Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРЖАННЫҢ ӘНДЕРІ-АЙ!

БІРЖАННЫҢ ӘНДЕРІ-АЙ!


Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры және халық ән бөлімінің жеке орындаушылары Біржан салдың шығармашылығына арналған «Айбозым» концертін өткізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында тарихи-мәдени мұраны сақтау, дамыту және дәріптеу мақсатында «Қазақстан» ОКЗ камералық залында өткен концерт тыңдармандарына тамаша көңіл-күй сыйлады. 
Біржан Қожағұлұлы өмірден озбай тұрып өзінің бай ән мұрасы, сирек таланты мен даналығы үшін халықтың құрметіне ие болып, сал атын иемденді. Біржанның әрбір әні – бұл орындаушы­лар­дан ерекше вокал­дық қабілет пен мінезді талап ететін қазақ музыкалық шығармашылығының інжуі.
Мемлекеттік академиялық филармо­ния­­сының камералық хорының көркем­дік жетекшісі әрі дирижері – Мәдениет қайрат­кері, Қазақстанның білім беру саласының үздігі Гүлмира Құттыбадамова: «Біржанның әндері жан-жақты, толық­қанды, әуені бай. Оның әндерінен рақатқа бөленесің. Себебі, онда зар да, нәзіктік те, аңсау да бар, сол сияқ­­­ты ән арқылы асыл сезімдер беріле-
ді», – дейді.
Хордан өзге, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы (көркемдік жетекшісі – Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек), Данияр Мұқан мен Жақсыгелді Маясаров секілді халықаралық байқаулардың лауреаттары, халық ән бөлімі­нің жеке орындаушылары да Біржан­ның шығармаларынан орын­дады. Концерттің арнайы қонағы Қазақ­стан­ның ең­бек сіңірген артисі Қапаш Құлышева да тың­дарман­да­ры­ның құлақ құрышын қан­дыр­­ды.
Кеш бағдарламасында махаббат, әлеу­мет­тік теңсіздік пен философиялық ойлар тақы­ры­бына арналған қазақ бұлбұлының жауһар­лары орындалады. Ахмет Жұбанов­тың пікірі бойынша Біржанның әндері – оның өмірінің шежіресі, яғни өміріндегі оқиғалары мен кездесулері әндерінің пайда болуына себеп болған. Осылайша, концертте әлеу­меттік әйгілеуші әндер жанрындағы жоғары жетіс­тік­ті көрсететін «Жанбота» (өңдеуші – Д.Мацуцин) әні орындалады. Біржанның ғашықтық әндерін шынайы лиризм, сезімнің адалдығы мен тереңдігі айрықша етеді. Концерт тыңдар­мандары ақынның «Ғашы­ғым» (өңдеу­ші – Г.Бере­ге­шева), «Ләйлім шырақ» (өңдеуші – Б.Демеуова), «Айтпай» (өндеуші – Г.Түндікпаева-Жақсыгелді) және т.б. ең үздік туындыларына масайрап қайтты.
Өмірінің соңында шығарылған Бір­жан­ның әндері амалсыз мұңға толып, қайғыны көрсетеді. Сонымен қатар кон­церт­те «Теміртас» (өндеуші – Г.Түндік­пае­ва-Жақсыгелді), «Бұрылтай» (өңдеу­ші – Д.Мацуцина) әндері орындалды.
Камералық хор биыл 6 маусымда «Ұлы даланың ұлы ақындарынан қалған мұралар» деп аталатын концертін бер­мек­ші. Хорда барлығы 38 адам бар, бәрі дерлік – жастар. Осыған дейін халық­аралық олимпиадаларда «Камералы хор», «Рухани музыка» аталым­дары бойынша екі алтын медальға ие болған. Алда­ғы уақытта Қытайға фес­тив­альге бару­ды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Түркия­да концерт өткізуге шақырту алған екен. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тыңдармандары­мыз­ға өнерімізді паш етсек дейміз» дейді Гүлмира Құттыбадамова.
 
Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ
07 ақпан 2018 ж. 1 184 0