Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шежірелі мекен Шиелі

Шежірелі мекен Шиелі



«Тірлікте сені солай көрмесем де,
Еркелеп құшағыңа енбесем де.
Бала болып өзіңді арқа сүйеп,
Жабыққанда мұң шағып келмесем де».
Тәй-тәй басқан үйелмелі-сүйелмелі үш ұл. Мейірін қандырып ұлдарын сүйе алмаған әке. Небәрі 32 жасында бақилық болған жан. Жүрек жарды бұл сөздер – Тұрсын әке тағдырының анықтамасы. Ұлы Отан соғысына аттанғанға дейін аудандық комсомол комитетінің қызметкері болған әкем, елге мүгедек болып оралады. Келісімен ауыл мектептерінде мұғалім болады. Отанын қорғағанын, Шиелі үшін жасаған азғантай еңбегін асқар тауға бағалаған біздерге көңіл медеуіміз осы анықтамадағылар ғана.«Аялап мені, әке, тербеттің,
Қияға, биік шыңға өрлеттің.
Жинадың әке жаным біздер үшін,
Жақсылық жауһарларын жер мен көктің»
Ерен еңбектің айғағындай бұл сезім тірлікте көрген, құшағына енген әкемдей болған Жәлел Қонаев көкеме арналған. Көкеме арқа сүйеп жүргенім, мұң шағып келгенім ағайын-туыстарыма аян. Ол Геология Министрлігі қаржысы есебінен скважина құдықтарын салдырып, Сарысу өңірі Шиелі жайылымдарын суландырған жұмыстарға мұрындық болған еңбегі айтусыз-ақ, марапатсыз-ақ халық игілігіне жаратылғаны жарияланбай тұрған шындық.
Десе де өткен ғасырдың 70-ші жылдары ауданның іргелі шаруашылығы болған «Гигант» ұжымшарының мемлекеттік «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталуына, сол кезде осы ұжымның мал шаруашылығын басқарған Жәлел көкемнің үлесі бар екені даусыз. Оның үстіне сүт пен ет өндіру кешені – «Ақтам» үшін салынған тұтас бір ауыл. Мал өнімдерін өндіру үшін электрлендіру, механикаландыру, автоматтандыруды іске қосу арқасында мал басы мен одан өндірілген өнімнің артуы, сапасының жақсаруы Жәлел Қонаевтың тікелей басшылығымен болғаны айдан анық. Бұны көздері көрген, ақсақал болғандар әлі ауыздарынан тастаған жоқ. Еңбегі бағаланып, Шиелінің бір көшесі осы көкемнің атымен аталады, Аллаға шүкір!
«Бердің сен шабытын ақынның,
Сен бердің намысын батырдың.
Бердің сен шабысын тұлпардың,
Сен бердің қанатын сұңқардың»
Қазақта ақын, батыр атану, тұлпар болып, сұңқар болып, елге танылу азамат үшін оңай шаруа емес. Әркімнің өзі шыққан төбесі өзіне биік. 70 жасты алқымдаған шағымда алды-артыма қарасам, жоғарыдағы ұйқасқан сөздер тек Тұрсын әкем мен Жәлел көкеме ғана арналып тұрған жоқ екен. Әкелеріммен бірге замандас, қатарлас болған Шиелі өңірі азаматтары тек менен ғана емес, басқалардан да кеңестерін аямапты. Орынды жерінде азаматтық танытып, Шиелі топырағының гүлденуіне ат салысыпты .
Олардың бәрі де «әкесіз өсті» деген сөзбен күнге шайқасқан маған демеу болғандар. Қуанғанда қасымнан табылғандар. Олар мені еңбекпен шыңдап, тәлімімен тәрбиелегендер. «Айналайын» сөзін айтудан бір жалықпағандар. Жан-жағыңды жүрегіңмен көруді үйреткендер. Көзімен көргендеріне қуана білгендер. Мейірімді көз, сезімтал жүректе кітапта жазылмаған білім бар екенін түсіндіргендер. Олар Шиелі үшін жасаған жанқиярлық еңбектерін шаршағанына бағаламай, бақытына балағандар.
Иә, ол кісілердің көбісі о дүниелік болып кетті. Тірілері де бар. «Тіршілік кейде шырпыдан сырық, қурайдан құрық жасатады. Шаңнан шапан, тозаңнан тон тігуді талап етеді. «Заманың зығыр етіп зынданына итерсе, жыланнан жүн, құмырсқадан құн алуға да барасың» дегендей, Шиелі жерінің киелілігін көтеріп, атын асқақтатқан жақсыларымның аттарын атап көрейін.
