Тәуекелге барудың оңай жолы

Сіз бір сәттік дилеммаға тап болдыңыз. Енді сол екеуін де қағазға жазып, ой елегінен өткізіп көріңіз. Алдымен бір бет қағаз алып, жарты жылдан кейінгі өміріңізді көз алдыңызға келтіріп, жаңағы бірінші таңдауды бүге-шүгесіне дейін қағазға жазыңыз. Одан кейін қазіргі жағдайды ойлап, бұл шешімнің артықшылығы мен кемшілігін жіпке тізіңіз. Жаныңызда кім болады, өзіңіз кім боласыз, немен айналысасыз, қайда және қалай өмір сүресіз, қандай жетістіктеріңіз болуы мүмкін – осының барлығын жақсылап ойланыңыз. Болашақтан қазіргі шақтағы өзіңізге хат жазып отырғаныңызды ұмытпаңыз. Көзіңізге келешек өміріңіз келген кезде, эмоционалдық бөліміне өтіңіз.
Өміріңіз қалай өтіп жатқанын, ішкі сезіміңізді толық баяндаңыз. Барынша толықтай жеткізіңіз. Өзіңіз қабылдаған шешімге көңіліңіз тола ма әлде бірдеңе жетіспейтіндей көріне ме? Хат соңында осы шешімді қабылдағаныңыз үшін өзіңізге алғыс айтыңыз. Өміріңізді қаншалықты дұрыс арнаға бұрғанын жазыңыз. Аяқтаған соң қағазды бүктеп, көзге түспейтін жерге сақтап қойыңыз. Енді екінші қағазды қолға алыңыз. Тағы да дәл осылай хат жазыңыз, бірақ мұнда екінші нұсқаны таңдаңыз. Алдыңғы хаттағыдай үтір-нүктесіне дейін қалдырмай, толық жазып шығыңыз. Мұнда да жасалған таңдау үшін өзіңізге рақмет айтып, қағазды бүктеп, назардан тыс жерге қойыңыз. Араға бірнеше күн салып екі хатты қолға алыңыз да, мұқият оқып шығыңыз. Екі хаттан не сезіндіңіз? Әлі де жолайрықта тұрсыз ба? Олай болуы мүмкін емес. Енді бір шешімге келген боларсыз. Бұл тәсіл сөзсіз көмектеседі. Тек ерінбей жазыңыз.