Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еуразиялық медиа форум: Жаһандық журналистиканың дамуына тың серпін

Еуразиялық медиа форум: Жаһандық журналистиканың дамуына тың серпін



Жаһандық даму, технологияның қарыстап, қадамдап, қарыштап даму кезеңін бастан кешкелі адамзат қоғамы үшін ақпараттың күнделікті өміріміздегі алар орны мен тигізер пайдасы һәм зияны шаш етектен қалыптастып келе жатқанын байқап отырмыз. Бүгінгі заман болса, ақпаратқа алаңсыз байланып қалғаны жасырын емес. Әлемдік аренада өз орнын дөп басқысы келетін әрбір мемлекет ақпарараттық насихатқа, ашық пікірталас алаңдарына көбірек жүгінеді. Соңғы жылдардағы шикізат ресурстарына деген адамзат сұранысының арта түсуі мен мүдделер тоғысы тараптарды түсіністікке, диалогқа ұмтылдыра бастады. Бұл әсіресе Шығыс пен Батыс өркениеттері арасында мейлінше қажет екендігі айқындала түсті. Дәл осындай ортақ мақсатты орындау үшін 2001 жылы Қазақ елінің бастамасымен Еуразиялық медиа форум құрылған болатын. Осынау бірегей форматтағы халықаралық форумның бастамашысы болған әрі жобаның авторы Дариға Назарбаева оның негізгі мақсатын «Шығыс пен Батыс көшбасшылары арасындағы өзара түсіністік пен диалогты нығайту арқылы аймақтық және ғаламдық мәселелерді ортақ түсінуге үлес қосу» деп белгіледі.
Жалпы соңғы уақытта Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысымен халықаралық деңгейдегі маңызы жоғары форум-конференцияларға Сыр журналистерінің қатысуы мәселесі қалыпты-дәстүрлі үрдіске айнала бастады. Республиканың әр тарапында ұйымдастырылып жатқан осындай маңызды бас қосуларға «Сыр медиа» басшылығының қолдауымен серіктестікке қарасты журналистер жиі қатысып жүр. Мәселен 2018 жылдың екінші жарты жылдығының өзінде Арал мен Жаңақорған аралығындағы басылым қызметкерлері Астана, Алматы қалаларында ірімедиа эксперттер мен ақпарат саласының майталмандарының қатысуымен өткен жиындарда болып, тәжірибелерін шыңдады. Сол жылдың соңында Мәскеу қаласында ұйымдастырылған халықаралық медиа шараға да Сыр журналистері қатысып, шығармашылық шабытпен оралған болатын. Жуырда ғана серіктестікке қарасты барлық басылым қызметкерлерінен құрылған делегат Алматы қаласында өткен XVI Еуразиялық медиа форумның жиынына барды.
Он алты жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан дәстүрлі Форумға әлемнің алпысқа жуық мемлекетінен келген 500-ден астам өкіл үш күн бойы жаһандық деңгейдегі түйінді мәселелерді талқылап, бүгінгідей әлемдік дағдарыс кезінде ақпарат, экономика, саясат, дін-дәстүр тұрғысында төрткүлді толғандырған тығырықтан шығудың қандай мүмкіндіктер бар екенін сөз етті. Біз сөз етіп отырған дүбірлі шараға Армения республикасының президенті Армен Саркисян, Эстония президенті Тоомас Хендрик, Ұлыбритания премьер-министірінің кеңесшісі Айван Роджерес, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және тағы басқа алыс-жақын шетелдердің белді саясаткерлері қатысты.
«Бүгінгі әлем: шынайылық трансформациясы» тақырыбына арналған халықаралық шара шеңберінде алғашқы күні журналистерге арналған авторлық шеберлік сабақтары өтті. «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту жөніндегі қорының қолдауымен өткен жиында шетелден арнайы келген спикерлер журналистиканың жаңа құралдарымен, заманауи құпияларымен бөлісіп, өнер, мәдениет, кино өндірісі турасында сөз қозғады.
The Ritz Carlton кешенінде үш күнге жоспарланған медиа форумның шымылдығын News-Decoder білім беру сервисінің негізін қалаушы франциялық Нельсон Грейвс ашты. Ол экологиялық проблемаларға деген журналистиканың қарым-қатынасы туралы, ондағы журналистік шеберлік жайындағы мазмұнды баяндама жасады. Жаһандану дәуіріндегіэкология мәселесі адамзаттың басын ауыртып, балтырын сыздататын басты тақырыптың біріне айналғаны белгілі. Сондықтан қалам ұстаған қауымға бұл салада тақырып көп. Экология десе, біз Арал тағдырынан, Байқоңыр, Семейдің жай-күйінен ары аса алмай жатқандаймыз. Ал қоршаған ортаға зиян келтіріп отырған кәсіпкерлік нысандары туралы саралап, жиі жазып жүрміз бе? Олармен қалай күресу керек? Бұл жағынан тәжірибеміз аз. Мәселен, Алматы облысында құс етін өндіретін «Алатау құстан» шыққан жағымсыз иіс тұрғындарды мезі еткен. Мұндай факт әр аймақтан табылады. Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық медиа форумда экологиялық журналистиканыңкәнігі маманы Нельсон Грейвсқа «Сыр медиа» ЖШС журналистері тарапынан осындай маңыздағы сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.
