Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Атадан жақсы ұл туса, қар үстінде от жанар

Атадан жақсы ұл туса, қар үстінде от жанар



Тектіліктің темір қазығындай болған Әбдірахман бабамыздан сегіз перзент тараса, соның бірі – Әбжаппар әкеміз. Қазақ «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дейді. Сол қанмен келетін қасиет Әбжаппардан өтіп, қос ұлы Жүрсін мен Амангелдіге дарыған десек, сөзімізді ешкім жоққа шығара қоймас.
Ендігі әңгімеміздің әлқиссасы осы екі азамат дүниеге келіп, кіндік қаны тамған өңірдің кешегі кескіні мен бүгінгі келбеті хақында болмақ. Халық даналығы «Дарақ бір жерде көгереді» десе, екі ағайынды азамат та 19 бекетте өмірге келген. Жалпы ол жер – арғы атасы Әбдірахман мен өз әкесі Әбжаппардың да өсіп-өніп, көктеп-көгерген құтты мекені. Тоғыз жолдың торабында орналасқан теміржол бекеті шағын болса да, өзге елді мекендермен терезесі тең. Темір жолдың бергі бетінде орналасқанымен, шаруасы шалқыған «Ащықұдық» ұжымшарында тіршілік қайнап жататын.
Кейіпкеріміз Жүрсін аға ... медучилищені бітіріп, дәрігерлік мамандық алып келген соң, бүгінгі Бала би ауылында жұмыс істеп, отбасын құрып, кең қанат жайды. Әкесі Әбжаппар зейнетке шыққан соң, бұлар Бәйгеқұмға қоныс тепті. Ал Амангелді жары Ұлтаймен бірге Алматыдағы медицина институтын бітіріп, аудан орталығына жұмысқа орналасып, Шиеліде тамыр тартты. Міне, өмір жолы осылайша басталған ағайынды қос ұлдың өсіп-өнуі, өркендеуі арқасында бүгінгі күні Әбжаппар әулеті үлкен бәйтерекке айналды.
Реті келгенде айта кетейік, ХХ ғасырда Шиелі ауданының тарихы мен тағдырын күрт өзгертіп, жаңа арнаға бұрған екі фактор бар. Оның біріншісі – ежелден Қазақстанның оңтүстігін гүлдендіріп, егін алқаптарының өркен жаюына себепкер болған Сырдария өзені. Екіншісі – 1901 жылы құрылысы басталып, 1905 жылы салынып біткен Орынбор-Ташкент теміржолы. Иә, нақ осы теміржол бұл өңірдің тыныс-тіршілігіне үлкен өзгеріс енгізіп, өмір дариясына айналған оң құбылыстың бірі болды. Бұл теміржол Қызылқұм бойын жағалап, төрт түліктің соңында жүрген көшпенді халықтың көпшілігін жаңадан бой көтерген бекеттерге қоныстануына, елде отырықшы халықтың қалыптасуына зор ықпал етті. Шиелі, Бәйгеқұм станцияларының соғылуы аймақта өндіріс орындарымен қатар далаға түрен салып, мұндағы сауда мәдениетінің дамуына жол ашты. Кеңес өкіметі орнаған соң бұрынғы С­кобелев мекені Шиеліге айналды. Жаңа жерлер игеріліп, колхоздар құрылды. Халықтың жаңа ұрпағы өмірге келіп, тұрмыс қазанын қайнатты.
Міне, осы зор өзгеріс, оң жаңалықтардың тіршілік тынысын байқату үшін осы өңірдің, оның ішінде Ащықұдықтың түлегі, мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Абдолла Дәулетұлының 2010 жылы жарық көрген «Нұрлы жол» атты естелік-эссе кітабындағы бірер үзіндіге үңілейік: «...Сырдария өзені өзінің ағысында Жаңақорған, Төменарық елді мекендерінің жанынан, түбінен өтеді де, Төменарық тұсынан кілт бұрылып Қызылқұмға бағыт алатыны аян. Байсын ақсақал «Міне, өзеннің осы ерекшелігін пайдаланып, батысқа бұрылған иінінен саға салып, бүгінгі Гигант ауылы жанындағы Бидайкөлге дейін қолдан су жүйесін қазуды дұрыс деп тауып, ел-жұртты жұмылдырып, қысқа мерзімде бұл ойын жүзеге асырады. Бидайкөлге жеткен дария суын Ы.Жақаев ауылының батысында 15-20 шақырым жердегі Иіркөл, Ақөзек, Көкиірім су жүйелеріне қосу үшін Шиелінің батыс жағынан тағы да арнайы канал қаздырып, дария суын Ақөзекке жеткізеді. Бұл Шиелі тарихында «Шиелі өзегі» деп атау алды. Ақөзек, Көкиірім су торабы Жансейіт (теміржолдың 21-бекеті маңы) көліне жеткізіліп, қазіргі Оқшы ата аймағындағы терең көлге қосылады. Ел басшылары байыптай келіп Бәйгеқұм жанындағы үлкен ойпатты тиімді пайдаланып, «Ханқожа» су қоймасын салады. Арнайы айтылатын бір жайт – Төменарықтан Бидайкөлге дейінгі жерде су жолын, яғни канал қаздырғанда жері сортаң, өңірде жайылып өскен жабайы қызыл шие мол болған. Сол шиелерді түбірімен қопарып жүргенде дуалы ауызды Байсын ақсақал «Апыр-ай, мына жер бір киелі аймақ екен, мәуесі мол, елге құт-береке әкелейін деп тұрған қасиетті топырақ қой» деген сөзінен кейін осы аймақтың, дәлірек айтсақ, 1919 жылғы мамырдың он тоғызында халық ұсынысымен өкімет арнайы шешім шығарып, бұрынғы Скобелев кенті атын өзгертіп, Шиелі деп қойылғаны – тарих шындығы», – деп дәлел келтіреді қайраткер.
