Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ, ТЕКТІЛІК ТҰҚЫМ ҚУАДЫ

ТЕКТІДЕН ТЕКТІ ТУАДЫ, ТЕКТІЛІК ТҰҚЫМ ҚУАДЫ


Қазақ біреуге риза, ісіне тәнті болғанда «текті атаның баласы» – деп айтады. Әлі есімде мен алты жаста едім, жаздың ыстық бір күніңде күрке ойнап отырғанда, ауылға бір-екі салт атты ақсақал келді. Қонақтар шәй ішіп, ет жеп аттанып кетті. Не болғанын білмеймін. Әкемнің: «Ит-ай, тексіз деген жеті атасына жететін ауыр сөзге душар болды. Шапанының етегін кесіп, елден қуу керек еді. Қаңғырып далада өлетін... Ант ұрғанның ісі адамдыққа сыймайды, біреудің көз жасына қалған адамның кесірі ұрпағына тиеді, жамандық ізсіз кетпейді. «Қыз ақылды болмас, ана тәрбиесін көрмесе, ұл жарылқап, ас бермес, әке тәрбиесін көрмесе» – деген сөзін естідім. Кімге ренжігенінің, себебін білмедім. Ертеңінде «тексіздік» туралы сұрадым.

Әкем: «Тектілік – қанмен берілетін адамдықтың, жақсылықтың жиынтығы. «Тексізді төрге шығарма, үйіңді былғайды, ісімен жүрегіңді жаралайды. Жабыдан тұлпар шықпайды, тексізден текті тумайды. Жабыдан тұлпар артық шапса да, тексізден текті тумас мақтаса да». Есіңде болсын, көргені жақсы көш бастайды. «Таудан аққан тасбұлақ, құяды барып теңізге, жаманды жақсы деп айтпа бір жері тартар тегіне» деп қараған қазақ тектілік үлкен адамдық қасиетті ұрпағына басқа бақ қонса таситын, бақ тайса жаситын тексіз болмауын ескертіп отырған. Түбі жат бала – ұл болмас: ішер, жер, киер де кетер, бірақ «көрдім» демес. Тектілік түйсігі бар жан-жануарлардың бойында да болады.
Қазақ жылқыны мінсе ер қанаты, қымызы бал, еті дертке дауа жануар судың тұнығын жүзіп ішетін, шөптің шипалысын жейтін малдың тектісі, жылқы сезімтал, жаратылысы ерекше болғандықтан пір тұтқан. Аң тектісі арқардың тоқтысы шыбышында буаз болып лақтамайды. Құс тектісі қыран бүркіт те қартайғанда аң аулауға шамасы келмесе, тышқан аулап, ұяда жатқанды ар, қорлық көріп, қиядан құзға қанатын соғып өледі. Ал, тексіз доңыз мегежіні аш болса, өзінің торайын жейді. Ісі түссе итті де «бауырым» дейтіндер де тексіз. Тәрбиесі жоқ адамды қазақ тексіз немесе көргенсіз деп айтады. Бұл ауыр сөз. Бұл сөзді естігеннен жер басып жүргеннен көрге түскен жақсы. Райхан, балапаным! маған қойған көк тасың сол болсын « иттің асыраған баласы» деген сөзді айтқызба деп»- еді. Осы сөзі мәңгілік менің есімде қалды. Ойлап отырсақ қазақ ұрпақ қамын ойлап, тексізде ұят болмайды деп, тектіден қыз алып, текті жерге қыз берген. «Заман бұзыларда әйел бұзылады» – деп халқымыз бекер айтпаған екен. Әлеуметтік желіде қазаққыздары арын ақшаға балап, жарнама салуда. Сайын көшесіндегі жезөкшелер туралы естіп, ел шошитын еді. Олар тәнің сатса, мыналар пәктігін сатамыз дейді.
Қазағым басқа елге мазақ болдық. Тоқал болғым келеді дегендерден айналып кетейік, жар болам деген. Ұят та болса айтайын, «қышыған жатырдан, ұшынған бала туады» дегендей... Қазақта ренжігенде:
«Жатқан жатыры жаман» дегендей, бұлар қандай анадан туды екен?
