Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мерейі

Мұғалім мәртебесі – мемлекеттің мерейі


Ұстаздардың беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі саналады. Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты. Көктем, күз мезгілінде оқушыларды апта сайын сенбілікке апару, сайлауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарына, халық санағы кезінде үй аралап тізім жасау, жергілікті әкімдіктер тарапынан түрлі жиындарда залды толтыру үшін мұғалімдерді жұмсау және т.б. қосалқы тапсырмалар ұстаздардың уақытын алып, шаршатады.

Оған қоса ақпарат құралдарында мұғалімді балағаттау, жәбірлеу, ұру тәрізді оқиғалар жиілеп кетті. Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлердің төменгі балл жинағандары амалсыздан мұғалімдік мамандыққа баратын жағдайы да белгілі. Жалақының аздығынан, пәтер алу мүмкіндігінің шектеулігінен, мұғалім жұмысының қиындығынан және т.б. себептерден мектептерде ер мұғалімдер үлесі де азайған. Бұл мектептегі ұлдар тәрбиесіне, болашақ ер азаматтың мінез-құлқының батыл да жігерлі болып қалыптасуына зиянын тигізбей қоймайды.
Мұғалім беделінің түсуі оқушылардың білім сапасына ғана емес, кейбір пәндерден сабақ беретін ұстаздардың тапшылығына да әкелді. Ал, қазіргі бәсекеге толы дүниеде мұғалімдік қызметке барынша дарынды адамдарды тарту өмірлік қажеттілікке айналуда. Философтардың пайымдауынша, өткен ғасырдың 90-шы жылдары мен XXI ғасырдың басы жаңа заман болып табылады. Жаңа заман жаңа адамды дүниеге әкеледі. Ал, жаңа адамды тәрбиелеу, білім беру мектептен, мұғалімнен бастау алады. Елбасымыз осыдан бірнеше жыл бұрын айтқанындай, «жаңа формацияға жаңа педагог қажет» болуда. Жастар заманауи жаңа талаптар мен технологияларға сай білім алуға ұмтылуда.
Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауында білім беру ісіне, ұстаздар қауымына үнемі көңіл бөліп отыратыны көпшілікке мәлім. Оның өткен жылғы Жолдауындағы педагог мәртебесін көтеру туралы хабар тек ұстаздар қауымын ғана емес, барлық қоғам мүшелерін қуантты десе де болады. Өйткені, еліміздегі әрбір отбасы ерте ме, кеш пе мектеппен байланысты болады. Баласына білім мен тәрбие беретін мұғалімінің жалақысының аз, тұрмысының жұтаң болғанын ешкім де қаламайды. Нарықтық экономикаға көшкен тұста мұғалімнің әлеуметтік жағдайын көтеру кезек күттірмес маңызды мәселенің біріне айналды. Мұғалімнің мәртебесін жоғарылату ең алдымен оның материалдық жағдайын жақсартуға тікелей байланысты. Осы бағытта игілікті істер басталып та кетті. Ең бастысы, «Педагог мәртебесі туралы» заңның жобасы жасалды. Бұл құжатта педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін мен қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табатыны белгілі болды. Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға тартуды тоқтатуды тапсырды. Сонымен қатар, оларға еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатынын мәлімдеді. Білім сапасын арттыру мәселесін де ерекше айтты. Бұл заң мұғалімнің құқықтық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуын реттейтін болады. Сонымен бірге, мұғалімнің қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі де нақты айқындалатыны белгілі.
Бұл туралы өткен аптада «Арман» мәдениет үйінде өткен жиында кеңінен баяндалды. Ауданға парламент сенатының депутаттары Бекмырза Еламанов пен Мұрат Бақтиярұлы арнайы келіп, аудан ұстаздарымен кездескен болатын. Депутаттар үкіметтегі соңғы жаңалықтар, халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын арттыруға байланысты қабылданып жатқан заңдар жайлы баяндап, көпшіліктен ұсыныс-пікірін ашық айтуды сұрады.
Басқосудағы басты тақырып ұстаздар жайлы болды. «Мұғалімдерді 30 жылдық еңбек өтілімімен зейнетке шығару туралы заң қабылданады деген сыбыс шығып, қуанып қалып едік. Аяғы жалған боп шықты ма? Біздер алпысты алқымдағанша қаншама оқушыға сабақ беруге қауқарымыз жетпейді. Адам жасы ұлғайған соң, денсаулық та сыр бере бастайды. Ал, өз басын әрең алып жүрген адам қалай білім нәрін сеппек? Сондықтан, зейнетке ерте жастан шығарғанын қалаймын» деді, егде жастағы аудан ұстаздарының бірі. Мұғалімнің бұл ұсынысына М.Бақтиярұлы қуанышты жаңалықпен жауап берді:
– Жуырда қабылданғалы жатқан жаңа заңда бұл мәселе ескерілген. Сіз естіген әңгіме жалған емес. Заңда әр мұғалім өзінің университетте білім алған төрт жыл уақытын қоса есептегенде отыз жылдық еңбек өтілімімен зейнетке шыға алатын мүмкіндік қарастырылған. Алайда, жұмыс өтілі аз болған соң зейнетақысы да көп болмайды ғой. Сондықтан, зейнетке отыз жылдан соң шығады ма мүмкін әрі қарай жұмысын жалғастырғысы келетін шығар, оны әр ұстаздың өзі шешетін болады, – деді депутат.
Аудан басшысы Әшім Оразбекұлы жүргізіп отырған алқалы жиында мұғалімдерге қатысты бұдан өзге де бірқатар мәселелер төңірегінде сөз болып, көпшіліктің талқысына түсті. Облысқа қарасты барлық аудандарды аралап, қарапайым еңбек адамдарының мұң-мұқтажын жиып-теріп, қағазына түртіп жүрген депутаттар жиын барысында айтылған әр ұсыныс ескерусіз қалмай, тікелей билік басына жеткізілетінін айтты.
«Алты алаштың баласы бас қосқанда қадірлі орын – мұғалімдікі» деп Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтқандай, болашақта ұстаздарға көрсетілетін сый-құрмет ерекше болады деп сенеміз.

Гүлхан ЯХИЯ.
12 наурыз 2019 ж. 942 0