Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Дәрігерлер 4 ай өмірің қалды деді»: Яссауи кесенесіне барған әже қалай айығып кеткенін айтты

«Дәрігерлер 4 ай өмірің қалды деді»: Яссауи кесенесіне барған әже қалай айығып кеткенін айтты

Иассауи кесенесін кие тұтқан Орал тұрғыны Татьяна әжей өзінің сапары жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zamana.kz порталына сілтеме жасап.
Түлкібаста туған кейуана туған жерінің қасиетті екенін айтып, сөз қозғапты. 
"Түлкібас деген – қасиетті де киелі жер. Туған жерге, туған елге барып, мауқымды басып келе жатқан жайым бар, айналайындар. Өмір дегенің қамшының сабындай ғана қып-қысқа екен ғой, зу етіп өте шығады. Бір әттеген-айы, мен білетін кісілердің көбі бұл күнде бақилық болыпты. Бейіттеріне бардым. Дүние екі айналып келмейді екен. Қайғырып, қамыққанмен түк шықпайды", - деп бастады әңгімесін Татьяна әжей. 
Айтуынша, тұрмысқа шықпай тұрып ауырған әжейдің дертінің емін дәрігерлер таба алмай, 4-5 айдан кейін өледі деген диагноз қойып беріпті. 
"Тұрмысқа шығардан бірер жыл бұрын қатты ауырғанмын. Дерт мені алқымымнан алып, екі өкпемнен қысты. Жөтелгенде іртік-іртік қан түсетін аузымнан. Бір күні әкем үйге молда шақырып, дем салдырды. Ол кісі: «Бәрі де бір Алланың қолында. Дініміз бөлек болғанымен Құдай біреу. Ақылымды тыңдасаң, Түркістандағы Иассауи кесенесіне барып қайт», – деп кетті. Молда кеткен соң кәдімгідей жеңілдеп, өзімді жақсы сезіне бастағандай болдым"- дейді қария. 
Сөйтіп жүріп ауыр дертінің емін Түркістаннан тауыпты. 
"Содан бірнеше күннен соң Түркіс­тандағы Иассауи кесенесінің алдында тұрдым. Қабырғасына қолымды тигізіп, айнала жүріп келе жатқанмын. Бір заматта сөзбен айтып жеткізгісіз ерекше бір рахат сезімге бөлендім. Алдымен көзім қарауытып, жалт-жұлт еткен сан мыңдаған сәуле ойнағанын көрдім. Сосын алдымнан аппақ кеңістік ашылып, өзге бір әлемге еніп кеткендей болдым. Тура бір көкте ұшып бара жатқан сияқтымын. Есімді жисам, тізерлеп алып, еңіреп, ағыл-тегіл жылап отыр екенмін. Қанша жылағаным есімде жоқ. Әйтеуір бір кісілердің жаныма келіп, қолтықтап алып бара жатқаны еміс-еміс есімде. Міне, содан бері мені еш ауру мазалаған емес", - деп қосты Орал тұрғыны.
Бұған қоса кейуана Оралдағы көптен бері бала сүйе алмай жүрген көрші келіншектің Түркістанға барғаннан кейін құрсақты болғандығын жеткізді. 
"Ауылда отбасын құрғанына бірнеше жыл өтсе де бала сүйе алмай жүрген бір келіншек бар еді. Әлгі молданың осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын маған берген ақыл-кеңесін мен соған айттым. Ол мені тыңдап, Түркістанға барып, Иассауи кесенесінде болып қайтты. Бір жылдан соң әлгі келіншек дүниеге шекесі торсықтай ұл әкелді. Оның атын Богдан деп қойды. Богдан шапқылап, жүгіріп жүр қазір. Өзі сүп-сүйкімді. Оны көрген сайын: «Сенің атың Богдан емес, сенің атың – Құдайберген! Кудайбергенчик!» – деп күлемін қазір. Иә, Құдайдың құдіретінде шек болсайшы, шын сұрасаң бәрін береді", - деп аяқтады сөзін Татьяна әжей.
05 қаңтар 2020 ж. 554 0