БЫТЫРАУ ОҢАЙ, БІРІГУ ҚИЫН
Қар астында бұйығып жатқан Юбилейный ауылында бұдан бірнеше жыл бұрын қызу еңбек қайнап тұрды дегенге сену қиын. Бұл жерде 2013 жылға дейін Жамбыл облысы бойынша ең озық «Подгорный» акционерлік қоғамы құрған серіктестік болған. Мұнда 5 мың қой, 2000 сиыр, 1000 жылқы ұстады. Сүтті өздерінің цехында өңдеді. Жиған дәнді алыпсатарларға арзанға бермес үшін 500 мың долларға астық қабылдау пунктін алды. Бағасы 200 мың долларлық диірменде тәулігіне 60-70 тонна бидай тартылып, ұнның үш сорты, жармасы және басқасы бар алты түрлі дайын өнім шығатын.
Еңбек ардагері Ертөстік Сүлеймен ол кезді сағына еске алады.
– Астық бітік өсетін. Комбайншылар тынбай егін оратын. Онда қырманды басқарамын. Жал болып астық үйгізіп, тазалап, ұшырып астық қабылдау пунктіне жөнелтіп жататынбыз, – дейді.
Аудан орталығы Құлан ауылындағы шұжық зауыты «Подгорный» өсірген малдың етін өңдеумен айналысатын. 1992 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзі келіп ашқан шұжық зауыты әлі жұмыс істеп тұр. Ондағы американдық технологиямен жасалатын өнім – сапасы жағынан Жамбыл облысында ғана емес, бүкіл республикадағы үздіктердің бірі. Бірақ мұнда енді «Подгорныйдан» ет келмейді. Акционерлік қоғамның ащы тарихы бар.
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы жекешеленгенде бірнеше ондаған ұсақ қожалыққа ыдырамаған Тұрар Рысқұлов ауданындағы бұрынғы «Подгорный» совхозы еді. Рас, аз ғана адам үлесін алып бөлек кетті. Көпшілігі, нақтылағанда совхоздың 367 еңбекшісі бірігіп жұмыс істей беруді ұйғарған. Олар акционерлік қоғам құрды. Заңды тұлға ретінде 1995 жылы 7 желтоқсанда Жамбыл облыстық әділет басқармасында тіркеуден өтті. Осылайша, «Подгорный» шаруашылық ретінде сақталып қалды. Міне, сол кезден бастап бұлардың тасы өрге домалайды.
2004 жылы 5 қазанда акционерлердің жалпы жиналысы өтіп, 27 қазанда заң бойынша «Подгорный» АҚ атымен қайта тіркеледі. Жалпы жиналыста серіктестік құрылады. Ауылдағы акционерлік қоғам жұмыс істеуі үшін алдымен жер қажеттігі түсінікті. Совхоз тарағанда үлеске алған жері барлар оны пайдалану құқығын акционерлік қоғамға берген. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 107-бабының 4-тармағына сәйкес АҚ өкілі ретінде С.Сұлтанмен шарт жасасқан. Шарт мерзімі – 49 жыл. Барлық пайшы, яғни жерін ортаға қосқандар 170 адам еді. 2004 жылы 5 қазанда АҚ мүшелерінің жалпы жиналысында олар енді ЖШС құрды. ЖШС-ті АҚ құрған. Жарғылық қордағы АҚ үлесі 94,4 пайыз да, 5,6 пайызы жер үлесінен тұрған. Өйткені, негізгі қор, техника акционерлік қоғамда еді.
Жергілікті тұрғындар «Подгорный» АҚ табысының сырын іскер басшысы болғанымен түсіндіреді. Иә, АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Сәбит Сыдықов деген азамат еді. Берідегі құжаттарда – Сәбит Сұлтан. 30 жасында осы шаруашылыққа директор етіп тағайындаған. Қазақстан тәуелсіздік алған кезде Луговой атанып тұрған ауданның әкімі болды. Ол қызметті бірнеше жыл табысты атқарғанымен, өз еркімен кеткен. Оның да жыры бар. Бірақ бір мақалаға бәрін тізіп қажеті қанша. Әкім қызметін өткізіп, қайтадан «Подгорный» АҚ-ны басқарған.
