Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаңыз ақшаны басқара ала ма?

Балаңыз ақшаны басқара ала ма?

26 жасында «Бай әке, кедей әке» кітабын жазған Роберт Кийосаки «Баланың болашағы жақсы тәрбие мен білімде емес, ақшаны бала жас­тан қалай жарата білгендігінде» деп жазған. Себебі, ата-анасының байлығы жайлы баланың түсінігі күнделікті тәттіге деп берген ақшаның мөлшеріне қарап қалыптасады екен.
Психологтар күнделікті ақшасын ретімен жұмсай білуді балаға 3-6 жастан бастап үйрете берген дұрыс дейді. Себебі, баланың ақшаға қызығушылығы ғана емес, сатып алуға болатын-болмайтын заттарға көзқарасы да осы жастан жетіледі екен.
Арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары тұрмысы орта деңгейдегі ата-аналар баласына жомарттық танытатынын анықтаған. Бір қызығы, бақуатты тұратын ата-аналардың көбі балаларына ақшаны аз береді. Кейбірі тіпті бермейді де. Олардың көпшілігі ақша беру жалқау әрі масыл етеді деп есептеп, баланың ақшаны қалай жарататындығына көбірек көңіл бөледі.
Бала күнінде «Мама, анау көйлекті алып берші» деген өтінішіне «Мені сат та ал! Менің атым Ақшагүл ғой» деген жауапты барлығы алған болар. Кеңестік кезеңнің ауқымды саясатының бірі – адамдардың ақшаға деген жеккөрушілік сезімін арттыру болғаны енді ғана айтылып жүр. Иә, «Байлар жаман, жемқор. Кедей байғұс адал, қайырымды, сондықтан да оның ақшасы аз» деген мысалға негізделген ертегіні оқып, мультфильмді көріп өстік. Соның салдарынан санамызда «Ақша жаман, бай болсам проблемам көбейіп кетеді, осы күніме шүкір» деген кедейлік қағида қалыптасып қалған.
Ал бүгінгі тәуелсіз, еркін, нарықтық заманның талабы да, заңы да басқа. Көптеген психологтар «Бай немесе кедей болу – адамның санасына байланыс­ты. Байлар секілді киініп, солар сияқты ойласаң, сен де дәулетті боласың» дегенді айтып жүр. Қазақ қоғамының ақшаға деген қызығушылығының артқанынан болса керек, бүгінде қаржы сауаттылығына байланысты түрлі шетелдік кітаптар да қазақшаға аударылған. Тіпті үлкендер былай тұрсын, бесіктен белі шықпаған балалардың да ақшаға деген көзқарасы маңызды дүниеге айналып келеді. Өйткені, адамның бала күніндегі білімі мен өмір сүру салты саналы ғұмырына азық болатынын мамандар дәлелдеп қойған.
Шетелде
Өзінің алғашқы компьютерлік бағдарламасын 13 жасында жасаған әйгілі миллиардер Билл Гейтс балаларына бүкіл дәулетінің 1 пайыздай ғана бөлігін қалдырғанын кезінде әлемдік БАҚ-тың бәрі жазды. «Миллиардер болып есею мақсат емес» деп есептейтін Гейтс балаларының өз-өздерін қамтамасыз етуді үйренгенін қалайды екен.
Миллиардерлер тарихына алғаш болып енген Джон Рокфеллер ата-анасы күнделікті берген ақшаның басын қосып, оған кәмпит сатып алып, оны бөліп, өзінің бауырларына екі есе бағасына сатып, үстіндегі табысын қажетіне жаратады екен. Ол жеті жасында күркетауық өсіріп, шағын кәсібін ашқан. 12 жасқа келгенде 50 долларды көршісіне жылына 7 пайыздық өсіммен қарызға беруді әдетке айналдырған. Уақыт өте келе бұл Рокфеллер отбасындағы бала тәрбиесінде дәстүрге айналыпты.
