Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жасөспірімдер жолда жүру ережесін сақтай ма?

Жасөспірімдер жолда жүру ережесін сақтай ма?

Біз мектеп инспекторы ретінде жасөспірімдердің мектеп қабырғасынан тәртібі мен білімін қадағалаймыз. Жұма, сенбі күндері рейд жүргізіп, түнгі уақытта компьютер клубтарында, көшеде заңды өкілінсіз жүрген балалармен жұмыс істейміз.

Төменгі сынып оқушыларымен бөлек, жоғары сыныптармен арнайы әңгімелер жүргіземіз. Негізгі мақсатымыз – жасөспірімдердің амандығы, денсаулығы, жақсы оқуы, олардың не нәрседен болса да қауіпсіздігін сақтау. Қазір қыс мезгілі. Оқушылар ойын баласы. Оларды кез келген нәрсе қызықтырады. Жүріп бара жатқан автокөліктің артына жармасып, сырғанау да олар үшін бір қызық. Күн суық, жер тайғақта балаларды осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-аналармен де жұмыстар жүргіземіз. Жасөспірімдер жолда жүру ережесін сақтаулары тиіс. Келе жатқан көліктің алдынан жүгіріп өтпеу керек. Өйткені, жол тайғақ. Бала құлап қалуы мүмкін. Ал қатты жылдамдықпен жүйіткіп жүрген көлік тоқтай алмай немесе тежегіш істемей қалса, жол апаты болуы ықтимал. Оның үстіне көптеген көлік қысқы емес, жазғы тайғанақ дөңгелектермен жүруі әбден мүмкін. Біз сондай-ақ көлік жүргізушілерінің де назарын ереже сақтауға, жол белгілеріне қарап жүруді, мектеп тұсынан өткенде жылдамдықты азайтуға аударамыз. Интернет желісін ашып қарасаңыз да, теледидардан жаңалықтар тыңдасаңыз да күн құрғатпай орын алып жатқан жол көлік оқиғаларынан қаншама жасөспірімдер көз жұмып жатыр. Осындай апаттардың алдын алу жолы үйде ата-аналар, мектепте мұғалімдер, сынып жетекшілері, мектеп директорынының тәрбие жөніндегі орынбасарлары және мектеп инспекторлары болып, насихат жұмыстарын үнемі жүргізіп отыру. Оқушы жасөспірімдер де ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін біліп, тәрбиеге көніп, тәртіпке бас иіп өсулері керек. Орыс халқының ұлы педагогы В.Сухомлинский кәмелетке толмағандарға қаратып, «Егер өзіңді-өзің көндірмесең, өзіңнен-өзің қатал талап етпесең, жүз мұғалім қатар оқытса да сенен ештеңе шықпайды» деген екен. Оны естен шығаруға болмайды. Қысқасы, бала жақсылық пен жаманды, білімділік пен білімісіздікті түсінуі керек, біз оны түсіндіре білуіміз қажет. Меніңше, бала тәрбиесінің ең алғашқы мекені – отбасы. Оларға кішкентай кезінен берілген жүйелі тәрбие баланың болашақ өміріне үлкен әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн. Кәмелетке толмаған балалар көбіне әке-шешелерінің айтқанын мұғалімдерге, полиция инспекторларына қарағанда бұлжытпай тыңдап, ың-шыңсыз орындайтынын күнделікті қызметімізде аңғарып жатамыз. Ата-анаға деген бала махабаббатының болуы – өмір заңдылығы. Ал біз сол махаббатты жандандыратын ортақ күшпіз. Туасы бала тәрбиесінен жүрдім-бардым қарамауымыз керек.

Дарын Әзімхан,
аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны
18 қаңтар 2020 ж. 696 0