Ақбөкеннің киесі
– Көгермегір-ай, не істедің? Шаңырағымды құрттың-ау, қақпас.
Қара кемпірдің жан дауысы шықты. Алақандай ауылдағы аңшы Алпысбайдың үйінен өрт шығып, көне сарайдың үстіндегі киіз үйдің шаңырағы отқа оранып жатыр.
– Бұл сұмдықты көргеннен шалмен бірге аттанып кеткенім жақсы еді ғой, – дейді бір уақытта күңкілдеп қара кемпір.
Бала-шаға, көрші қолаң қолдарына шелек ұстап өртке су шашып жүр. Ол не болсын, қанатымен су сепкен қарлығаштай қызыл жалынның үстіне тамшыдай тамғаны болмаса, титімдей де пайдасы болмасын сырттай бақылап тұрған былайғы жұрт әлдеқашан түсінген.
Қара терге малшынып, шашының ұйпа-тұйпасы шыққан кемпір орамалымен маңдайын сүртіп отыр. Жанарынан аққан тамшы бетін жуып жатыр. Қорс-қорс етеді. Ата-анасына ренжіген баладай өксігін баса алмай біраз отырды. Алпамсоқ Әли әжейдің қаһарынан қорқып ауыл сыртындағы жұртқа қашқан. Шылым шегіп, өткен жылғы ескі үйден қалған қамыс арасында тығылған бала титтей шоқтан зор бәле келетінін қайдан ұқсын?! Аңдамай басқан қадамы тұтас шаңырақтың шаттығын кетіріп, кейуананың ұнжырғасын түсірді.
Ымырт үйіріле Алпысбайдікіндегі айғай-шу басылып, ел орынға отырған. Көрші Ермектің кемпірі мен келіні оңашалау шығып кетіп, әлг
і сарайға қарап тұр. Келін Айгүл қара кемпірдің келіні екеуі сол сарайда күнде кешкілік киікші Мәліктің аңшылықтан түскен олжасын сойып жатушы еді... Құдды бір соның киесі ұрғандай сезінді. Басқасын былай қойғанда өткен жолғысының мөлдіреген жанарына көзі түскен. О, Құдай-ай, жанарынан бір тамшы сырғанап бара жатқандай көрінді. «Апырай, сол киіктің киесі емес пе?» деп қалды ішкі ойы. Алпысбайды да жұтқан сол аңшылық еді-ау. Ендігі Мәліктің жағдайы не болмақ... Сан мың оймен алысып жатып келіннің көзі ілініп кеткен екен. Тағы да таң қыла бере қара кемпірдің ащы дауысы қайта шықты. Қолына ілінгенін іле шала сыртқа шығып еді, ағылған жұрт тағы да Алпысбайдікіне қарай тартып барады екен.Айгүл өз көзіне өзі сенбеді. Әлидің той күнін белгілеп, баласының үйленетініне шаттанып, кезекті аңшылыққа шыққан Мәліктің денесін көліктен түсіріп жатыр екен. Бір емес, екі мүрде жатыр. Екіншісі, ауылдың арғы басындағы Қазынабектің ұлы Шыңғыс. Құла түзде орауға түк таппай, қыстық киімдермен тұмшалап әкеліпті. Қара күпәйкенің арасында Мәліктің аққұба өңі ғана көрініп тұр. Денесі қызыл қанға боялыпты.
– Құлыным-ау, құлыным-ау, – деген күйі қара кемпір сұлқ түсіп отыра кетті. Айналадағылар жұбатарға сөз таппады. Сонадайда состиып қалған Айгүл де ауық-ауық көзі жасаурап киіктің қаны сіңген қолына қарай берді. «Ақбөкеннің киесі бар» деп бекер айтылмаса керек-ті.
Арада айлар өтті. Айгүл көршінікіндегі жағдайдан кейін ес жия алмады. Сол ақбөкеннің көзінен аққандай тамшы жас оның жүрсе ойынан, жатса түсінен шықпай, түн баласы тыным таппайтын боп алды. Тіпті, ұйықтап жатып сандырақтағаны былай тұрсын, сенделіп айкезбе болып кетуге шақ қалды. Жолдасы Әміре жарының жағдайына алаңдап, жұмысын тастап, үйден шықпайтын болды.
– Айгүлжан, келінім емес, қызыма айналдың. Мазалап жүрген ойың болса, айт. Ұйқы бермей жүрген дертің болса, шеріңді шығар. Былай жалғаса беруге де болмас, – деді Ермек таңертеңгілік шай үстінде шашы түсіп жылтырай бастаған басын сипап.
Алпысбайдың үйіндегі сарай өртенгелі бері мазасы қашқан келіннің жай-күйіне алаңдап енесі де жүрек тұсын ұстай беретінді шығарған. Тап басып айта алмаса да, іштей сезіп жүрген еді. Әйтпесе, күн сайын тілге жұмсақ, дәмі тіл үйірер киіктің етін жеп келе жатқалы қашан. Оның қара кемпірдің келініне жәрдем берген соң қолүзікке әкелетінін күнделікті көріп жүр ғой. Сарайдың сыры ешкім анық айтпаса да мәлім болып тұр. Әйтпесе, Мәліктің жаназасында Айгүлдің қолы қалтырамас еді ғой.
Дастарқан басында келін ләм-мим тіс жарып ештеңе айтпады. Жолдасы да көңіліне қарап, ата-анасына ишара қылды. Осылай үнсіздікпен бұл күнді де аяқтады.
Таңертең тұрған Ермек әншейінде таң қылаң бере дастарқанды жайнатып қоятын келінді байқамады. Шаршағаннан әлі де ұйықтап жатқан болар деген оймен қораға бет алған. Асықпай кәлөшті сүйрете аяңдап келе жатқан ол қораның есігін ашқан күйі қақшиып қатты да қалды. Көзі шарасынан шыға арқанға ілініп тұрған Айгүл ауызғы қорада жан тапсырыпты. Қайдан екені белгісіз екі қолы қып-қызыл қанға боялыпты.
Алпысбайдың ауласына қаратып, тезек лақтыратын саңылау болушы еді... Онан арғы беттегі өртке оранған сарай анық көрініп тұр. Ал Айгүл соған қараған күйі сеспей қатыпты.
Арада жылдар өтті. Бұл оқиға ел аузында біразға дейін айтылып жүріп басылған. Киікші Мәліктің ұлы Әли белгісіз ауруға душар болды. Жыл сайын беті-аузы қисайып, ұсқыны қашып кетеді. Қолдағы барын салған әжесі менмін деген мықтыларға көрсетсе де ем таба алмады. Ал баяғы сарайдың орны тып-типыл, ақ тақырға айналды. Қара кемпір қанша тырысса да ол жерді көгерте алмады. Ұрланып сойған ақбөкеннің қаны сіңіп қалған жер еді-ау ол.
Дәулет ҚЫРДАН