Өзгелер тұралап қалған нарыққа өту кезеңінде шаруашылық тап-тұйнақтай жұмыс істеді. Элеваторы, шұжық зауыты, сүт өңдеу мен нан өнімдерін шығаратын кәсіпорындары дәуірледі. Басқа жақтарда үйлер қирап жатқанда «Подгорный Құрылыс» ЖШС-ға жаңа нысандар салды.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ. Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр» деген сөздерін Сәбит Сұлтанға да арнауға болады.
Сөз реті келгенде айта кетелік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Сәбит Сұлтанның шаруашылығына екі рет арнайы келген. Бірінші жолы жоғарыда айтылғандай шұжық зауытын ашты. Екінші жолы «Подгорный» АҚ тыныс-тіршілігімен, жұмыс істеп тұрған цехтарымен танысты. Түрлі саладағы табыстарға көз жеткізіп, лайықты бағасын берді.
Жоғарыда аталған игіліктің бәрін ауылдықтар өз қолдарымен жасады. Жұмыс жеткілікті болды. Инвесторлар табылды. Табыс долларлық өлшеммен миллионға жетті. «Подгорный» ел іші тұрмақ шетелдік ауылшаруашылық өнімін өндірушілермен бәсекелесе алатын.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының және бір тұсында: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы» деген жолдар бар. Бұл шаруашылық мақала жарық көрерден алты-жеті жыл бұрын-ақ бәсекеге қабілетті болған. Сапасы жөнінен өзгелерден озық өнім ұсына алған. Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтарда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек… Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет» десе, кезінде «Подгорный» АҚ оған да лайықты жауап бере алатын ұжым еді.
Он жыл бойы осы жерде бригадир болып, қазір үйде бос отырған Болат Махемқұлов мұнда іргелес қырғыз ағайынға қарағанда, сапалы азық-түлік өнімдері шығарылғанын еске алады:
– Диірмен тынымсыз істейтін. Жан-жаққа ұн жөнелтілетін. Сүт кешені өнімдері де аудан-облысқа танымал еді. Наубайханамыз болды. Тіпті инкубатордан шыққан балапандарға сұраныс жоғары еді.
Осындай танымал шаруашылықтың бес жыл бұрын тоз-тозы шығыпты. Арнайы барып көрдік. Бір кездегі машина-трактор стансасы қаңырап қалған. Кезінде күн сайын ондаған автокөлік шикізат пен өнім тасуға шығатын гараж шұрқ тесік. Наубайхананың ойраны шыққан. Не болды? Сәбит Сұлтаннан осының сырын сұрадық.
Қазақта «түлкінің қызылы – өзінің соры» деген мақал бар. Осы ауылдан алыста, арадағы аудан орталығынан да әріде тау ішінде Сәбит Сұлтанұлының жекеменшік 100 гектар жері болған. Оның бұрынғы совхоз, кейінгі АҚ жеріне еш қатысы жоқ. Сол тау қойнауынан аукцион арқылы заңды жолмен алынған аңғарды іскер адам тастан аршиды. Тасты лақтырып тастамай, іргеге құйып, қабырғаға қалап демалыс үйін салады. Жанынан мал фермасын ашады. 1000 түп жеміс ағашын егеді. Жерді көгалдандырады. Тастақ аңғарға әрбір ағашты егу үшін қазаншұңқыр қазып, құнарлы топырақпен қайта толтырады. Гүлзар да осындай еңбекпен өскен. Жиырма жыл бұрынғы жас қарағай мен туя ағаштары қазір сонау көкке өрлеп кеткен.
Демалыс орны іспетті үйге Тараздан, Алматы мен Астанадан талай белгілі адамдар келіп дем алған. Соның бірі – бір бармағын бүгіп кетіпті. Алты жыл бұрын аяқ астынан хабаршы келеді. Сол тұстағы аудан әкімі екен. Ол тосын сәлем жеткізеді. «Демалыс үйі мен жерін келіп кеткен қонаққа рәсімдеп берсін. Бір аптаның ішінде». Ертегі емес, 2010 жылдар басындағы нақ оқиға.
Сонымен басталыпты. Пәле Сәбит Сұлтанның бәрі заңды жекеменшігі емес, ол Директорлар кеңесінің төрағасы «Подгорный» АҚ-ға жетті. Ілік табылды. ЖШС-ның пайшыларға қарызы бар екен.