Олар Ыбырай Жақаев, Қойшыбай ­Оразымбетов,­­ Әнуарбек Сапақов, Сыздық Боқаев, Байдүйсен Оразов, Шырынкүл Қазанбаева, Ұлбала Алтайбаева, Заһира Ержанова, Рахмет Нүрекеев, Әлиакпар Монтаев, Жағыппар ­Рысманов, Сәттібай Алпамышев, Байтілес Жүсіпов, Омархан­ Жәрімбетов, Сұлтанхан Төрениязов, Перуза Жүсіпова, Досмағанбет Аюпов, Мәрия Жұматова, Өтеген Жарықбаев, Сыздық Нүркеев, Шәрібек Ібішев, Сәрсенбек Байжанов, Қазыбек Оспанов,­ Арыстан Бижанов, Әбілқасым Палымбетов, Нағима Бәйменова, Оразбай Досанов, Уәйда ­Алиханов,­ Нұрмахан Қасымов, Тастанбек Түкібаев, Қасым Бектегенов, Сейтжан Омаров, Серғара Ізтілеуов, Ұлман Мәмреева, Айтбай ­Бекжаппаров,­ Көшек Қосжанов, Дүйсахмет Қалымбетов, Дүйсенбек Ермаханов, Смайыл Кәрімбаев, Василий Шкуренко, Кенбай Доланбеков,­ Шайық Ыханов, Әлиакпар Қобланов, Иван Голото, Бәкір Тоқбаулин, Ертай Есенгелдиев, Ақәділ Сапарбаев, Жиенбек Молдабеков көкелерім мен апаларым еді. Бұл кісілер жұмыстарын құрғақ сөзбен емес, нақты істерімен дәлелдегендер. Дәлелдегендер дейтін себебім, бұл кісілермен жұмыстас болу маған бұйырды. Әңгіме сөздерін тыңдау маңдайыма жазылыпты. Қиындық деген не деген сұраққа жауап тауып, жоқты бардай, барды қордаланған қордай жасау жолдарын үйрендім. Сөзбен айтып тауыса алмайтын тәрбие үлгілерін көрсетті.
«Өзінен бұрын өзгені ойлау, өзім білем дегеннен аулақ болу, кішіпейіл болуды мақсат ету, кешірім ақылдылықтан болатынын білу, жамандық іздеуің - өзіңнің жамандығың екенін мойындау, жауласу жаман әдет екенін түсіну, ақыл айта бергенше ақылды тыңдауға тәрбиелену». Бұл жеті тұжырымдық пәлсәпа нағыз өмір мектебі екені анық.
Осы мектепте өнегелері көп болған, кеңес дәуірінде Шиелі топырағынан нан, ет пен сүт өндірген, маңызды құрылыстар салған, әлеуметтік мәселелерде білімділік пен зеректік танытқан, Шиелінің шырайын ән мен жырға айналдырған азаматтар қатарына Дүйсенбі Смайлов, Зәкім Жайлыбаев, Ақылбек Сматов, Нығымет Қозайдаров, Балтабек Сыздықов, Ибаш Байхожин, Нәрзілдә Айдаров, Сәрсен Қоңырбаев, Махмуд Нартаев, Төлес Аппасов, Мұхамбетияр Сейітов, Жағыппар Зермұхамедов, Жақсылық Ахметов, Кенжалы Достияров, Хан Виктор Петрович, Елтай Әбішев, Меңлібай Кенжебаев, Иманғали Әбдіқалықов, Күлжан Жәукебаева, Жадыра Таспанбетова, Жұмат Бақтыоразов, Жолдас Сырғабаев, Үсен Қабланбеков, Қапан Парманқұлов, Сүйіндік Ахметов, Нұрғали Төлегенов, Молдахмет Мырзахметов, Айдар Достияров, Шәмен Ермағанбетов, Емел Бәкіров, Құрбан Рысбеков, Сәми Қазкенов, Асқар Әлжанов, Мүтәліп Жантөреев, Өтеген Жәленов, Жәкен Мәмбеталиев, Сәулебай Аймаханов, Мұзаппар Жағыппаров, Сайлау Нұркеев, Райымбек Нұртазаев, Ысқақ Оспанов, Ыдырыс Жүсіпов, Сертай Пірімбетов, Мадияр Абсұлтанов, Тұңғышбай Кусепов, Пернебай Егенов, Ыдырыс Оразов, Раушанбек Әшіров, Әшірбай Түменбаев, Бектілеу Мұсаханов, Еламан Қобланов аға-апаларым, Манап Шорабаев, Досан Бәйділдаев, Елтан Ысқақов, Жаппарбек Оразмаханов, Ниязбек Мұсабаев, Алтынбек Ағажанов інілерімнің тынбай күндіз-түні еткен еңбектерін әріптес ретінде ерекше атай отырып, Шиелі үшін бұлданбай жасаған жақсылықтарына, санаспай атқарған қызметтеріне куә болғанымды айтқым келеді.
Өмірге келдің. Одан кетесің де. Не тындырдың? Өлмей тұрып соны ойладың ба? Айтуға ғана оңай бұл түсінікте жаңылыспаған пенде жоқ шығар. Өмір сүре берсем екен демейтін адам жоқ шығар. Бірақ сол өмірді қалай сүруім керек деп бас қатыра бермейтіндер кездесіп жатады. Өмір сүрудің мәні мен мәнісі ұзақтығы мен байлығында емес. Кімдермен біргесің, кімдер қайғыңа ортақ, кімдер көңіліңе шуақ, кімдер сені бағалайды, кімдер сені сағынады, кімдер сені еске ала алады деген сұрақтармен өлшенсе керек.
