Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бастама баспана сыйлай ма?

Бастама баспана сыйлай ма?

Барлығына танымал «Том мен Жерри» мултьфилімін көрдіңіздер ме? Сондағы тышқан інінің аузына «Дом, мой милый – дом» деп жазып қойған бөлімін он қайтара көрдім. Байқасаңыздар, тышқанның да үйім дейтін өз іні бар. Ал қазақ қашан баспаналы болады?
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Үкімет жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеуі қажет. Мәселен, бастапқыда әлеуметтік мүддеге орайластырылған «7-20-25» бағдарламасы аясында қарыз алушының отбасылық табысы орташа есеппен айына 320 мың теңгені құрауы тиіс. Табысы аз адамдар бұған қатыса алмай отыр. Сондықтан биыл Елбасының бастамасы бойынша 2 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен пайыздық алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын жаңа «Бақытты Отбасы» бағдарламасы іске қосылды. Бұл – өте тиімді жеңілдік. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы бас­панамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады. 2020 жылдан бас­тап жыл сайын осындай 10 мың отбасы баспанамен қамтылады» деді. Сөз басында берген уәдесінің барлығын орындайтынын жеткізген Президент жыл сайын 10 мың отбасыға осылайша бақыт сыйламақ.
«Өз шаңырағым» дейтін күнді аңсаған көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар мен жалғызбасты аналар үшін тиімді, қолжетімді бастамалар үміт сыйлады. Бүгінде кезекке тұрып, 2 пайыздық ипотекамен үй алуға ниеттілер қарасы қалың. «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысу үшін алдымен баспанаға мұқтаж отбасы ретінде әкімдікте кезекте тұруыңыз шарт. Бұдан бөлек өз атыңызда және бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында баспана болмауы тиіс. Сондай-ақ жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық баспана ипотекасы 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна мөлшері қарыз сомасының 10 пайызын құрайды. Егер бастапқы жарнаны 10 пайыздан артық құйсаңыз, ай сайынғы төлем де аз болатынын біле жүріңіздер.
Баспаналы болудың тағы бір баспалдағы – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» облыс әкімдігімен бірлесіп әзірлеген «Орда» әлеуметтік жобасы. Бағдарлама аймақ тұрғындарына үйді жалға алып, оны болашақта сатып алуға мүмкіндік береді. «Орда» тұрғын үй бағдарламасы үш жыл жүреді. Жоба аясында жыл сайын облыстық бюджеттен қайтарылады деген мақсатта 2 млрд теңгеден бөлініп отырады. Бұл қаражатқа жергілікті билік бағдарлама қатысушыларына деп жаңа тұрғын үй салуды немесе салынған пәтерлерді сатып алуды жоспарлап отыр. Бірінші кезеңде Қызылорда облысында 250 пәтер беріледі. «Орда» бағдарламасына қатысушылар үшін 1 шаршы метрдің бағасы 120 000 теңгені құрайды. Сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалға берілетін пәтерлерден жергілікті әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үміткер бола алады. Бұл – көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, І және ІІ топтағы мүгедектер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджет мекемелерінің қызметкерлері. Сондай-ақ жасы 35-ке толмаған ерлі-зайыптылар да жас отбасы ретінде «Орда» бағдарламасына қатыса алады. Бұл жағдайда үміткерлердің некеде тұрғанына кем дегенде 2 жыл болуы керек және балалары болғаны талап етіледі.
Бүгін «Үйлі болам десеңіз, депозитте салымыңыз болсын» дейтін күнге жеттік. Баспана берудің түрлі бастамалары көтеріліп, халықтың көкейінде үміт оты жана бастады.


Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ

17 қыркүйек 2019 ж. 809 0