Ілік табылған соң екі арадан арызданушылар пайда болып, облыстық соттан 2004 жылы 5 қазандағы акционерлер жалпы жиналысының хаттамасынан бастап көптеген құжаттарды заңсыз деп табуды талап етеді. Арада тоғыз жыл өткеніне қарамай. Содан соттан сот тізбегі басталды.
2013 жылы 28 ақпанда Жамбыл облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты арызды ішінара қанағаттандырады. С.Сұлтан (бастапқыда тегі Садықов) және Серіктестік пайшыларға 14 524 775 теңге қарызы мен мемлекеттік алым төлеуі керек. Талап арыздың басқа бөліктері қанағаттандырылмайды. Бірақ дау өршиді. Сол жылы 22 мамырда Жамбыл облыстық соты азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы қаулы шығарып, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертеді. Баяғы жалпы жиналыстың жарғылық қордың 5,6 пайызы – жер үлесінен, 94,4 пайызы Қоғамның негізгі қор түріндегі үлесінен деген Хаттамасы күшін жойды деп табылады. Сол сияқты, банкке жерді кепілге қою туралы хаттама мен кепілдік туралы келісімшарт күшін жойды.
Осы сот шешімімен акционерлік қоғамына қатты соққы берілді. Серіктестіктің пайшыларға 14,5 миллион теңгеден астам қарызын 8 миллион 91 мың 449 теңгеге төмендету еш жұбаныш емес еді. Ол қарыз дереу төленгенімен, сот шешімі бойынша серіктестік заңнан тыс болып шығады. Ауылдағы ортақ тірлік тоқтады. Жерін қайтарып алғандар тобы оны енді бұл ауылда мүлде тұрмайтын басқа агрохолдингке жалға берді.
«Ауылда мүлде тұрмайды» дегеннен шығады: бұл селолық округке тағайындалған соңғы үш әкім мен учаскелік полиция қызметкері келіп-кетіп қызмет істейді, – дейді ауылдық дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Әліқұл Мырзагелдиев.
– Ауылдағы медицина жағдайына орай, әкімді жолықтыра алмаймын. Барсам болды, орнында жоқ, ауданда жиналыста жүр дейді. Не деген бітпейтін жиналыс деймін. Нақты себебі, осы ауылда тұрмағандықтан, – дейді Ә.Мырзагелдиев. – Сол сияқты, учаскелік полиция қызметкері тұрақтамайды. 3-4 ай сайын ауысып жатады. Дәрігердің қызметі кейде бұзақылықтан зардап шеккендерге қатысты болып қалады. Сондайда полиция тарапынан ешкімді таппаймын.
Әліқұл керісінше қаладан өз ауылына көшіп келген. Мақсаты – ауыл адамдарына сапалы медициналық көмек көрсету. Бұл қадамы Президент жиі айтатын «Туған жерге тағзым» акциясымен үйлесіп жатыр. Қызмет істейтін ауылына анда-сада төбе көрсететіндерді бұл кісі еш түсінбейді.
– Келіп-кетіп жүріп қызмет істейтін әкім ауыл жағдайын қалай білсін. Әрбіріміздің қолымызда 15 қой, 1 сиыр жайылатын қамысты сай-сала бар еді. Акционерлік қоғам кезінде ауылдың жеке малы үшін арнайы қалдырылған. Соны келіп-кетіп қызмет істеуші әкімдер қамысты шауып, жоңышқа егеміз деп құртты, – дейді ауыл дәрігері. – Басқа ауылдардағы жол, тротуар, көше шамдарын көргенде қатты қызығамыз. Кейінгі алты-жеті жылда Юбилейныйымыз тозып кетті.
Айтып-айтпай не керек, 2010 жылдар басындағы сот шешімі Юбилейныйдың басындағы бақты тайдырды. Өйтпегенде, бұл ауыл да Ақмола облысында – Иван Сауэр, Қызылорда облысында Абзал Ералиев басқарған шаруашылықтардағы орталық елдімекендер сияқты жайнап тұрар ма еді.
– Әлі де мүмкіндік бар, – дейді Сәбит Сұлтан. – Бізбен жұмыс істегісі келетін инвесторларымыз дайын. Америкадан да, Еуропа мен араб елдеріне де қызығушылық бар. Бірақ серіктестікті қалпына келтірмейінше жұмысты бастау мүмкін емес.
