Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Кейіпкерлер тәрбие беруі керек

Кейіпкерлер тәрбие беруі керек

Шыбыққа мініп, онысымен қоймай оны қамшылай шаба түскен балаларды бүгінде көруіміз екі талай. Ал садақ атып, ләңгі ойнаған бала 80-90 жылғы өлеңдер секілді ретроға айналған. Ескі әнді тыңдап, өткен күн оралғандай болса, асық ойнаған бала да дәл солай. Себебі, бүгінгі ұрпақтың тәрбие құралы – әженің ертегісі емес, теледидардағы «супер қаһармандар.»
Технология жетіліп, көгілдір экранның өрісі кеңейгелі шетелдің кино туындыларына деген қолжетімділік жеңілдей түсті. Түрлі құрылғылардың құдіретімен жанды кейіпке енген құбыжықтар балалардың сүйікті кейіпкеріне айналып, санасына сіңді.
«Отау тв» пайда болғалы «Балапан» арнасы балалардың ішін пыс­тырмайтын болды. Балаларға арналған мультфильмдердің арасында біз білмейтін жануарлар да, өзге планеталықтар да бар. От пен суды, жел мен жерді бағындыратын «Аватар», ғаламшарлықтарға айналатын «Бен Тен», ойыншықтарына жан бітіріп, солар арқылы сайысқа түсетін «Бахуган». Бұл балаларға арналғандары. Ересектерге «Өрмекші адам», «Бетман», «Халк», «Ханкок» сынды адам қызығарлық туындылар жетерлік.
Ал бұл туындылар өскелең ұрпақ үшін қандай пайда, тәрбие береді? Осы теледидар арқылы Кореяның тарихымен таныстық, батырларына еліктедік. Жумонг болып садақ атып, қылыштастық. Мейлі дерлік. Бұл фильмдерден Отанға деген, еліне деген сүйіспеншілігін алуымызға болады десек, тепсе темір үзетін жігіттердің шаштарын өсіріп, қызтеке секілді боянғанын кімнен көреміз? Осы кәріс фильмдеріне еліктеген 91 тобын әлеуметтік желілерде келемеждеп, жұлдызға айналдырдық. Индияның киноларын көрген баланың «Біздің үйде де құдай болса ғой, айтқаныңды істейді» деп армандағанын құлағымызбен естідік. Ал атақты әзілкеш Джим Керри­ басты рөлді сомдайтын «Құдіретті Брюс» фильмін көргендер болса үйінде құдай болғанын емес, өзі құдай болуды армандады.
Ерекше қабілет, тылсым күш, көріпкелдік пен жан түршігерлік оқиға – бүгінгі көрілімді көп жинайтын тәсіл. Мұны оңай олжа тапқысы келетіндер жақсы біледі. Ақша табу үшін әртүрлі қасиетті суперқаһарман ойлап тауып, өнімін өткізеді. Бұл тек кино саласында емес. Бұдан өзге ойлап тапқан супер қаһарман кейпіндегі ойыншықтар, суреті бейнеленген киімдер тағы табыстың көзі болып есептелді.
Осының әсерінен араға минут салып өсіп, әке-шешесінің тіреуішіне айналатын Ер Төстік, тауды көтеретін Толағай, елі мен жері үшін қолына қару алған батырлар, көлтауысар мен желаяқ, Алдар көсе мен Қожанасыр сынды кейіпкерлеріне балалардың қызығушылығы төмендегені жасырын емес. Сол себепті болар, бүгінгі күні қазақ әдебиетіндегі кейіпкерлер туралы мультфильмдер жарық көруде. Бұл өз кезегінде жемісін береді деген сенімдеміз.
«Тарихын білмеген ұрпақтың болашағы бұлыңғыр» дейді. Бүкіл қазақ топырағынан тараған батыр тұлғаларды айтпағанда, алақандай жерде орналасқан Шиелі жерінде үлгі етерлік жандар қаншама?! Тарихқа сүңгімесек те, ауданның іргесіндегі «Оқшы ата» мазаратындағы жеті әулие жеті тұлға, жеті тақырып емес пе? Адам сенгісіз қиялдан туындаған, санасын қатыгездікке тәрбиелейтін кейіпкерлерді дәріптей бергеннен, тарихи тұлғаларымызды танытсақ кім ұтады, кім ұтылады? Тәрбие бесіктен басталады. Ал оған тәрбие беріп, тұлғаларды насихаттау үшін ізденісті өзімізден бастағанымыз абзал.

Ерұлан ДАТКЕНОВ

30 қараша 2019 ж. 1 261 0