Әлемдегі ең ерекше 10 қонақүй
Бүгінгі таңда қонақүйлердің адам өмірінде алатын орны өте ерекше. Алыс-жақын шет елдерге іс-сапармен шыға қалсаңыз немесе шытырман оқиғаларды іздеу мақсатында ел кезетін болсаңыз, қонақүйдің көмегінсіз тығырықтан шығу мүмкін емес. Әсіресе, қонақүйлер - туристер қауымының екінші үйіне айналып кетті десек те болады. Ендеше, бүгінгі тақырыбымыз ерекше мекендерде орналасқан ең ерекше қонақүйлерге арналады. Celica қонақүйі. Атақты Lonely Planet жолкөрсеткіш кітапшасында Celica қонақүйін әлемнің ең сәнді қонақүйі деп көрсеткен. Польша жерінде орын тепкен бұл ғимаратқа қонақ бола қалсаңыз, тұтқындардың өмірін сезініп көруге мүмкіндігіңіз бар. Қалай дейсіз бе? Өйткені қонақүйдің бөлмелері түрме камерасы секілді (есік-терезелері де түрме торына ұқсас) жасалған. Gyreum Eco-Lodge қонақүйі. Сіз өміріңізде пудинг жеп көрдіңіз бе? Тіпті, көзіңізбен көрген де жоқсыз ба?! Олай болса, Ирландияда орналасқан Gyreum Eco-Lodge атты ерекше қонақүй дәл осы пудинг пішіндес болып келеді. Әдетте мұнда мерекелік іс-шаралар, семинарлар мен конференциялар, үйлену той рәсімдері өткізіледі. Yunak Evleri қонақүйі. Бұл - әлемдегі жалғыз «үңгір» қонақүй. Ол Түркия жеріндегі тас діңгектер аумағында орналасқан. Сондай-ақ, қонақүйде бес ғасыр бойы қызмет көрсетіп келе жатқан бөлмелердің бар екендігін біле жүріңіз. Clink қонақүйі. Clink қонақүйі Лондонның ескі сот ғимараттарының бірінде орналасқан. Қонақүйге ат басын тірей қалсаңыз, сот залында отырып тамақтануға мүмкіндігіңіз бар. Қонақүйге жақын маңда атақты Сент-Панкрас вокзалы мен Британ мұражайы бар. Kadir's Top Tree қонақүйі. Түрік сәулетшілерінің тағы да бір тамаша туындысы - Kadir's Top Tree қонақүйі. Бұл ғимарат қалың өсімдік әлемінің ортасында орналасқан. Табиғат-Ананың сұлулығын тамашалап болған қонақтар ағаш ішіндегі үйде жатып тыныға алады. Және «швед дастарханының» дәмі тіл үйірер тағамдарын армансыз жеуге мүмкіндік бар. Radeka Downunder қонақүйі. Radeka Downunder қонақүйі жер астында орналасқан. Оңтүстік Аустралияның Кубер-Педи қаласының орталығындағы қонақүйдің бөлмелері түрме камераларын еске салады. Point Montara қонақүйі. Калифорния штатындағы шамшырақта орналасқан Point Montara қонақүйі тіптен ерекше. Тынық мұхитының жағалауындағы ғимарат терезесінен толқындарды, киттердің қоныс аударуын тамашалай аласыз. Ең бастысы, бұл қонақүй қаланың қарбалас тіршілігі мен у-шуынан демалуға таптырмас мекен. Railway Square қонақүйі. Теміржол вагондарынан жасалған Railway Square қонақүйі Сидней жерінде орын тепкен. Қонақүй ішінде көптеген мейрамханалар, дүкендер, сауықтыру кешендері жұмыс істейді. Wei Qun Lou Inn қонақүйі. Қытайдың Чжанчжоу аумағындағы Wei Qun Lou Inn қонақүйі осыдан бірнеше ғасыр бұрын тұрғызылған. Ғимарат авторлары – солтүстік Қытайдан қоныс аударған оралмандар болып табылады. Бұл мекен туристер арасында кеңінен танымал. Аумақтың негізгі тұрғындары қарапайым шаруалар екен. Jumbo Stay қонақүйі. Швецияның Стокгольм қаласындағы Jumbo Stay қонақүйі ұшақ бортында орналастырылған. Қонақүйде 25 бөлме бар және олар жайлы төсектермен, теледидарлармен қамтамасыз етілген. Кез келген бөлмеде еш қиындықсыз ғаламтор желісін пайдалануға болады.
Massaget.kz
Massaget.kz