АДАМЗАТТЫ БОЛАШАҚТА НЕ КҮТІП ТҰР?
Бір нәрсе айқын: адам баласы өсіп, эволюциялық жолмен барған сайын дамып келеді. Өркениет көшінің озық технологиямен өркендегені соншалықты, қазір «адамзатты болашақта қандай даму күтіп тұр?» деген сауалға ойлана бастадық. Ақиқатына келсек, осыдан бір ғасыр бұрын айтылған көптеген болжамдардың орындалып жатқанына да қазір куә болып жүрміз. Бір ғана мысал…
1900 жылы Ladies Home Journal журналына америкалық ғалым, инженер Джон Уоткинстің «100 жылдан кейін бізді не күтіп тұр?» атты мақаласы шығады. Мұнда көріпкел «2000 жылдары жер бетінде шыбын мен маса қалмайды, ағылшын тіліндегі C, X, Q әріптері қолданыстан шығады. Орыс тілі әлем халқы сөйлейтін халықара-лық тілге айналады» деген. Алайда мұның бірі де орындалған жоқ. Кейде болжам жасаушылардың пікірі шындыққа жанаспағанымен, уақыт өте келе орындалып жататыны да бар. Мысалы, сол Джон Уоткинс «бір ғасырдан кейін түрлі түсті суреттер пайда болады» деп айтқанымен, жиырмасыншы ғасырда өндіріске компьютер енгізілетініне өзі сенбей кеткен. Ол түрлі түсті суретті телеграф арқылы жіберуге болатынын айтқан. Қазіргі уақытта оның жорамалдарының бірсыпырасының жүзеге асқанын байқауға да болады. Уоткинс ұялы телефонның үлкен жаңалыққа айналатынын дұрыс болжаған. «Кез келген ер адам Атлант мұхитында кемемен жүзіп бара жатып, Чикагода ұйықтайтын бөлмесінде жатқан әйелімен емін-еркін сөйлесетін уақыт келеді» деген. «Гүрілдеген дауысы, ауыр шынжыр табаны бар техникалар өндірістен шығып, одан оқ атып, ғимараттарды құлатуға болады» деген ағылшын көріпкелінің болжамына да шындыққа айналды. Мұндағы шынжыр табаныңыз, ол енді – танк.
Ол өзінің журналда жазған мақаласында «әлемнің кез келген бұрышында түсірген фотоңды тиісті жерге жіберетін кез туады. Егер 100 жылдан кейін Қытайда соғыс бола қалса, ондағы суреттерді телеграф арқылы жіберіп, Америкада шығып жатқан газетке бір сағаттың ішінде жариялауға мүмкіндік туады» деп жазған. Расында, 1900 жылдары әлемде сымсыз телефон тү-гілі, халықаралық байланыс жүйесі де болған жоқ. Бұл ғана емес, ағылшын инженерінің тағы бір айтқан сөзі де назар аударарлық. «Адам баласы әлемде болып жатқан оқиғаларға құлақ түріп, оны көзбен көре алады. Оқиға орнындағы адамдардың бейнесі мен әртүрлі жағдайлар және тосын құбылыстарды тіпті мыңдаған шақырым қашықтықта болса да, электр сымдары арқылы үйде отырып, экраннан көруге болады. Театрға немесе мәдени көпшілік орынға барудың қажеті шамалы, опералық әндерді де үйден тамашалайтын кез туады». Джон Уоткинстің мұндағы айтып отырғаны не? Ол – телевизия мен радио. Қазіргі уақытта тікелей эфир арқылы әлемдегі оқиғалар телеэкраннан көрініп, радио-телеарнадан опералық әндерді тыңдап отырған жоқпыз ба? Ағылшын көріпкелінің тағы бір болжамы назар аударуға тұрарлық: «100 жылдан кейін қыс мейлі, жаз болсын, бөлменің бұрышына орнатылып қойған шағын құрылғы арқылы нүктені басып, температураны реттеп отыруға болады. Реттегіш нүкте арқылы жылы ауа үйді жылытады немесе кері нүктені басып суытуға болады». Уоткинс мұның қандай құрылғы болатынына көзін жеткізе алмаған. Бірақ мұның кондиционер екенін бірден-ақ бағамдауға болады. «Болашақта бір аспаптан шығатын әртүрлі сазды әуендер жұртшылықтың көңіл күйін көтереді» де-ген болжамы да мұның синтезатор екенін ұқтырып тұрғандай. Алайда ағылшын инженерінің айтқан пікірлерінің барлығы да ақиқатқа сай келеді деуге болмайды. Ол
«100 жылдан кейін АҚШ-та шамамен 500 миллион адам тұрады» деген. 2016 жылғы санақтың нәтижесіне көз жүгіртсек, АҚШ-та 323,1 миллиондай адам тұрып жатыр. Цифрдан қателескен көріпкел алайда болашақта жолаушыларды таситын өте жылдам жүретін пойыздардың өндірістен шығатынын дәл айтқан. «Сағатына 150 миль қашықтықты (260 шақырым шамасы) алатын экспресс-пойыздар адам баласының игілігіне қызмет етеді» деген. Енді бір ғасыр бұрын айтылған болжамды қазір көз көріп отыр. Әрине, сол дәуірде өмір сүрген адамдар үшін бұл ешқашан орындалмайтын фантастикалық арман немесе елес болып көрінуі мүмкін. Алайда барлығы да ақиқатқа айналды. Қазір адам баласы Джон Уоткинстің 100 жыл бұрын айтқан болжамдарының игілігін көріп отыр.
