Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шаңырақ» бірлікке шақырады

«Шаңырақ» бірлікке шақырады

Білім саласын ерекше назарға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, биыл Тамыз конференциясында осы саланы жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырмалар берген болатын. Осыған орай елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы жан-жақты талқыланып, мақұлданды. Шындығында мұғалімдердің мәртебесін арттыру – заман талабы десек те болады. Заңда көрсетілген талаптар орындалып жатса, мұғалімдердің де мәртебесі артып, мерейі үстем болары анық.

Мұнда ұстаздардың құқығын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, мұғалім қызметіне қоятын талаптарды күшейту, сондай-ақ материалдық ынталандыру мәселелері қарастырылған. Бұл дегеніміз ұстаздарға талап қоя ­отыр­­ып, олардан заң аясында ғана еңбекке араласуына ықпал етеді ­деген сөз.
Бала тәрбиелеудің методикалық әдістері сан алуан. Тек ол нәтижелі болуы тиіс. №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде оқушылар қауымдастығы «Шаңырақ» жобасын мектеп директорының орынбасары Гүлнәр Әбдіхалықованың ұйымдастыруымен өткізіп келеді. Оқушылар қауымдастығының мақсаты – бірыңғай топтар құрау арқылы оқушыларды ауызбіршілікке, біртұтастыққа бейімдеу, жоғарғы сынып пен төменгі сынып оқушылары арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастыру болып табылады. Қазақ елінің символына айналған шаңырақ – ата-бабаларымыздан келе жатқан бірліктің, ынтымақтың ажырамас көрінісі. «Шаңырақ» қауымдастығына екі сынып немесе үш сынып оқушылары біріктіріледі. (мысалы 5, 6, 7 және 8, 10 сондай-ақ 7, 9 сыныптар) «Шаңырақтың» өз аты, белгілері, ұраны бар. Мектеп-лицейге танымал болған 5 «Д», 6 «Ә», 7 «А» сынып оқушылары бірігіп, өз шаңырағына Социалистік Еңбек Ері, күрішші-механизатор Шырынкүл Қазанбаеваның есімін алған. Оқушылар қауымдастығының міндеті – оқушыларды салауатты бәсекелестікке баулу. Кішілерге үлкен топтардың басшылық етуі арқылы жоғары сынып оқушыларының бойында көшбасшылық қасиетін дамыту. Оқу жылы барысында «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы арасында әртүрлі жарыстар мен сайыстар (спорттық, зияткерлік, мәдени) өтіп тұрады. Әр қауымдастық жарысқа қатысқаны және жеңіске жеткені үшін ұпай жинақтайды. Ұпайды әділ қазылар алқасы береді. Оқу жылы соңында «Шаңырақ» қауымдастығының ең жоғарғы ұпайын жинап, жеңіске жеткен тобына «Өркен» кубогі беріліп, «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясына жолдама табыс етіледі. Ал тоқсандағы жетістіктері үшін оқушылардың әр қауымдастығы кино, театр, музей басқа да мәдени орталықтарға бару билеттерімен қамтамасыз етіледі. Жұмыс барысында аңғарғанымыз, «Шаңырақтың» көптеген артықшылығы бар. Оқушылар «Жергілікті қаламгермен кездесу» тақырыбында аудан айнасы «Өскен өңір» газетінің байырғы бас редакторы, ҚР журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», сазгер-әнші Өркен Исмаилмен кездесті. Өрекең өз өмір жолы, аудандық басылым жайлы оқушыларға әңгімелеп берді. Сондай-ақ оқушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Сазгердің «Шиелім» әнін орындаған 6 сынып оқушысы Айдәулет Бақытовке «Талабыңа нұр жаусын» деген ниетпен қолтаңбасын қалдырып, кітап сыйлады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы ретінде Өркен Исмаил мектеп оқушыларына 16 кітап, 80 дана «Тіл сақшысы» газетін әкеліп ­табыстады. Қаламгермен өткен кездесу олардың есінде ұзақ сақталатын болады. Сонымен «Мектептегі бір күнім» атты іс-шараға қатысқан Шырынкүл Қазанбаева атындағы топтың 6 сынып оқушысы Қарлығаш Қайрат әлеуметтік желіге салып, 5 минуттық видео-ролик көрсеткені үшін бас жүлде иегері атанып, кубок және «Алғыс хатпен» марапатталды. Жалпы «Шаңырақ» қауымдастығының оқушыларға берер тәлім-тәрбиесі мол.

Ақбөпе Тұрлыбаева,
№46 А.Пушкин атындағы
мектеп-лицейі

19 желтоқсан 2019 ж. 639 0