Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Махаббат қызық мол жылдар

Махаббат қызық мол жылдар



Бір күні анам: «Меңтайды білесің бе? Анасының әр айтқан сөзін күнделігіне жазып алады», – деді. Әңгімесін одан әрі жалғастыра келе Әзілхан Нұршайықовты, Ерболды, Меңтайды біртіндеп таныстырды. Бірақ, анамның айтқандары маған жетіңкіремей тұрды. Екі жастың басынан өткерген оқиғалары шәй үстінде айтылатын әңгімемен біте салатын жағдай емес еді. Өзіме «Неге сол кітапты оқып көрмеймін?» деген сұрақ қойдым. Осылайша алғашқы оқыған романым – «Махаббат қызық мол жылдар» болды. Мені әдебиет әлеміне жетектеп, кітаппен дос еткен туындыны бүгінге дейін қателеспесем 5 рет оқыппын. Қайталап оқуымның себебі шығарманың желісін жіті түсінбегенімнен емес, кез келгеннің көңілінен шығып, жүрегіне жол табар махаббат хикаяларын сағынғанымнан еді.
«Махаббат қызық мол жылдар» кітабының негізгі кейіпкерлері Ербол және Меңтай. Соғыстан он екі мүшесі сау оралған Ербол оқуын әрмен қарай жалғастыру үшін 33 аудиторияға келеді. Дәрісханаға кірген бойда бас кейіпкердің өмірі түгелдей өзгеріске ұшырады. Майданның бұлжытпас тәртібімен жүріп қалған Ербол алғашқы сәттері ыңғайсыз жайттарға тап болады. Тобындағы қыздардың бірі мұны түсініп, көмек білдірсе, екіншілері мазаққа айналдырып, күлкіге қарқ болатын. Бірақ, Ербол топтастарының бұл әрекетіне еш ренжіген емес. Өйткені, ол қан майданда қарындастарының емен жарқын күлуі үшін күресті. Романның негізгі кейіпкері Ербол – ақкөңіл, досына адал, білімді, аңғал, жауапты. Осындай тұлғаның назарын өзіне аудартқан Меңтай – ақылына көркі сай, мейірімді де әділ қыз болатын. Оқу орнында Меңтайға қызыға да қызғана да қарайтындар жеткілікті. Бірақ, Меңтайдың көңілі алғаш көргенде «ағай» деп сыйлап, жәрдемдесіп жүрген Ерболға ауады. Әрине, Ербол да Меңтайды жылы қабылдайтын. Бірақ, оған өз сезімін жеткізуге батылы жетпейтін. Екеуі бірге лекция жазып, бірге сабаққа дайындалып, кейде кітаптарды бірге талқылап жүргенде екеуара сезім оты тұтанады. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» дегендей екеуі бір-бірін іштей ұғынысатын. Сондай сәттері Ербол өзінің ғашығына алғаш рет өлең шығарады. Ол шығармада былай баяндалады: «Көшеде арлы-берлі ыңылдаумен жүріп, өзімнің шорқақ тіл, олақ ұйқасыммен Меңтайға арнап алғаш рет өлең шығардым». Ербол өз өзінен ұялып, өлеңді Меңтайдың қолына тапсыруға батылы жетпей, кітаптың ортасына қыстырып кетеді. Өлеңнің аты «Қызыл көрпе» еді.
Дәурен қайда маған оны сүйетін?
Тым болмаса киімінің киетін,
Не сол көрпе астарының бір сабақ,
Жібі болсам денесіне тиетін, – деп қыз жамылған көрпенің бір жібі болуды армандайды. Осы жолдардан екі жастың бір-бірін ғана емес, ұлы сезім махаббатты да ерекше сыйлайтынын аңғаруға болады. Қазіргі қоғамдағыдай ел-жұрттың көзінше өтірік-шыны аралас «Мен сені сүйемін» деп жая салмай құпия түрде өз ынтызарын білдіру ардың ісі деп ойлаймын.