Бір ғасырдан кейін бізді не кү-тіп тұр? Оны болжай алдық па?
ХХI ғасырдың көріпкелдері не дейді? 2050–3000 жылдары адамзат өркениеттің қай шыңына жетеді? Дамуымыз қандай әлеуметтік-экономикалық деңгейге барады? Әлемнің географиялық саяси картасында қандай өзгерістер болады? Көптеген футурологтардың болжамынша, болашақта әлемде ағылшын, испан және қытай тілі басымдық рөлін атқарады. Негізі, ғаламның басым көпшілігі осы үш тілде сөйлейтін болады. Қалған тілдерде даму байқалмайды, кейбір тілдер тіпті өліп, жоғалып кетуі де мүмкін. Дүниежүзі халықаралық тіл ретінде осы аталған үш тілде пайдаланғанымен, ағылшын маманы Пирсон болашақта әлемде ұлттық тілде сөйлейтін мемлекеттер көбейеді деген пікірде. Соған қарағанда, көптеген ұсақ елдер тағы да тәуелсіздігін алуы мүмкін. ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары-ның басында Кеңес Одағының құрамында болған автономиялық мемлекеттер тәуелсіздігін алған жоқ па?! Болашақта тағы да тәуелсіздік үшін күрескен саяси оқиға-лар орын алуы ғажап емес. Қазір мүмкін еместей болып көрінуі мүмкін, бірақ кейбір «саяси жауырыншылар» «болашақта АҚШ-тың өзі бірнеше мемлекетке ыдырауы ықтимал» деген жорамал айтып жатыр. Мысалы, «АҚШ-тың құрамынан Калифорния мен Техас енші-сін алады» деген болжам бар. Әрине, бұл ақиқатқа сай келмейтін пікір делінгенімен, қазірдің өзінде Америкадағы бай штаттар, кедей штаттарды асырап отырғаны – шындық. Футурологтар сонымен қатар «алдағы 100 жылда жиырмадан астам мемлекетті біріктіріп отырған Еуроодақ қайтадан ыдырап, әрқайсысы өзінше дербес өмір сүруге көшетінін» айтады. Ресей мен Қытайдың да жағдайы мәз болмайды. Бұл елдерде де тұрақсыздық орнап, бірнеше шағын автономиялық елдер тәуелсіздігін алады. Расында да, қазіргі қалыптасқан немесе шиеленісіп тұрған халықаралық жағдайға қарап, түбінде әлемдік картада үлкен саяси өзгерістер болатынын жоққа шығара алмайсың.
Мысалы, ғалым Пирсон «XXI ғасырдың соңында әр елдің ұлттық валюталары жойылып, оның орнына әлемдік бірыңғай валюта нарықта жұмыс істейтін болады» дегенді айтады. Расында, қазіргі кезде әлемге үстемдік құр-ған доллардың қуатын азайтып, оған бәсекелес бола алатын балама валюта шығару жөнінде пікірталас болып келе жатқаны көпшілікке мәлім. «Қазірдің өзінде күнделікті валютамен қатар қолданатын электронды ақшалар пайда бола бастады, – дейді Пирсон. – Бұл тенденция одан ары қарай жалғасады. Ғасыр аяғында нарықта ғаламдық электрондық валюта ғана қалады, сонымен қатар аймақтық жеке тұлғаларға арналған ақша өмір сүруі мүмкін». Қазіргі нарыққа келе бастаған күмәнді крипвалюталар да Пирсон айтқан болжамның өмірге ене бастаған көрінісі емес пе екен? Қалай десек те, футурологтар есеп айырысудың жаңа төлемақылық жүйесі барған сайын көбейе түсетінін жоққа шығармайды.
