Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бағдаулеттің талабы таудай

Бағдаулеттің талабы таудай

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауларының бірінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керектігін және олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс екенін атап көрсеткен болатын.
Он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін келбеті бола тұра жауапкершіліктен қашып, көп нәрсеге енжарлық танытатын, селқос адамдарды кездестіргенде қарнымыз ашатыны бар. Ал кейде мүмкіндігі шектеулі бола тұра, әр атқан таңы үшін Аллаға шүкіршілігін айтып, көзі оттай жанған өмірге құштар жандарды көріп еріксіз тамсанасыз. Бәлкім, «бір кем дүние» деген осы болса керек.
Тоғыз жастағы Бағдәулет Айтбайұлы да сырқатына қарамастан өнер десе ішкен асын жерге қоятын зерек бала. Өнерлі балақайға бір жасында эпилепсия деген диагноз тағайындалған. Бүгінде ол 3 сыныпта үйден оқытылады. Соған қарамастан оқуға, ән мен күйге қызығушылығы қатарластарынан жоғары. Бағдәулет жуырда ғана «Жүрек жылуы» атты мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы байқаудың аудандық кезеңінде «Жақсы көрем» әнін орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Нәтижесінде облыстық кезеңге жолдама алып, онда жеті ауданнан жиналған кіл мықтылардың арасынан суырылып шыққан Бағдәулет үздік өнер көрсеткені үшін марапатталған болатын.
Көпбалалы ана Жанар Әбітаева бес қыздан кейінгі Алладан сұрап алған ұлы Бағдәулеттің жеңісіне шексіз риза. Ол ұлының талантын байқап, бәйгеге қосқан Төңкеріс ауылдық клуб үйінің қызметкерлеріне алғысын білдіреді:
– Баламның денсаулығында ақау болған соң, осыған дейін үйден шыққан емес. Көп нәрсеге зауқы да бола бермейтін. Бірде мәдениет үйінде жұмыс істейтін. Айбек Жакеев есімді жігіт Бағдәулетімнің ән айтуға қабілеті бар екенін байқап қалыпты. Маған келіп, «Апа, бұлай баланы үйде ұстауға болмайды. Бір нәрсеге бейімдеу керек. Әнді жақсы орындайтын секілді. Бізге әкеліңізші» – деді. Содан бері Бағдәулет бір мезгіл клубқа барып, вокалдан сабақ алып жүр. Бұрынғыдай емес, балам жадырап жүретін болған.
Осы байқауға дайындап, өздері демеуші болған клуб үйінің меңгерушісі Баян Арыстановаға, қызметкерлері Ләззат Есмұханбетова мен жас та болса іскер жігіттер ­Айбек Жакеев пен Олжас Қуандық есімді балаларыма алғысым шексіз, – дейді қуаныштан көзіне жас алған ана.
Иә, мүмкіндігі шектеулі деген – мүмкіндігі жоқ деген сөз емес. Олардың қабілетіне қарай сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасап, қадағалап отыру керек. Ол тек ата-анаға ғана емес, қоғамның әр мүшесіне міндеттелуі тиіс шаруа.
Кішкентай ғана бүлдіршіннің талабын шыңдап үлкен сахнаға алып шыққан мәдениет қызметкерлеріне біз де табыс тіледік.

Гүлхан ЯХИЯ
19 қараша 2019 ж. 645 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031