Ал Германияда баланың күнделікті шығыны заңмен бекітілген. Ақшаның көлемі баланың жасына қарайды. 6 жастағы бала 50 еуроцент алса, 15 жастағы баланың шығыны 50 еуроға дейін өседі.
Американдық психолог Алан Фрэнмнің пікірінше, «Ақша жұмсау өнерінің өз қалауымызды басқаруға қабілеттілігімізді көрсетеді» және бұл өнерге бала шақтан машықтануы керек. Баланы өмірдің осы жағына қызықтырған сәттен бастап, оны ақшаға мұқият болып, ұтымды ұстай білуге үйрете бастауға болады.
Батыс елдерінде атақты және дәулетті отбасыларда балаларының бухгалтериясы үшін банкирлерді жалдаулары қалыпты құбылысқа айналған.
Швецияда барлық балаға емес, тек жақсы оқыған балаларға 16 жасқа дейін әр ай сайын 1050 кроннан төленіп тұрады. Бірақ бұл қаржыны олардың ата-аналары алады екен.
АҚШ-та балалар үшін ашылған қаржылық академиялар бар. Мұнда қаржылық сауаттылықты арнайы консультативті бағдарлама ретінде оқытады. Оған қатысуды баланың өзі шешеді. АҚШ-та «Жеке бюджет», «Табыс табу», «Жинау» ұғымдары әрбір кішкентай америкалыққа жөргекте жатқан кезінен бастап таныс.
Британдық ата-аналар балалық шақтан айырмау үшін балалардың ақшамен қарым-қатынас жасауына аса ықылас таныта қоймайтын көрінеді. Бірақ ақша жинайтын сандықшалар сыйлап, оған шығындарына берілетін ақшаны салып қоюды ұсынады. 6-12 жастағы балалардың арнайы сайт арқылы өздеріне сыймай қалған киімдерін, қажет болмай қалған ойыншықтарын сатуы Швециядан бастау алған екен.
Мұндай пәрменді принцип біздің ұлтқа тән деп айту қиындау. Өйткені, біздің қоғам жоқ болса да, «Баламыз қатарынан қалмаса екен» деп барын қалталарына салып жібереді. Әке-шешенің баласынан барын аямайтыны рас. Шынында, қазіргі балалардың қолындағы ақшаның көптігі былайғы жұртты тіксіндіреді. 150-300 мың теңгелік ұялы телефон қазір екінің бірінің қалтасынан табылып жатады.
– Ақшаның не екенін бала жастай біліп өсуі керек. Күнделікті шығыны оның жасына қарап өсіп отыру керек деген пікірді қолдаймын. Себебі, 11 сыныпты бітіргенше, қолына көк тиын ұстамаған балалар да көп. Олар үлкен қалаға келген соң тапқанын күн көрісіне жеткізе алмай қиналып қалады. Қолына кішкентайынан ақша ұстап, оны үнемдеп өскен бала кейін де шаруасын үйлестіріп кетуге бейім болады, – дейді 23 жастағы кент тұрғыны Нұрбол Ахметов. Ал көпбалалы ана Қаракөз Ашурова:
– Бастысы бала өзіндегі ақшаның қалай, қайдан келгенін түсінуі тиіс. Қанша ақша жұмсайтыны содан кейінгі мәселе. 7-8 жасқа жетіп, ақылы кіре бастағанда отбасындағы қаражатқа алаңдай бастайды. Осы шақтан бастап оны әрдайым отбасындағы кіріс-шығыс мөлшерінен хабардар етіп отыру керек. Баланың көзінше коммуналдық қызмет ақысы мен азық-түлік және киім-кешектің қанша тұратынын үнемі айтып отырған абзал. Бала сол кезде ғана отбасының әлеуметтік жағдайына ата-ананың көзімен қарап, қажеттілігін соның өлшемімен өлшейтін болады. Кішкентай күнінде қалыптастырған көзқарасы балада үлкейген кезінде де қалып қояды, – дейді.
Ал сіз балаға күнделікті ақша бергенді дұрыс деп есептейсіз бе? Балаңыздың өз ақшасын басқара алуы қаншалықты маңызды, құрметті оқырман?

Гүлхан ЯХИЯ

16 қараша 2019 ж. 514 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031