Туризмді дамытуға арналған Jastar kerýeni басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ішкі туризмді дамытуға байланысты «Jastar kerýeni» әлеуметтік жобасы бастау алды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов айтты.
«Биыл елімізде Жастар жылының жариялануына байланысты 89 бағыт бойынша жобалардың жол картасы дайындалған еді. Соның ішіндегі ең ірі жобаның бірі осы «Jastar kerýeni» ұйымдастырылып отыр», - дейді Шаxмардан Байманов.Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры Тоқтар Болысова конкурс нәтижесі 25 шілдеде белгілі болатынын айтты. Содан кейін іріктеуден өткен жастар 12 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен слет өткізеді.
«Ал ертеңінде, 13 тамызда 7 бағыт бойынша сапарға аттанады. Ақмола, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларына жол тартқан белсенді жастар 4 күн бойы 7 өңірдің туристік нысандары мен киелі орындарын аралап, алған әсерлерін әлеуметтік желіге жариялайды. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Әлеуметтік желіде белсенді жастар туризм саласында трендтер қалыптастырып отыр. Сондықтан әр бағытқа жастармен бірге блогерлер барады. Жастар солар бөліскен ақпарат арқылы еліміздің туристік әлеуеті жоғары өңірлер туралы толыққанды ақпарат алатын болады», - дейді Тоқтар Болысов.
Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директорының айтуынша, осы күнге дейін 1000-нан астам адамнан ұсыныс түскен. Шілденің аяғына дейін олардың саны 2 000-ға жетеді деп күтілуде.
«Іріктеуден өткен жастар сапар соңында өз ұсыныстарын айтады. Оны жинақтап, тиісті мемлекеттік органдарға жолдаймыз. Нәтижесінде жастар ақысыз қыдырып қана қайтпай, жер-жердегі туризм инфрақұрылымын қалай шешу керектігі жөнінде өз ұсыныстарын білдіреді», - дейді ол.