Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 200 мың теңгеден жоғары – Көліктік бақылау полициясы

Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл 200 мың теңгеден жоғары – Көліктік бақылау полициясы


Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазір вагондарда мүгедектерді мінгізіп-түсіруге арналған құрал қарастырылмаған және КамАЗ-дар рұқсат етілген 25 тн жүкті емес, 40 тонналап тиеп, әкімшілік құқық бұзатын фактілер жиі кездеседі. Мұндай кезде Көліктік бақылау полициясы айыппұл салуға міндетті.


Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы Еркін Оспанов ашық есік күні барысында айтты.
Бүгін мемлекеттік мекеме өздерінің «ашық саясат» жүргізіп отырғанын, халықпен жақын екенін көрсету мақсатында ашық есік күнін ұйымдастырды. Бөлім басшысының айтуынша, тұрғындар тарапынан «Инспекция тарапынан тағайындалатын айыппұл саны неліктен көп?» деген сұрақ жиі қойылады.
«Бүгін таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін ашық есік күні өтіп жатыр. Әрбір жеке, заңды тұлғалар өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарды қоя алады. Біз барлық сұраққа жауап береміз, қолдан келгенше көмектесеміз. Ашық есік күні мемлекеттік қызметшілерге сенімді арттыру мақсатында өтеді. Таңертеңнен бері 10-нан астам адам келіп кетті. Әр бөлім мамандарына сұрақтар қойылды. Көбіне «Неге бізді соншалықты көп әкімшілік жауапкершілікке тарта бересіздер?» деген сұрақ болды. Заң талаптары барлығымыз бірдей болғандықтан, өзімізге міндеттелген жұмысты атқарамыз», - деді «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясы» РММ-да бөлім басшысы Еркін Оспанов.


Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық фактілері болмау үшін мекеме ұсынатын қызметтер онлайн түрде іске асып келеді.
«Бүгінде біз ақылы және тегін түрде қызмет көрсетеміз. Бірақ біз жеке және заңды тұлғалармен тікелей байланысқа түспейміз. Олар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барады немесе egov порталы арқылы тиісті өтініштерін жібереді. Егер заңға сәйкес болса, құжатын қабылдаймыз, ал керісінше жағдайда, қанағаттандырмай қайтарамыз. Олар неліктен «отказ» болғанын білу үшін, қай жерде дұрыс болмағанын нақтылау үшін бүгінгі ашық есік күнінде келіп білді. Мемлекеттік стандарттарға сәйкес келу керегін түсіндірдік. Бүгінде министрліктің сайтында жеке блок бар. Сол жерде қандай талап бар және не істеу керектігі туралы ақпарат бар», - деді Оспанов.
«Кез келген адам министрліктің сайтына кіріп отырмайды ғой?» деген сұрағымызға толығырақ жауап берді.
«Иә, ақпараттық парақшалар таратамыз. Бұдан бөлек, үлкен мекемелерге ақпарат жібереміз. Себебі олар жеке тұлғалармен келісімшарт жасайды. Сол келісімшартта стандарттар көрсетілген. Соған қол қойған кезде олар талапты «оқыдым, келістім» деп қол қояды. Тағы БАҚ-қа ақпарат таратамыз, ашық есік күнін өткізіп отырамыз», - деді маман.
31 шілде 2019 ж. 696 0