Бұзылған қатын бұралқы итпен тең дегеннің кері ме? Адамдықтан айуандыққа бет бұрған. Құдай адастырған жандар, яғни, көргенсіздерді жөнге салатын заңның жоқтығы ма? Қазақ тәні түгілі асын сатпаған. Қазақтың болашағы қыздар дейміз. «Бар сенген байталға айғыр шауыпты» дегендей болдық. Бұрын «қайтып келген қыз жаман, қайта шапқан жаужаман» деген сөзді қалдырған Ұлы даланың ұрпағына не қарғыс тиді екен? Ертеде қазақта өлген адамды оң жаққа салып, бақилық болды, шиден тысқары деп, өлікті шығаратын. Қазақ «кеткен қыз шиден тысқары» деп айтының өзінде үлкен шындық және екеуінің арасында үлкен байланыс бар. Қыздың қайтып келуі – өлікті үйге алып келгенмен бірдей. Ол көзге шыққан сүйелдей болып, өз үйінен орын таппаған. Ал, төркіндеп келіп жату, құтты мекеніне келіп жату ол үлкен қуаныш. Бір жылдан төркіндеп соң төркіндеп келу себебі, жүкті болған қыз өз ата- анасына ішін көрсету әдепсіздік болып есептелгендіктен, қызды да оң жаққа шығарып, шымылдық құрып, тұрмысқа беретін. «Үйден кеттің, судай сің, тастай бат» – деп, артына қараса қайтып келеді деп, ырымсыз аяқ баспаған халықтың жағдайы осындай мүшкіл халге жетті. Қыз баланы әжелері көлденең көк аттыдан, жеңілтек жеңгесінің жанына жатқызбай әжелері қасына алып жататын. Керге көгінің үш бойына жетсе, қыз баланы балиғатқа толды деп, қамқорлықты күшейтетін. Ауылдың үлкен аналары тіпті оң жақта отырып, оймағын сындырған өнегесіз қызды ауылына қыздарын апармайтын. Көргені жоқ көргенсізге жолама деп, ақыл айтатын. Айттырған жері қыздың жеңіл жүрісін естісе қыздың бұрымын кескен. Басқа халықта да қыздың адалдығына көп көңіл бөлген. Шешен, сыған мен молдаван халқында той үстінде үзілісте, үйленген жастар төсек қатынасында болып, қыз пәктігі дәлелсенсе, қыз ата-анасы құрметке ие болатыны белгілі. Қыз пәктігі болмаса, той үстінде ел алдында масқара болып, той шығынын немесе үйдегі басқа қызын беріп, айып төлейді. Ертеде қазақта қызды ұзатқанда анасы мен жеңгесі бірге барып, қыздың адалдығы болса, қыз шешесіне құдағи жүзік салған. Ел алдында қыз анасының мәртебесі артқан. Жігіттің аулында болатын тойға тек анасы ғана қатысқан. Анасының бару себебі қызының ерте тұрып, ауылдың түндігін ашып, бата алсын деген. Бүгінде қыздарымыздың адалдығынан айырылып, күйеуінен таяқ жеп, ажырасуы қыздың арсыздығынан деп білемін. Қыздың пәктігі сол әулеттің болашақ ұрпағынының тектілігінің тетігі ( коды). Тетігі бүлінген дүниенің құны жоқ екенің ойлану керек. Қасқырдың құртқасы басқа көкжал зорласа, өзінің аналық мүшесін өзі түбімен жұлып тастайды емес пе? Қыздарымыз адалдықтың қадірін аң құрлы білмегендері қатты жанға батады. «Қыз абыройы – ауыл абыройы», «қызды қырық үйден тыю» деген қазақ қыздың жөнсіз қылығына жол бермеген. Менің әжем Арғынның Тоқа руынан еді.
Сол әжем:» Ұл өсірсең- азаматты тәрбиелейсің, қыз өсірсең – ұлтты тәрбиелейсің» – деген халық даналығын жиі айтатын. «Ұлың өсіп ер жетер, қызың өсіп бой жетер» дегендей ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлейік. «Мал баққаннан қыз баққан қиын» – деп бекер айтпаған. «Барған жерінде еріккен әйел өсекке үйір, желіккен әйел төсекке үйір» дегізбей қыздарға көңіл бөлу ананың басты міндеті болуы керек.

Райхан Матаева.
21 мамыр 2019 ж. 14 776 0