Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Баповты бағалай алдық па?

Баповты бағалай алдық па?


«Мені Қазақстанға құрметтеп арнайы шақырмай-ақ қойсын. Бәрібір төрт-бес жылда елге қайтамын». Жиырма жылға жуық уақытын шет мемлекеттерде өткізген, ғұмырының соңғы жылдарында атамекенге ат басын бұрған даңқты қандасымыз, КСРО халық әртісі атанған жалғыз қазақ балет әртісі Рамазан Бапов 2007 жылы бізге берген сұхбатында осылай деген еді.   Классикалық өнерге құмар жандар болмаса, Рамазан Бапов­ты өз қазағымыздың көбісі біле бермейтіні рас. Білсе де, осыдан бірнеше жыл бұрын әйгілі бишінің өмірден озғаны туралы БАҚ-тар жарыса қазанама бергенде, Елбасы Н.Назарбаев көңіл айту жолдағанда ғана естіген болар. Тұлға туралы соңғы уақытта мүлде айтылмай кеткенін байқаймыз. Сол үшін Рамазан Салиқұлынан кезін­де алған сұхбаттарымызды сөй­летіп, көкейде сақталған әңгі­ме­лерін қайта тірілтуге ты­рыс­тық. Біздің кейіпкеріміздің екі ағасы да Алматы хореографиялық училищесін бітірген. Жасы онға толғанда ағаларының ізімен барған Рамазанның жолы болып, Мәскеудегі Үлкен театр жанындағы хореографиялық училищеге қабылдауға арналған іріктеудің үшінші, соңғы күніне тап келіпті. Іріктеуден өткен 12 баланың ішінде Рамазанмен қатар, тағы бір қандасымыз Наталья Арынбасарова да болға­нын айта кетейік. Мәскеудегі оқу орнын үздік бітірген Рамазан Баповтың жұлдызы көп ұзамай жарқырай жанды. Одақ астанасынан сынға түскен 400 бишінің ішінен Болгарияда өтетін Халықаралық Варна фестиваліне қатысатын болды. Арада елу жыл өткенде бізге сұхбат берген биші: – Сол кезді есіме алсам әлі күнге дейін толқып кетемін. Халықаралық жарысқа бару, онда да атағы дүрілдеп тұрған Варнаға бару өңім түгілі, түсіме де кірмеген. Консерваторияны жаңа бітірген бозбала үшін Варна байқауына жай ғана қатысудың өзі үлкен жетістік саналатын еді ғой. Шынымды айтсам, жеңуден де, жүлдегер болудан да үмітім аз еді. Жастықтың әсері ме, менен үміт күтетіндердің аз болғанына намыстандым ба, әйтеуір, бар өнерімді көрсетуге тырыстым. Әділқазылар менің халықаралық жарысқа тұңғыш рет қатысқаныма сене алмапты,– деген-ді. Варна байқауында жүлделі орын алған қандасымыз Ленин­градтан келген әйгілі Михаил Барышниковке ғана жол беріпті. Кейінірек Барышников капи­талистік қоғамнан «қайт­пай қал­ғандардың» тізімін толық­ты­рып, АҚШ-қа қоныс аударғаны белгілі. Жасы жиырмаға да толмаған бозбаланың Варна биігінен кейін Мәскеуде қалуына болар еді. Рамазан Үлкен театрда биші болып қал дегендердің сөзін құлағына ілмей, қасарысып жүріп Алматыға келді. Абай атындағы опера және балет театрына биші болып орналасты. Үлкен театр- мен де байланысын үзген жоқ, білікті ұстаздардың сыныбында шеберлігін шыңдаумен болды. Мәскеуде халықаралық лауреаттардан құралған балет труппасымен бірге жарты әлемді гастрольдік сапармен аралап шықты. КСРО-ның мүйізі қарағайдай театрларының жүрегі дауалай бермейтін «Спартакты» Алматы театрында сахналауы Баповтың отандық балет өнеріне сіңірген сүбелі үлестерінің бірі саналады. Бұл туралы өзі «Спартакты» қазақ сахнасына алғаш әкел­ген­дердің бірі болғанымды мақтан тұтамын» дейді. Олай айтатын да жөні бар. Одақ көлеміндегі азулы театрлардың тісі бата бермейтін күрделі туынды үш-ақ ай дайындықтан кейін сах­­наланыпты. Авторы Арам Хачатурянның өзі премьераға келіп, ризалығын білдіргенінің өзі неге тұрады! Осы жетістіктерін қызғанғандардың, аяқтан шалуға тырысқандардың ызасы өтті ме, әйтеуір, қырыққа енді толған шағында Ыстамбұл мемлекеттік опера және балет театрына кету туралы шешім қабылдады. Пендешілік егестің бәрі уақыт өте келе ұмытылар, орта түзелер деп үміттеніп, төзуге тырысты. Бірақ «Шөлмектің мың күн емес, бір күн сынатыны» сияқты, ақыры шарт кетті. – Шетелге өз қалауыммен емес, амалдың жоқтығынан кеткен адаммын ғой. Әйтпесе, Қазақстанда белді қызмет те, атақ та бір басыма жетіп-арты­ла­тын еді. Ол кезде басқа салалар сияқты мәдениет те темір құрсауда болды. Жоғарыдағы мықтылар әлі шіп-шикі ағайын-туыстарын, балаларын театрға тықпалауға тырысатын. Бір ғана мысал айтайын, туындысы әлі толық дайын емес адамдардың шығармасын театрдың алдағы жоспарына енгізбек болғандарды да көзіміз көрді. Абай атындағы опера және балет театрында өнер көрсететін, туындылары қойылатын адамдардың бойында таланттың ең болмаса ұшқыны сезіліп тұруы керек қой. Жоқ, бізде біреулерге министрдің жақыны болғаны үшін ғана сахнаны былғауға жол беріледі. Қырсықтың бәрі осындай ерегіс­тер­ден басталды, – дейді өзі. Ыстамбұл театрындағы ең­бегі жеміссіз болған жоқ. Жыл сайын шәкірттерін халықаралық бай­қауларға апарып, жүлделі орындардан көрініп жүрді. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде өзі 28 жыл бұрын қатысқан Варна байқауына барған сапарында ескі достары­нан АҚШ-қа шақырту алды. Ал­ғашында бірнеше ай ғана жұмыс іс­темек еді, бақандай 13 жыл бойы қызмет етемін деген ойына кіріп-шықпаған-ды. Джорджия штатындағы Атланта шаһарында жүріп қанда­сы­мыз өзінің балет мектебін ашып, 150-ге тарта балаға тәлім берді. Арнайы шақыртумен басқа да балет мектептерінде жұмыс істеді. Чайковскийдің «Щелкунчигін», «Шығыс биін», «Қытай биін», басқа да әлемдік классикаға айналған туындыларды қойып, шәкірттерімен бірге талай жүлдені иеленді. Қазақстандағы балет әртістері фес­тивальдерінің құрметті қона­ғы ретінде, қазылық жасауға ша­қы­рылған Рамазан Баповпен тіл­десіп қалуға тырысқанбыз. Сонда: – Пенде деген табиғатынан-ақ жайлы өмірге, молшылыққа тез бейімделгіш келеді ғой. Америкаға үйренісуім қиын болған жоқ. Мені ол жақта өнер адамы, өз саласын жетік білетін маман ретінде құрметтейді. Талантты, адал шәкірттерім бар. Кейде «Қазақстанға шақыра қалса, соның бәрін қалай тастап кетемін» деп те ойланамын. Елге барып, Америкадағыдан да керемет қойылымдар қоюға болатынын ойласам, тартып-ақ кеткім келеді. Бірақ «тартып кетудің» азабын көрдім ғой, осы жолы сабырмен шешім қабылдайын деп өзімді тежеуге тырысамын. Мені Қазақстанға құрметтеп арнайы шақырмай-ақ қойсын. Бәрібір төрт-бес жылда елге қайтамын,– дегені бар. Осы әңгімеден кейін арада бірер жыл өткенде елге оралды. 2007 жылы Елбасынан шақырту алысымен Алматысына асықты. Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында балет труппасын басқарды, бас балетмейстер болды. Өмірінің соңғы жылдарында Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы ректорының кеңесшісі қызметін атқарды. 2014 жылы өмірден озған атақты балет бишісі, хореограф, педагог Кеңсайдан мәңгілік мекен тапты. Жалпы, «ел дегенде емініп, жұрт дегенде жүгініп қызмет қылатын», нағыз тепсе темір үзетін шағында шетел асып кет­кені үшін Рамазан Баповты жаз­ғыру қиын. Өзі айтқандай, өнер адамдарының өмірінің көп уақыты жұмыс басында – театрда өтеді. Олар сахнада құлпырып жүр­генімен, жайшылықта мү­сәпір. Күн сайынғы ауыр репи­­тиция адамның ағзасын тоздыратыны тағы бар. Жаңа қойылым үшін, шәкірт­тері үшін әркімге қол жайып, қара­жат сұрау кімге оңай тисін?! Бар­лық жағдай жасалса, кім туған же­рін тастап, бақытын басқа елден іздейді?! – Шетелде жүрген кездерімде отанынан жырақтағы адамның отансүйгіштік сезімі күшті болатынын түсіндім. Қазақстанды ойласам, бала кезім еске түседі. Он жасымда Мәскеуге кетіп бара жатқанда шешем байғұс қимай жылап еді. Содан бастап он жыл Ресейде болдым, алты жылым Анкарада өтті, АҚШ-та жүргеніме 12 жылдан асты, әлі қанша жылым шетелде өтетіні белгісіз,– бұл Баповтың АҚШ-тан оралмай тұрғанда айтқан сөзі. Қызылорданың қарапайым қызы мен алматылық теміржолшының отбасында туған азамат 20 жыл шетелде жүрсе де, Қазақстанның азаматтығын басқа елдің құжа­тына айырбастаған жоқ, алуға тырысқан да емес. Шын мәнісінде Рамазан Бапов – қазақ балет өнерінің аңы­зына айналған тұлға. Алайда, сөз басында айтып кеткеніміздей, Рамазан Баповтай тұлғаның есі­мін ел есінде жаңғыртып отыру жа­ғы кемшін қалып жатқандай. Өткен жылы туғанына 70 жыл толған қандасымыз туралы кейбір БАҚ-тардың басым көпшілігі үн қатпады. Тек кейбір БАҚ-тарда отбасы мүшелерінің сұхбаттары жарық көрді. «Шабыт» халықаралық фестивалінің классикалық би аталымында жастарға «Рамазан Бапов атындағы диплом» бері­ле­тіні рас, бірақ ол аталым фес­тивальге жыл сайын қосыла бер­мейді. Рудольф Нуриев, Мая Пли­сецкая, Серж Лифарь сынды әлемнің аңызға айналған балет бишілерінің атындағы балет әртістері мен хореографтарының құрметіне халықаралық конкурс­тар өткізілетінін ескерсеңіз, «Шабыттың» атаулы дипломы аздық ететіні анық. Өткен жылдың соңында Алматы хореографиялық училищесінде Рамазан Баповтың құрметіне еске алу концерті өткені ғана көңілге медеу. Алдағы уақытта КСРО халық әртісінің құрметіне дәстүрлі халықаралық конкурс өткізіліп тұру керек деген ойдамыз. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»

Egemen.kz
29 қаңтар 2018 ж. 826 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930