«Бақытты отбасы» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша елордада баспаналы болу үшін 15 миллион теңге көлемінде қарыз беріледі.
Несие мерзімі – 20 жыл. Бастапқы жарна – 10 процент. Халық үйді өздері таңдайды. Егер пәтерді бірінші нарықтан аламын десеңіз, әкімдік тарапынан 1 миллион теңге көлемінде сертификат табысталады. «Бақытты отбасы» жобасының бірінші кезеңі шілденің 17-сі мен 31-і аралығында өтті. Бағдарламаға толық емес, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бүлдіршін, жасөспірімдері бар отбасылар қатыса алады. Жалпы қазір бас қалада 47 мыңдай адам тұрғын үй кезегінде тұр. Биыл шаһарда коммуналдық тұрғын үй қорынан 1634 пәтердің кілті табысталмақ. Оның 730 шақтысы жалдамалы болса, 230-дан астамына көп балалы отбасылар ие болады. 105-і ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға, біреуі соғыс ардагеріне, 270-тен астамы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналады. Қалған 115 пәтерге мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік ұйымдардың өкілдері кірмек. Ал келесі жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан тағы 1640 пәтер пайдалануға беріледі. Бұл бағытта әсіресе аналар басымдыққа ие болмақ.
Әнуар Сайыпов, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:
– Егер бұрын алтын алқа, күміс алқаға ие болған аналар халықтың әлеуметтік осал топтарына кірсе, қазір аталған тұлғалар басқа санатқа көшірілді. Олар да жетім балалар сияқты бірінші кезекте үйге ие болады. Берілетін баспаналардың 20 проценті аталған топтағы адамдарға арналады.
24.kz