Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғашқы фараон әйелді білесіз бе?

Алғашқы фараон әйелді білесіз бе?

«Алғашқы фараон-әйел кім, білесіздер ме?» – деді Каирдегі Египет мұражайын таныстырып жүрген гид. Жалпы, Мысырды басқарған әйел дегенде, әдетте ойға келетіні – Клеопатра. Бұл – туристердің қалыпты жауабы болса керек. Бірақ, гид бірден қатемізді түзеуге асықты. «Клеопатра – мысырлық емес, ол – грек ұлтының өкілі. Оның ел басқарғаны – гректердің Египетті жаулап алғанының кері әсері» деді.

«Неге кері әсері?», – деген автоматты сұрағымызға – «Әйел болу және ел тізгінін ұстау – ұйқаспайтын екі бөлек ұғым» деп, гид қабақ шытты. «Бірақ осындай қателікке барған мысырлық әйел бар тарихта. Есімі – Хатшепсут. Нағыз қу, арам ойлы, жауыз әйел болған. Нәзік жандыдан шыққан алғашқы фараон сол» – деді. Осыншалық жаман сын есімдер легін Хатшепсут апайға гидіміз қай күнәсі үшін жаудырды екен деп, әңгімесінің жалғасын күттім. Сөйтсем, оқиға былай болған:

Хатшепсут – Тутмос І фараонның қызы болған. Әкесі ел басқарған уақытта Хатшепсут «Амон Құдайдың жары» атанады. Бұл сол уақтағы мысырлық әйел жете алатын ең жоғарғы атақ-лауазым екен. Хатшепсут балалығымен ерте қоштасады. Себебі, жерге түскен Құдайдай мінсіз болуы керек еді.

Әкесі дүниеден озғанда ол басқа анадан туған бауыры Тутмос ІІ-ге тұрмысқа шығып, дүниеге қыз әкеледі. Жары әулет қуалайтын кеселден ерте қайтыс болады. Мұрагері ретінде – кіші әйелінен туған 12 жастағы Тутмос ІІІ қалады. Кәмелетке толмағандықтан, фараонның бірінші әйелі әрі патшаның қызы Хатшепсут – жас фараонның қамқоршысы атанып, оның атынан ел басқарады. Алайда, уақыт өте әйел басшы заңды өзгертіп, фараон тәжін өзі киеді.

Бастапқы басқару кезеңінде ол әйел қалпында жүрсе, ресми атақтан кейін – еркек болып киініп, солай бейнелене бастайды. Себебі әйел патшаны ешкімнің қабылдай алмасы түсінікті еді. Басқаруының заңдылығы үшін түрлі аңыздар ойлап табылып, уақыт өте фараонның о баста әйел болғанын халық ұмыта бастайды. 22 жылға жуық ел басқарған Хатшепсут гиксостардың жаулауынан кейін Мысырды толық қалпына келтіріп гүлдендіреді, елдің сауда қатынастарын арттырады, күні бүгінге дейін сақталған көптеген ескерткіштер тұрғызады.

Алайда сан жетістігіне қарамастан, әйел-фараон идеясын Египет қабылдай алмаған. Хатшепсуттың бүкіл еңбегі оның өлімінен соң басқарған еркек кіндіктілердің үлесіне жазылып, патшайымның аты ескерткіштерден толық өшірілген. Хатшепсут феномені 19 ғасырдың басында ғана ашылыпты. Француз шығыстанушысы Жан-Франсуа Шампольон храм кешендерінің ішкі камераларындағы патшалық есімді аударуға тырысқанда, оның әйелге тиесілі екенін аңғарған. Сөйтсе, ірі ескерткіштерден бөлек фараон-әйел өз есімін осындай көрінбейтін жерлерге де көп жаздырыпты.

Осылайша, тарихтан Хатшепсутты өшіру операциясы сәтсіз аяқталған. Бүгінде ол нәзік жанды патшалардың ТОП-тізімінен ойып тұрып орын алады. Не деген көреген әйел болған деп, өз басым таңдай қақтым. Ал оны тарих бетінен жоғалтуға тырысқандар Хатшепсут оқиғасына орысша айтқанда «добавили только перца».

Әңгімесін біздік гид «Жауыз күнәһар Хатшепсут, міне, осы» деп аяқтады. Неге екенін білмейм, бірақ қаралы етіп көрсету үшін барын салған гидтің ойы іске аспады. Менің көзімде ол арманы үшін күрескер, қаһарман қыз образында қалды.

Әйел бойында өзі аңғармайтын алпауыт күш болатын сияқты. Ол еркектен асып түсем деген ниеттен тумайды. Керісінше, оны реализациялауда ол қасындағы әкесінен, ағасынан, жарынан дайым қолдау күтеді. Сол арқылы әйел табиғи әлсіздігін де мойындайды. Таппаған жағдайда осындай тарих жазылады. Хатшепсутты фараон еткен өзінің жанкештілігі ғана емес, еркек кіндіктінiң ɵзi. Оқиғада көп көрінбейтін көлеңкелі кейіпкер бар. Есімі – Сененмут. Мысыр құрылысына қатысты бұйрықтарын жүзеге асырған архитектор жігітсіз Хатшепсут дегеніне жете алмас еді. Кей деректерге сүйенсек, кеңесші жігіт ғашығы болған деген де пікір бар.

Ой қорытып болып, Хатшепсутқа көзімді бір қыстым да, келесі экспонатқа өтіп кеттім.

Автор: Назгүл Назар


ikerim.kz

02 қыркүйек 2019 ж. 650 0