Тағы бір ағылшын ғалымы Патрик Такер XXI ғасырдың аяғы-на таман генетика саласында үлкен өзгерістер болатынын айтып отыр. Заманауи медицина осы уақытқа дейін емі табылмай келген аурулардың шипасын табады. Әрине, адамзаттың ақыл-ойы озық. Талай сырқаттың емі табылатынына да біздің күмәніміз жоқ. «Бірақ адамның миының жұмыс істеуі келешекте компьютермен тікелей тығыз байланысты болады» дегенге сіз сенер ме едіңіз? Бұған футуролог-тар «алда терминаторлар дәуірі келе жатыр» деген пікірмен жауап қа-туға тырысады. Адам темір емес, бәрібір оның ағзасы, миы шаршайды. «Сондықтан болашақта адамның миына чип орнатылады. Тіпті бұл жүйе 2050 жылдары жү-зеге асуы мүмкін. 2075 жылға қарай өркениетті елдерде тұратын халықтың көпшілігінде осындай чип болады. Адамның ми жүйесі шаршаған сәтте нерв клеткалары компьютер арқылы қуаттандырылып отырады». Бұл болжам бізге адам сенгісіз жаңалық болып көрінуі мүмкін. Десек те, қазір УЗИ және басқа да томографиялық аппараттар сырқаттың анықтамасын нақтылап беріп отырған жоқ па? Демек, осы ғасырдың аяғында адамның миы компьютер арқылы зарядталып жатса, мұны өркениеттің озық әдісінің бірі деп пайымдауға болады. Расында да, қазір адам баласы эволюциялық дамудың ең жоғары деңгейіне жетті дегенмен, әлі талай таңғаларлық оқиғалар орын алатыны сөзсіз. Мысалы, осыдан 50 жыл бұрын сау адамның мүшесін өз ықтияры бойынша екінші сырқатқа ауыстырып салу туралы болжамдар ғана айтылатын. Қазір ше, трансплантациялық тәсіл Қазақстанда
да дамып келеді. Белгілі ғалым Стивен Хокинг көп жылдардан «бері адам ағзасын кибернетизациялау» туралы мәселе көтеріп жүр. Оның ішінде «сырқаттың жүйке тамырларын қуаттандыру немесе адамның интеллектуалдық мүмкіндігін компьютер арқылы арттыру және ағзаның кейбір мүшесінің орнына тозбайтын темір бөлшектерін салу» әдістері бар. Алғашында бұл жоба ақылсыздың ісі болып көрінуі де ықтимал. Бірақ қазіргі таңда осыған қатысты әлемде көлемді зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Тіпті АҚШ-та НейроНет деген атпен үлкен жоба жүзеге асқалы жатыр. Бұл жобаны қолға алғандар адам мен компьютер арасындағы байланыстың жемісті нәтиже беретініне қазірден сенімді. «Аталған технология адамдардың ақыл-ойын арттырып, ғаламда биотехникалық революциялық дамудың дәуірі келгенін паш етеді. НейроНет – адам-машинаның интеллектісін көрсетеді. «Компьютер –басты адам» шаршамайды. Есте сақтау қабілеті мықты, ақпараттарды шексіз қабылдай береді. Оның миы кез келген түйінді мәселелерді қиналмай шеше алады» дейді олар. Бірақ ол қаншалықты тірі адам, оның ойлау деңгейі жасанды интеллект болып шықпай ма? Десек те, қазірдің өзінде адам баласын техника, яғни роботтар нарықтан, өндірістен ығыстырып шығара бастады. Тіпті Жапония мен Оңтүстік Кореядағы ірі компаниялардың өндірісінде адамның орнына, роботтар жұмыс істейді. Олар күнделікті өмірде қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектеседі. Балаларды оқытады. Тіпті сәбиі жоқ жандардың баласына айналып жатқан роботтар да бар. Өйткені роботтар адаммен сөйлеседі, кез келген сауалыңа тиянақты түрде, сабырлы қалпымен жауап береді, тіпті ақыл-кеңес айтатын роботтар да бар. Әрине, біз өркениеттің өте жоғары деңгейде жылдам дамып келе жатқанын мойындаймыз. Жақында Біріккен Араб Әмірліктерінің королі Софи деген аты бар роботқа елдің азаматтығын берді. Демек, болашақта роботтар адамға айналуы да мүмкін. Алайда профессор Оливер Шарп «қаншама ірі жетістікке жетсек те, мұндай технологиялық дүмпудің орасан зор қатері барын» айтады. Өйткені адамдар бір-бірінен сөйлесуін азайтады. Қарым-қатынас төмендейді. Отбасын құрмайтындар көбейеді. Қалай айтқанда да, таяу келешекте әлемдік өндіріс пен экономиканы роботтар билейтін болады. Мұның салдары да өте ауыр. Өйткені жұмыс орындары қысқарады, тіпті мамандықтар да азаюы мүмкін.
Әрине, әлем дамиды, өркениет өзгереді. Бірақ өсіп-өркендеудің қай сатысына жетсек те, адам баласына қауіп-қатердің салдары болмайтын эволюциялық даму жолымен жүргеніміз дұрыс.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