Осы өмір мектебінде маған басшы ғана емес, қамқор, тілектес, ниеттес болған төмендегі жандар да жоғарыдағы тізімге әбден лайық. Осылардың ішінен Смайыл Жандарбековтің ерен батылдығын, Жолдыбай Ақмолдаевтың мінез биязылығын, Мәлібек Санаубаевтың тынымсыз талапшылдығын, Орынбасар Бәйімбетовтің жан-жақты болжағыштығын, Сейілбек Шаухамановтың іскер ұйымдастырушылығын, Сәдуақас Рсымбетовтың тыңғылықты көзқарасын, Константин Хванның шаруақор жаңашылдығын, Әзімхан Исмайловтың кішіпейіл әдептілігін, Бибіжан Жәукебаеваның сезімтал ой жүйріктігін, Қален Әбдешовтің қарапайым әділеттілігін, ­Абдулла Әбеновтың білімді нұсқаушылығын, Ибрагим Әбибуллаевтың бір сөзді тұрақтылығын, Жақай Бодықбаевтың еңбекқор шалымдылығын баса айтқым келеді. Айта берсең жақсы істері таусылмас бұл жандар да Шиелі халқының есінен кетпейтін, аттары жүректерінде сақталған аса қымбаттылары.
Ауданның халық шаруашылығы жұмыстарын ұйымдастырған, оны іске асырған, мемлекеттік жоспарларды орындау мен халыққа әлеуметтік жағдай жасауды күнделікті тіршіліктеріне айналдырған Рахым Мауяев, Мұхит Исмайлов, Нарынбай Омаров, Сейілбек Аманжолов, Қалдыбай Сүгірбаев, Берікқара Әбжаппаров, Перден Архабаев, Сұлтанбек Оразымбетов, Сайлаубай Әбішев, Ерғали Ишанқұлов, Әділхан Бектегенов, Үпілмәлік Мырзахметов, Жамалхан Баетов, Нұрлан Махмудов, Кеңескүл Смайлова, Әтіркүл Шорабаева, Ұлтай Сейілова, Нәзира Парманқұлова, Пернеш Жүсіпова, Сейітхан Тұрысбеков, Омархан Кемелов, Әнуар Кенбаев, Еламан Дүйсенов, Шәззат Қалымбетов, Айдар Сәрсенбаевтар менімен үзеңгілес қызметте болған аға-апа, інілерім. Қарап отырсам сонау 1967 жылдан бастау алып, зейнеткерлік жасқа жеткен 2014 жылдары аралығында менімен қызмет еткендердің көбісі, менен үнемі жасы үлкендер болып шығыпты. Оларды мен үлкен-кіші деп алаламасам, олар да мені кіші деп аласартпапты. Бұлардың адамгершілігі, парасаттылығы, әділдігі, туралығы, іскерлігі, тазалығы, білімділігі Шиелі қажетіне әлі күнге жарап жатса, мен үшін өте қымбат рухани азықтарым болды.
Әрине, туған жер Шиелі туралы айту қаншалықты жауаптты іс болса, соншалықты мәртебе де. Шиелінің іргетасын қалаушылардан бастап, оны өркендетіп дамытқан кісілерін бір газеттік мақалаға сыйғызу түгіл, бірнеше том кітап жазса да толық қанды қамтылмауы мүмкін. Десе де, менің көкейімдегі толғатып жатқан бір ой – әрбір ұрпақтың, туған жер биігінен өз ата-анасының табыстарын көру бір төбе. Балалық базарыңның бағыландары қатарластарыңды, қызметтестеріңді ақсақалдық мәртебеде көру екінші төбе. Өмір мектебіндегі жоғарыда аттары аталған Шиелі шынарлары мен шамшырықтарының әрбір жақсы істерін баяндау мен үшін мәртебе.
Шыққан төбең биік болсын дейді ғой. Сондықтан Шиелінің әрбір төбесі де, еңбеккерлері туралы да айтылу керек. Олар туралы ой толғатып тебіренсек, туған жерді жырға қосып толғансақ, жақсылардың жақсы істерін келешекте жаттайтындай жазсақ, артымызда жақсы деген сөз қалар еді. Айтылмаса, жазылмаса тарих шықпайды. Сондықтан Шиелінің тарихын үзбей жалғастыру, жақсыларын атаусыз қалдырмау біздерге, көзкөргендердің әрбірінің мәртебелі ісі болуы керек. Бұл абзал істі атқару жүрегі Шиелі деп соққан әрбір азаматтың міндеті ғана емес, парызы да болуы тиіс!
Тұрар Ысқақ,
зейнеткер,
Қостанай қаласы
14 желтоқсан 2019 ж. 956 0