Кейіпкеріміз Жүрсін Әбжаппарұлы ат жалын тартып мінген шағында елдегі осындай өзгеріс, жаңарып-жақсарулардың басы-қасында жүрді, құр жүрмей шама-шарқы жеткенше аянбай тер төгіп, өзінің мол үлесін қосты. Мұндай жаңалыққа – табиғаттың ғана кереметі емес, тарихтың әсер-ықпалы зор. Осы орайда әрбір жердің өз ғұмыр тарихы, тағдыры да болары хақ. Кеңес өкіметі қарыштай бастағанда ашылып, гүлденген «Ащықұдық», «Талаптан» колхоздары кейін КСРО көсемі Сталин жарлығымен бірігіп, іріленгенде Ащықұдықтың басынан бақ тайды. Халқы отырған жерін таст­ап көшіп, болашақ Бала би ауылына қарай ойысты. Ал күштеп ұжымдастыру көп уақыт өтпей күндей күркіреген соғысқа ұласты. Мәңгіліктей көрінген сұм Сталин де мерт болып, алақұйын Никита Хрущев дәуірі жүрді. Ал Леонид Ильич Брежнев дәуірі – Қазақстан үшін ғана емес, Шиелі, 19 бекет, «Қазақстанның 30 жылдығы», Бәйгеқұм үшін де – гүлденген ең мамыражай шақ болды. Біз мұның шындығын көркейген Шиелі, Бәйгеқұм, Сұлутөбе ауылдарының кескін-келбетінен көре аламыз.
Кейіпкеріміз Жүрсін ағаның өн бойында азды-көпті айтылған өмір өресі, бітірген іс – еңбек белестері, адамгершілік із – емшілік қасиеті жөнінде қайталап жатпастан, ең баст­ы мұрасы – дәулеті жөніне көшсек, оның әке Әбжаппар еккен жай теректі мәуелі бәйтерекке айналдыруға қосқан жемісті де жеңісті үлкен үлесін көрер едік. Бұл жерде біз дәулетті тар аяда түсініп, оны дүние-мүлікпен өлшемей, керісінше «Адам баласының мәңгілік негізгі өлшемі – ұрпағы» деген мағынасын алға шығарып отырмыз.
Міне, нақ осы тұрғыдан келсек, Жүрсін Әбжаппарұлының үрім-бұтағы – бүгінде жеке бір жарық-сәулесі мол, болашағы зор сәулетті, дәулетті әулет. Адам атын өлтірмей, еңбегін өшірмей, жалғастыра беретін мәңгілік өмірі де – осы ұрпағы емес пе?
Жүкеңнің тұла бойы тұңғыш перзенті – Бибіхадишасы үйдің үлкені болғандықтан, атасы мен әжесінің тәрбиесінде болып, туған әке-шешесін аға-жеңге деп өседі. Ол Бәйгеқұмдағы №251 М.Әуезов атындағы орта мектепті үлгілі тәмамдап, қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетін жақсы бітіреді. Ежелден тарихы терең киелі жерде туып-өсіп, бойжеткен ол, жастайынан ғылымға бет бұрып, қазір тарих ғылымының докторы атанып отыр.
Бибіхадишадан кейінгі Жүрсін мен Тұрғанкүлден тараған бес ұл мен кенже қыздары Бибінұр мен Айнұр – өмірлік өз жолын тауып, бүгінгі күні текті әулеттің тамырын тереңге жайып отырған жандар. Олардың әрқайсысынан салиқалы ұрпақ өрбіп, алды немере сүйіп, шөбересінің қолынан су ішіп отыр. Қара шалдың қамқорлығында болып, қызметіне жарап, батасын алған үлкен ұлы Сейтқали әуелден қатарының алды болды. Озық ойлы, бастамашыл азамат қазіргі таңда жеке кәсібін өркендетіп, туған жерге үздіксіз қол ұшын беріп келеді. Ал Нұрғали баба жолын жалғап, көлік саласында жоғары оқу орнын бітіріп, Бәйгеқұм, Жаңақорған станцияларында станция бастығы қызметін атқарды. Бүгінгі таңда Шиелі теміржол станциясы бастығының орынбасары. Сұлтанғали мен Ерғали да елдің сөзін сөйлеп, халыққа қызмет етіп келеді. Ал мәуелі бәйтеректің тамырына нәр беріп, қара шаңыраққа иелік етіп отырған кенже ұлы Мырзағали Жүкеңнің жолын жалғап, ізін басып келеді.
Иә, біз Құдайдан бала сұраған сәтімізде оның саналы болуын қоса сұрайтын халықпыз. Байқасақ раббысынан саналы ұрпақ сұраған Жүрсін ақсақалдың дұға-тілегі қабыл болғандай. Оның дәлелі артында қалған дәулеті дер едім.


Бақыт Сарбалаұлы,
сыншы
30 шілде 2019 ж. 1 250 0