге қайта келгендей болдық. Тіліміз кесіліп, дініміз бұғақталған шақта бодандықтан босап, егемендікке қол жеткіздік. Сол жылы Құран Кәрім де қолымызға тиді. Қазақ халқы үшін жабылып қалған бетперденің барлығы сусып, көзіміз шайдай ашылды. Ұлтшылдықты арқалап азапқа түскен Алаштың ардақты ұлдары ақталып, ортамызға келді. Жазықсыз жазаланған қазақ зиялылары туралы ақиқат-шындықты біліп, олар туралы жазылған мақалалар мен кітаптарды оқыдық. Санамыз ояна бастады. Қазақ халқының тарихын теріс айтқан жылдар менің замандастарымның да өкініші десем болады. «Ойпыр-ай» десеңізші, мектепте ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлын жағымсыз кейіпкер ретінде оқытты емес пе? Бүгінде шындық әділет құрып, оның, Құнанбайдың жағымды образдары айтыла бас­тады. Ислам халқының мейірімді орталығы саналған Меккеде Алланың үйі – мешіт салдырып, Құнанбай қазақтың атын тарихқа жазып кеткен кісі екен. Бай болса да сонша жерге барып, ақылсыз адам мешіт соға ма? Тарих көмбесінің ашылмаған құпия сырлары қаншама?! Ұлы ақын Абайдың әкесі де ұлы адам болғанға ұқсайды. Текті әулеттің айналасы, ұрпақтарының ешқайсысы тектіліктен құралақан еместігін тарих дәлелдеп кетті емес пе? Абай хакімнің ұлдарын, Шәкәрімді қайда қоямыз? Мұхтар Әуезовсіз Абайдың, Абайсыз Мұхтардың болмайтыны сияқты, Құнанбайсыз Абайдың болмайтыны ақиқат нәрсе. Ендеше ұлылық ұлы адамдардан бастау алатыны анық.
Өмірде, тіршілікте қай сала болсын өзіңше бір ой білдіргің келіп талпынсаң, оны Абай ақын әлдеқашан айтып кеткен, жазып қойған болып шығады. Құран Кәрімде басталар сүре Ислам дінінің негізі болған үш ұлы мәселені қамтиды деп көрсетілген. Бірінші –Алла тағаланы бүкіл әлемнің жаратушысы әрі тәрбиешісі деп білу. Екіншісі – қиямет күніне әрі онда жақсылық-жамандық өлшеніп, күнәға қарай жаза болатынына сену. Үшінші – екі дүниеде де жүзі жарқын болуы әрі тура жолдан таймауы үшін Аллаға сыйынып жүруді үнемі естен шығармау. Сондықтан да бұл сүрені Мұхаммед пайғамбар Құранның анасы (негізі) деп атаған екен. Біздің бала күнімізде «қияметқайым жақын» деп айтып жүргеніміз Ислам дінінің екінші мәселесі екен ғой. Күнәға белшеңнен бату да осында. Анау жасында «Е, Алла, біліп және білмей қалып істеген күнәларымды кешіре гөр» деп, егде тартқанда Құдайға жалбарынатынымыз содан-ау деймін. Құранда «Бата сөзі – фатиха» – дейді. Мұхаммед пайғамбардан бас­тап үмбеттеріне, сахабаларына ақыл-кеңес, өсиет айтып, бата беріп отырған. Қазақтың «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген данышпандығы соның айғағы. Ал өсиет айту – әрбір ізгі ниетті мұсылманның басқаларға айтатын нақыл-насихаты немесе өмірден өтерде артындағыларға айтатын, тапсыратын аманаты, соңғы сөзі деуімізге болады. Әрине, қазіргі телеарналарды бермейтін жартылай жалаңаш, ашық-шашық киінетін әнші қыздарымыз бен бет-ауыздары мен көздерін бояп, құлақтарына сырға тағып жүрген «қызтеке» ұлдарымызға, «не істесемде, не айтсам да өзім білемін» деп білгішсінетін «Qalaylum live» бағдарламасындағы жастарға не айтуға болады? Үш сағат бойы бір-бірімен дауласып, ішінара төбелесіп алатын хабар жұрттың тек уақытын алуда. Бұл қандай махаббат? Қазақтың қай қызы күйеу іздеп, қай қариясы жар іздеп миллиондаған халық көретін эфирге шығып еді? Арабтың бір жігіті қазақтың екі қызын масқаралап ойынға айналдырып отырғаны. Осы