Жеңімпаз атанды
«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі «Экология және жасыл экономика көшбасшысы» ұлттық байқауын жариялаған болатын. Байқау 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне қарсы ұйымдастырылып отыр.
«Байқау қорытындысы бойынша экологиялық заңнаманы өңірде жоғары деңгейде орындауға жағдай жасап, волонтерлік ұйымдарға аймақтың экологиялық мәселелерін нақты шешуде көмек көрсеткені және Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдама индикаторларын өңірлік деңгейде сапалы орындағаны үшін Қызылорда облысының әкімдігі «Эко-әкімдік» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды», – деп хабарлады облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Абдуалиев.
Сайыс соңында 7 номинация бойынша жеңімпаздар таңдалды: «Эко-әкімдік», «Эко-кәсіпкер», «Эко-кәсіпорын», «Эко-ҮЕҰ», «Экомекеме» және «Экотұлға» (әр номинация бойынша үш жеңімпаз анықталды). Іріктеудің басты шарттары жүзеге асырылған іс-шаралар мен жобалардың халық пен жер үшін тиімділігі мен пайдалылығы болып саналады.
«Өскен өңір» ақпарат.