Бұл үшін Жамбыл облыстық соты азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2013 жылғы 22 мамырдағы қаулысы мен Жамбыл облыстық соты кассациялық сот алқасының 2013 жылғы 17 маусымдағы қаулысының күші жойылуы керек. Әрине, тағы да сот жолымен.
Енді мәселе Жоғарғы сотта қаралған. Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2017 жылғы 7 қарашада қаулы қабылдап, жоғарыдағы хаттамаларды жоққа шығарған облыстық сот актілерін тоқтатады. Азаматтық істі Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасында қайта қарауға жолдайды. Бітті ме? Жоқ, сот сергелдеңі кезекті айналымға шығады. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы тағы сонау 2013 жылғы шешімді қайталаған.
Бұл кезде елде жағдай өзгерді. Жамбыл облысында да, оның Тұрар Рысқұлов ауданында да бірнеше әкім ауысты. Бар пәленің басы болған Сәбит Сұлтанның демалыс үйіне көзі түскен адамдар басқа қылмысы бойынша сотталды. Сосын және сотталып, жазасы өсе түсті. Әлбетте, ол «Подгорныйға» еш қатыссыз басқа мәселе. Бірақ сол адамдар тастап кеткен шаланың өрті ауылды әлі шарпып тұр.
Елдегі жағдай өзгергендіктен, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтарда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында: «Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек» деп көрсетті. Бұл саясатқа Сәбит Сұлтан толық қосылады. Әрбір ауылда сол елдімекен тұрғындары тірек ететін іргелі кооператив немесе акционерлік қоғам болғанда шаруашылық және әлеуметтік мәселелер оңай шешіледі деп санайды. «Қала құратын кәсіпорын» ұғымы ауылда жат болмауы тиіс.
Елдегі жағдай өзгеріп жатқанда өзгермеген тек Юбилейный ауылы. Мемлекеттік бағдарлама бойынша үкімет салғызған мектеп пен дәрігерлік амбулаториядан басқа жаңа ештеңе жоқ. Бәрі қирап қалғанын жоғарыда айттық.
– Өткенде ауылдан шығар жолымызды қалың қар басты. Бірнеше күн сыртқа шыға алмадық, – дейді Әліқұл Мырзагелдиев. – «Подгорный» АҚ жұмыс істеп тұрғанда мұндай қиыншылықтар болмайтын.
– Қайтадан Серіктестік құрылса, бөлініп кеткендер ақылға келіп біріксе, енді оның атын «Жаңғыру» деп қойса деп ойлаймын, – дейді ардагер Ертөстік Сүлеймен. – Бұл Президенттің «Рухани жаңғыру» мақаласын оқығаннан кейінгі ойым. Елбасымыз ата-бабамыздың жақсы дәстүрлерін одан ары жаңғыртып, жаман әдетін қалдырып кетуді дәл айтқан. Жаман әдетіміздің бастысы – бөліну емес пе. «Бөлінгенді – бөрі жейді, жарылғанды – жау алады» деген ата-бабамызды білімсіз десек те, олар қазіргі кейбір білімділерден артық пайымдаған. Дұрыс сөзге тоқтаған. Қазіргілер дұрыс сөзге тоқтамай, дауласып шығады. Содан ортақ іс оңға баспай тұрып қалады.
Ардагердің бұл пікіріне алып-қосар ештеңе жоқ. Айтпақшы, «бөлінгенді – бөрі жейді» дегендей, «Подгорный» бөлініп кеткен ауыл адамдары өз жерін енді сырттағы біреулерге жалға берген. Сыртта отырғандар алқаптан өнім алуды ғана біледі, ауылға көк тиын пайдалары жоқ. Президент жиі айтатын әлеуметтік-кәсіпкерлік жауапкершілік жағы бұл ауылда айналып өткелі алты жылдан асты. Жерін сырттағыларға жалға беріп қойғандардың да ойланатын кезі келген сияқты. Өйткені Мемлекет басшысы тура 2018 жылғы Жолдауында «Сонымен қатар жерді барынша тиімді игеретіндерді ынталандырып, дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек» деген.
Қайнар Олжай