Жалбыздан жәрдем
Жалбыз – хош иісті, емдік қасиеті бар көпжылдық өсімдік. Жалпы түрі 20-30-ға дейін жететін болса, біздің елде дала жалбызы, су жалбызы, бұйра жалбыз, кермек немесе бұрыш жалбыз сияқты 10 шақты түрі бар. Дала жалбызы сулы, нулы жерлерде су жағасында өседі және сабынның иісін жақсарту үшін пайдаланылады. Құрамы ментолға бай эфир майы кермек жалбыздың жапырағы мен гүл шоғынан алынады. Ментол парфюмерия, косметика, кондитер, тамақ өнеркәсібінде, тіс ұнтағы мен пастасын жасауда қолданылады. Жүрек ауруына қарсы қолданылатын дәрі валидол да осы ментолдан алынады. Жалбыздың күлтесін қолмен ұстағанда жағымды иіс шығады. Маусым мен тамыз айларында гүлдейді.
«Жалбызды білгенде, жалғызымнан
айрылмас едім»
Ертеде екі емші «таптырмас ем табуда кім шебер?» деп бәске түскен екен. Бәс шарты – ешкінің бүйрек майын балаларына жегізіп, оны емдеп шығу. Май ерітудің жолын екі емшінің бірі біліп, бірі білмейтін болып шығады. Білгені баласын ажалдан арашалап алса, екіншісі жалғызынан айырылып, тоңмай байланып қалған баласының асқазанынан пышақтың сабын жасап алған көрінеді. Бәс тігемін деп бауыр еті баласынан айырылған емші әке дала кезіп кетеді. Тау-тас аралап жүріп, бір күні беліндегі пышағы жерге түсіп кетіп, пышақ сабындағы майдың жалбыздың үстінде еріп жатқанын байқайды. Сол кезде жалбыздың емдік қасиетін білмегеніне күйінген емші, жалбызды білгенде жалғызымнан айырылмас едім деп құлазыған екен. Десе де, дәрігерлер қан қысымы (давление) жоғары кісілерге және 6 жасқа дейінгі балаларға жалбызды ішке қабылдауды ұсынбайды.
Қара жердің адамға берер сыйы таусылған ба, шіркін! Пайдалана білгенге табиғат ана бар керектіні ауызға тосып-ақ тұрады. Жалғыз жалбыздың емдік қасиеті жүзден асып жығылады. Жалбызбен тұндырылған шәй жүрек ауруының барлық түріне, бүйрек пен бүйрек түбекшесі, бауыр мен өт жолының қабынуына таптырмас ем. Жалбыз ұнтағын сары маймен араластырып ішке қабылдаса демікпені басып, өкпе, тыныс жолдарын тазартады. Тершең адамға жалбыз тұнбасын ішу оң әсер береді. Жалбыз ваннасы буын ауруларынан зардап шегетіндер үшін сырқатынан сауығуына сеп. Іштің кебуін басып, қуықтың қабынуын жазады. Бас ауруы жиі мазаласа, ыдысқа жалбыз жапырағын салып, үстіне қайнап тұрған су құйып, біраз уақыт тұндырғаннан кейін ішер болсаңыз мазаны кетірген аурудан айығып, ұйқыңыз тынышталады. Жалбызды тек ішке қабылдап қоймай, дене жарақатын емдеуде де пайдаланса болады. Терідегі жара ұзақ уақыт жазылмай, арты іріңдеуге соқтырып жатса жалбыз тұнбасын таңу арқылы емдеп алуға болады.
30 жылдан аса аудандық ұлттық сараптама орталығында жұмыс істеп келе жатқан паразитолог маман Кәлима Әбуова жалбыз шайының ішек құртын түсіретін де қасиеті бар екендігін айтады.
– Антисептикалық қасиетке ие жалбыздың ішек жолдарын тазартуда айтарлықтай пайдасы көп. Ауыз қуысындағы зиянды бактериялардан да тұнбамен шаю арқылы арылуға болады. Жалбызды өзім жиі тұтынамын. Өт айдауда, асқазан ауырғанда, жүрек айнығанда, ас қорытуда мәселе туындағанда үнемі көмекшім болады. Ауыз уылғанда, қызыл иек қабынып қанағанда, тіс ауырғанда, тамақ ауруында пайдалы екенін өзіндік тәжірибемнен білемін, – дейді К.Әбуова.
Сұлу болғыңыз келсе...
Жалбыз косметологияда да қолданылады. Бұл шөптен жасалған бетке арналған маскалар құрғақ теріні ылғалдандырып, нәр береді. Бетіңіз ісінгіш немесе терісі тым құрғақ болған жағдайда тұнбаны салқындатып бетіңізге қойсаңыз, нәтижесін бірден байқайсыз. Ал майлы тері үшін тұнба суымен сүртудің өзі жеткілікті.
Жалпы көшпелі қазақ халқы ерте заманнан далада өсетін шөптердің емдік қасиетін ешбір ғылымсыз-ақ білген. Сауатты пайдаланған. Туған топырақтың қадірін терең түйсінген. Сондықтан да болар, ауру мен аурушаңдар көп болмаған. Ғаламтор мәліметтеріне сүйенсек, жалбыз әлемнің санаулы ғана елдерінде өседі екен. Ауру мен дәрінің түрі көп қазіргі уақытта фармацевтикалық препараттарға аллергиясы бар адамдар да табылады. Әлемдік алпауыт мемлекеттер Қытай мен Жапонияда қазірде химиялық қоспасыз, табиғи жолмен жасалған дәрілерді тұтыну артып, ежелден білетін емдік шөп қасиеттерін қайта жаңғыртып жатқан көрінеді.
Далада еркін өсіп жатқан сан шипалы өсімдіктің дайын тұнбасын немесе шайын кез келген дәріханадан табуға болады. Бағасы да қолжетімді.
Әзірлеген Назерке МҰХАМЕДИЯРОВА