Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майға бөккен маңғаз

Майға бөккен маңғаз

Майға бөккен маңғаз
Жүрекке бүйрек бір күн мақтаныпты,
Қалдырмай ойдағысын ақтарыпты:
— Сен мені жүрсің, достым, жақсы ұғынбай,
Көрдің бе жамылғым май, жастығым май.
Жазы-қысы жаным тыныш, майға оранып,
Жатырмын бар байлықтың бастығыңдай.
Атақты бітеу біткен атым бүйрек,
Жатпаған майға оранып күнім сирек,
Жұмсауға керегіне алса біреу,
Алады шарбы майдан әрең сүйреп! —
Дегенде жүрек тұрды шамырқанып,
Бүйректің бұл сөзіне таңырқанып:
— Құр сыртың жылтыраған, байғұс бүйрек,
Қолы емес, пышағының ұшы түйреп
Ұсынып отыратын балаларға,
Емес пе ең, мақтанасың бүгін бүй деп.
Мен болсам майды оранып, жастанбай-ақ,
Аралап қан-тамырды бастан-аяқ,
Қолқадан кіріп, жұлын, миды шолып,
Біреуін қалтарысқа тастамай-ақ,
Жүретін тіршіліктің тірегімін,
Сондықтан жұрттың сүйер жүрегімін,
Қол үзген бар өмірден майға оранып,
Сыртыңнан аяп сені жүр едім мен! —
Деген сөз айтылса да жайлап қана,
Бүйрекке майға оранған арнап дара,
Жылы орын, жайлы төсек иелері,
Сендер де жүрек сөзін ойлап қара!
Кейбір басшы жолдастар

Кейбір басшы жолдастар
Кейбір басшы жолдас бар,
Қалтасы толған жөн жоспар.
Үйден шықса бөтенге,
Ақыл айта келеді.
Ежірейтіп көздерін,
Бақырайта келеді:
— Орындық пен үйіңде,
Стол жоқ! – деп сөгеді.
Өз үйінде еденге,
Сорпа-суын төгеді.
Құрып алып малдасын,
Үстін-үстін бақырып,
Ауылдағы жолдасын,
Телефонға шақырып:
– Жерге отыру дегенді,
Жетті мезгіл қоятын.
Қолмен тамақ жегенді,
Жетті мезгіл жоятын.
Мәдениетті болсын деп,
Күнде айтамыз апыр-ау.
Үй кітапқа толсын деп,
Айтпап па едік батыр-ау?
Дегенде оның лебінен,
От шығады лапылдап.
«Айттым бітті» дедім мен
Ақыруға ақылды-ақ.
Өз үйінде бірі жоқ:
Газет, кітап, журналдан,
Ондайға түк қыры жоқ.
Бәрінен де құр қалған.

Асқар Тоқмағамбетов.
16 маусым 2019 ж. 1 086 0