екі қыздың біреуінің «Мен үшін жігіттің қандай ұлт болғаны маңызды емес» деуі, өз ұлтын аяқасты етуі, құрметтемеуі, сыйламауы оның нанымсыз екендігін білдірмей ме? Ол қыздардың әке-шешелері жоқ па? Бар болса, қайда қарап отыр? Арбаға таңылған мүгедек жас қызға әкесінен де үлкен 69 жастағы ақсақалдың көңіл білдіріп келуі жарасымды ма? Ұят қайда, ар қайда? Ана байғұс болмаған соң, «Мен әлі қызбын» деп жылады. Шал сосын барып қойды. Осындағы екі өзбек жігітіне ерік беріп қойғандай. Қазақ тіліндегі бағдарламада олар орысша сөйлеп, кейде қазақша-орысша сөйлеп былапыт жасауын бір қояр емес. Біз бағдарламадан шынайы махаббатты байқамадық. Соңғы кездері төбелес алаңына, айтыс-тартыс, жұдырықтасуға, бірін-бірі алдап-арбап жүргендерге арналған шоуды доғару керек-ау өзі. Бүйтіп қазақтың ұл-қыздарын мазақ қылуға жол бермеу керек. Қазақ елінің мақтанышына айналған қазақ тілді орыс қызы Маяны осындай әдепсіз бағдарламаны жүргізуіне өз басым қимаймын. Қазақтардың дау-дамайына ол да таңғалып жүрген шығар. Бұл қандай тәрбие, үлгі-өнеге?! Түсінбедік. Сонша музыкант тұрып, шет елдің әуенін ың-шың-дың дей бергенше, Шәмші Қалдаяқовтың «Бақыт құшағында» т.б махаббат жайлы әндерін орындауға, тартуға, айтуға болмай ма? Осындай келеңсіз көріністерге кім бата береді? Сүйсінген, риза болған нәрселеріне халық арасындағы баталы, қазыналы қарттарымыз «Әлхамдының берекесін берсін» деп бата-тілек айтып отырады. Міне, сол Әлхамды Фатиха сүресі екен. Баталы, тілекті, өсиетті халық бола тұрып, жоғарыдағыдай жайттарға жол беруіміз, мемлекеттің өркениетті дамуына, иманды ұлт болып қалыптасуымызға селкеу түсіруі ықтимал. Алланың әмірімен қияметқайымдағы тозақ пен жәннаттың төріне тіршіліктегі іс-әрекетіне, күнәсіне қарай іріктегенде бірінші кезекте қыз күнінде ашық-шашық жүргендер тозақта жазаланатын көрінеді. Себеп, қыздар болашақ ана, келешек ұрпағымыздың анасы, ұлтымыздың анасы болу керек.
Әрине, оның бетін аулақ қылсын. Ислам дініміз әруақытта жақсылыққа бұйырып, жамандыққа тыйым айтып отырған. Расында, Алла тәкаппар пенделерді, мақтаншақ жандарды, жаман нәрселерге әуес адамдарды ұнатпайды. Аяғыңды аңдап бас, дауысыңды бәсеңдет, ешкімге дауыс көтерме деп өсиет еткен. Сонымен қатар мұсылман үмбетіндегі игі жақсылар, тұлғалар, билер, данышпан, дана кісілер артындағы ұрпақтарына, халқына, жалпы мұсылмандарға нақыл сөздерін, насихаттарын, терме-өлеңдерін қалдырған. Қазақтың үш биі – Төле, Қазыбек, Әйтекелердің шешендік сөздері, Бала би, Досбол датқалардың ұшқыр ойлары, ұлы Абайдың жастарға өсиет-тілектері, мысалы, «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге» т.б Шәкәрімнің «Халыққа еңбек қыл», Бұқар жыраудың, Шал ақынның, Майлықожаның, Тұрмағамбет пен Нартайдың өсиет-жырлары, Мөңке бидің көріпкелдігі өлең жолдары қазақ халқының өлмейтін сөзі, тозбайтын ақыл-нақылы болып қалды. Осыларды жастар, ұрпағымыз, ұл-қыздарымыз оқығанда ғана санасы оянып, тәртіпсіздікке, ар-ұяттан безуге,өз ұлтын мазақ етуге бармас еді деп ойлаймын. Меніңше, не кітап, не газет-журнал оқымайтын адамдардың ой-өрісі әрі қарай дамымай, ми қыртыстары семіп қалатын сияқты. Сонан да «Санасызға сан айтқанымен болмайды» деген сөзді жиі айтатын болдық. Санамыз жаңармаса, қиын-ау, өте қиын!


Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

25 қаңтар 2020 ж. 791 0