Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегің кетпес далаға

Еңбегің кетпес далаға

«Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, ­бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени- генетикалық кодының негізі», деп Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жерге еңбегі сіңген біртуар перзенттерін өскелең ұрпаққа үлгі етуді айтқан болатын. Міне, сондай жандардың бірі – Шиелі индустриалды-аграрлық колледж директоры ­Мейрамхан Дүйсенов.
Өмір өзен арнасымен ағып, пенде Алла берген жасын жасап, өмірден озары хақ. Ал артында қалған ұрпағың өмірден өткен соң да сенімен мақтана алар із қалдырсаң, мәңгілік жасағаның. Өкінішке қарай біздер өмірден өткен соң ғана сол адамның жақсы жақтары мен жасаған жақсылығын айтып жатамыз. Тірісінде мақтауға неге пейіліміз тарылады?
Біз сөз қылғалы отырған кісі сол мақтау мен құрметке әбден лайық. Аудан жастарын кәсіптік білімге баулып отырған Шиелі индустриалды-аграрлық колледж директоры Мейрамхан Мұсаханұлы 45 жасында аталмыш оқу орнының тізгінін қолға алған екен. Басшылық жасаған 10 жыл ішінде оқу орны адам танымастай өзгерді. Бір кездері «қотыр жол» атанып, назардан тыс қалған колледжге барар жол, колледж басшысының мұрындық болуының арқасында қайта жаңарды. Көрген көзге қораш көрініп, көңіліңді суытып, денеңді мұздатқан бес қабатты ғимарат қазіргі таңда, жарық та жылы, барлық жағдайы жасалған 240 орындық жатақхана – колледж жастарының құтты мекеніне айналған. Енді бір шетте төрт қабырғасы ғана қалып, елеусіз қалған шеберхана қазірде болашақ аспаздардың зертханасы. Бір кездері бас ауыртып, балтыр сыздатқан, ешқашан шешімі табылмастай көрінген «сабақ қатысымы» ең өзекті мәселенің бірі болса, қазіргі таңда бұл мәселе түбегейлі жойылып, жолға қойылды.
Барлық оқу кабинеттері заманауи үлгідегі компьютерлермен жабдықталды. Өндірістік оқу шеберлерінің өндіріс орындары мен мекемелерде тағылымдамадан өтуіне жол ашып, білім алушылардың өндірістік тәжірибеден өтуі үшін аудандағы ірі мекемелермен келісімшартқа отырды. Өзін-өзі қаржыландырумен бетпе-бет келген тұста да іскер басшы көзін тауып ақылы қызмет түрлерін ұйымдастырып, түскен пайдаға оқу құрал-жабдықтары, компьютер, ледэкран, тігіншілер үшін тігін машинасы алынып, автотұрақ салынды. Осы тұста асыл тұқымды сиырлар сатып алынып, сүт, май, қатық өнімдері сатылымға қойылып, ол да өз пайдасын беруде. Жетімін жылатпаған қазақтың қанға сіңген қасиетімен колледждегі тұл жетім балаларды сүт өнімдерімен бір мезгіл тегін тамақтандырып, жатақхана жастары үшін бір мезгіл тегін шай мен ыстық бәліш ұйымдастырып отырған басшының бар ойы – кәсіптік білім сапасын арттырып, оқу орнын алдыңғы қатарлы ­колледждер қатарына қосу. Биыл 55 жасқа қадам басып жатқан оқу ордасының басшысы – қажырлы еңбек пен берік ұстанымды, әділдікті қалайтын жан. «Тек білім ғана емес, суретке түскің келе ме, жоқ, спортпен шұғылданғың келе ме, әлде велосипед теуіп, жеңіл көлік жүргізгің келе ме? Мүмкіндік мол. Тек, ерінбе. Еңбектен» – деп шәкірттерге бағыт-бағдар беруден де таңған емес.
Барды ұқсата алатын адам бар да, барды ұқсата алмайтын адам бар. Ал М.Мұсаханұлы жоғалғанды тапты, таратқанға тойтарыс берді, қалғанды қолда ұстап қалды. Осындай тынымсыз еңбектің, өзінің бойына біткен талапшылдық пен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында аудандық мәслихат депутаты атанды. Кеудеге таққан ордендер мен медальдар, республикалық, облыстық, аудан деңгейіндегі түрлі марапаттар осындай қажырлы еңбектің қайтарымы. Білім ордасы Қазақстандағы аграрлық-техникалық колледждердің 2019 жылғы Ұлттық рейтингісінде 3 орынға тұрақтаса, еңбек майталмандарын даярлау жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар мен барлық істің басында жүріп, жіті қадағалап отырған колледж басшысының арқасы.

Г.Ахметова
05 қараша 2019 ж. 343 0