Бірақ, 1946 жылы Меңтайдың басынан адам сенгісіз жайт орын алады. Оны ағасының майдандағы досымын деп алдаған Тұмажан өмірден түңілдіреді. Арын аяққа таптап, еңсесін езіп, қайта тұрғызбайтындай күйге жеткізеді. Абыройды бәрінен асқақ қоятын қыз тіпті Ерболдың жүзіне қарай алмай жан жолдасы Майраның ауылынан бір-ақ шығады. Өзінің махаббатынан оңай бас тартпайтын Ербол әрине ізіне ілесіп, қандай жағдай болмасын Меңтайды аяулы жары етіп алуға бел байлайды. Майраның ауылында дүркіретіп той жасап, қол ұстасып қалаға жас жұбайлар ретінде оралады. Екеуінің шаңырағы шаттыққа толып, береке мен бірлікті ту етіп ғұмыр кеше бастайды. Университет қабырғасында жүріп танысқан достарына үлгі болып, отбасының өнегесін көрсетеді. Ербол да, Меңтай да білімге құштар, адамгершіліктің туын жықпағандықтан отбасында ұрыс-керістің лебі де байқалмайтын. Көп ұзамай Меңтай жүкті болып, Ерболдың баласын жүрегінің астында көтеріп жүрді. Екі жастың бақыты одан сайын еселене түсті. Алайда, жаздай жайнаған өмірлері бір сәт найзағай түсіп, күл талқаны шықты. Жанын шүберекке түйіп ауруханаға жеткен Меңтай аурухана төсегінде үшінші күні қаза болды. Онымен бірге құрсағындағы сәби де шетінеп кетті. Ерболдың қабырғасы қайысып, өз-өзін жоғалтып алуға шақ қалды. Ондай сәттері оның жанынан табылып, дем берген Меңтайдың күнделігі. Ол күнделікті ауырып жүрген сәтте жазып, Ерболға: «Мен олай-бұлай болып кетсем өз-өзіңе қара. Шашыңды алып жүр, киіміңді таза ұста. Ішкілікке салынып кетпе» деп өтінішімен қоса ақылын да жеткізген. Бұдан бөлек қалам мен қағазды серік етіп Ерболды қаншалықты сүйетінін, басынан өткеріп жатқан сезімдерді қалдырмай жазып отырған. Күнделік Меңтай қаза болған соң Ерболдың қолына тиеді. Ербол оны ашып оқыған сайын өзінің ғашығын сағынып, ішқұса болатын.
Қан майданнан келгенде өзгелер секілді ауылына қайтпай, оқуға құмартқан жас жігіттің махаббат хикаясы осылай баяндалады. Автордың мақсаты Ербол мен Меңтайды жақсы жағынан көрсетіп қою ғана емес, ол халқымыздың кейінгі жас ұрпағы бойына сіңіру керек қасиеттерді де үлгі ету. Мәселен, Меңтайдың «Апамның айтқандары» деп қойын дәптеріне жазып алған ақылдары бұрымдылардың барлығы ұстауға тиіс қағидалар. «Ешқашан да ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы болады», «Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі, қыздың жалаңаш жеріне көптің көзі түскіш келеді. Ал, халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген сөз бар», «Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағаңды жоясың» секілді ақылдары оқырмандарға да өз септіктерін тигізуде. Ал, Ерболдың қазақтың әр қызын қарындасындай көріп, қорғауы, жұмысына деген жауапкершілігі, сезімге шынайылығы, досқа адал, дұшпанға қатал болуы ер-азаматтар үлгі алатын қасиет.
Әзілхан Нұршайықов әр жүрекке әл беретін шығармалар жазумен қатар, күллі өмірін оқырманға өнеге етті. Оның «Халимасы» да, «Мәңгілік махаббат жыры» да, «Махаббат қызық мол жылдары» да жас ұрпаққа махаббат деген сезімнің ойыншық емес, ұлылық екенін ұғындырды.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ.
05 маусым 2019 ж. 11 486 0