Экология тақырыбынан кейінгі сөз кезегі «Моңғол», «Көшпенділер», «Кавказ тұтқыны» сынды фильмдерімен әйгілі ресейлік танымал кинематографист Сергей Бодровқа берілді. Ол «Кино өндіру өнері»тақырыбында шеберлік сағатын өтті. Бұдан кейін араб әлеміннң әйгілі «Әл-Жазира» телекомпаниясының құрамындағы «Contrast» агенттігінің жетекшісі Үндістаннан келгенЗахра Расул БАҚ-та дәйекті әрі деректі тақырыптарды қамтитын репортаждардың үлесін арттыру турасындағы тәжірибесімен бөлісті. Дәрістер легінұлыбританиялық тәуелсіз журналист Дженни Климан жалғастырып, бүгінгі таңда журналистика саласында аса өзекті тақырып – «Фрилансансер болудың артықшылығы мен кемшілігі» атты шеберлік сағатын өткізді. «Журналистика – күнкөріске нәпақа табудың қызықты тәсілі, алайда бұдан материалдық тұрғыда байып кете алмайсыз, бірақ тәжірибе мен эмоцияға әбден қанығатын мүмкіндік» деп баға берген журналист жастарға «Сіздің бойтұмарыңыз – тек журналистік идеяларыңыз» деген кеңес берді. «Өзіңе сен, өзінен өзге білімің мен білігіңе, еңбегің мен тәжірибеңе ғана сене аласың. Әйтпесе, нағыз журналист болу қиын», – дейді Дженни. Идея атаулысының өзегі қоғамның өзінде жататынын ерекше атап өткен Дженни журналист үшін адамдармен, мамандармен көбірек сөйлесу маңызды екендігін ескертті.
Одан бөлек форум аясында «Бұқаралық медиадағы сандық жүйе: сын-қатерлерге төтеп береміз» тақырыбымен мәжіліс өтті. Басқосу барысында АҚШ, Англия, Ресей, Грузия, Польша және Австралиядан келген белгілі журналистер мен аналитиктер дәстүрлі басылым мен жаңа медианың арасындағы байланысты, бәсекелестікті талқылады және әлеуметтік желіге негізсіз, дереккөзі көрсетілмеген ақпараттарды жібермеудің жолын сөз етті.
Спикерлер мобильді платформаға бәсекелесуде сапалы контент жасаудың маңызды екенін және журналистік зерттеулерге, экономикалық сараптамаларға сұраныс төмендемегенін тілге тиек етті.
Мәжілістің модераторы «Доха дебаттары» телебағдарламасының басқарушы директоры Амджад Аталлах форум қонақтарына ақпарат таратудың заманауи әдіс-тәсілдері мен трендтер жайлы тарқата айтуды ұсынды.
Сондай-ақ Ресей жазушысы, саяси журналист Михаил Зыгарь, «Salem Social Media» студиясының жетекшісі Александр Аксютиц, Лондон қалалық университетіндегі халықаралық журналистика секторынан Захера Харб, «Coda Story» онлайн-платформасының бас директоры Наталья Антелава, медиа-пәндер оқытушысы Иво Бурум, «Речь Посполита» күнделікті газетінің бас редакторы Богуслов Хработа және т.б танымал тұлғалар пікірталас алаңында журналистиканың бүгіні мен ертеңіне байланысты түйткілді мәселелердің түйінін тарқатудың тиімді әдістерін талқылады.
Ал, өзіміздің медиаға қарасты
«Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы Айжан Абдуллаева дәстүрлі басылымдардың келешегі күмәнді екенін, одан шығу жолы жөнінде қойған сұрағына «Дәстүрлі журналистиканы дамытуда мобильді платформа арқылы өнімін насихаттауды тиімді пайдалануы керек. Бәрінен бұрын, бүгінгі журналистер жазумен қатар дәстүрлі дағдыларды заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана білуі қажет» деген жауап алды.
Сонымен қатар форумда«Телеарнадағы жарнаманың дәуірі бітуге жақын ба?» деген сұрақты сарапшылар қызу талқылады. Бұған қатысты көптің пікірі сан алуан. Жалпы елімізде радио, газет немесе телеарна болсын, жарнама нарығына бағытталған инвестицияның көлемі аз екен. Бұл жан басына шаққанда 3 жарым доллардан айналады. Телеарнадан интернетке ойысса да, жарнамадан түсетін табыс неге аз? Соңғы жылдары жарнама интернетке ойысты. Алайда телевизия өкілдері біраз кірістен қағылса да, тапсырыс берушілерден сұраныс кемімейтінін айтады. Басты себеп: дәстүрлі журналистикада жарияланатын ақпарат жан-жақты електен өтеді. Яғни сенімді. Сондықтан телеарна – жарнама берушілер үшін ең сенімді және тартымды медиалық ресурс.
ХVІ Еуразия медиа форумының үшінші күні «Сенімнің жоғалуы. Ғаламдық күш теңгерімі» мәжілісінде әлемдік жүйеде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар мәселесі талқыланды. Яғни, дау-дамайды бейбіт жолмен шешу, мемлекеттік шекараның берік болуы, территориялық тұтастық және т.б. тақырыптарда дискуссиялар жүрді. CGTN телеарнасындағы «The Agenda» жүргізушісі және ақпараттық директоры Стивен Коул модераторлық еткен диалог алаңында қызу пікірталас орын алды. Спикер ретінде англиялық жазушы Джордж Гэллоуэй, германиялық саяси сарапшысы Джеремиас Кеттнер және белгілі қаламгер, сарапшылар Анно Акопян, Стив Бэннон, Марк Сигнал, Михайл Гусманның қатысуымен мемлекеттер арасындағы шиеленістер, одан шығу жолдары, оның ішінде, Қытайдың әлемге ықпалы, АҚШ-Қытай қарым-қатынасы, Ресей мен Еуропа арасындағы экономикалық, саяси мәселелер қызу талқыланды.
Жалпы форум аясында әлемде не болып жатыр, қандай қауіп-қатерлер бар және қоғамдағы бұқаралық ақпарат құралдарының атқарар рөлі қандай деген сұрақтар төңірегінде саясаткерлер, экономистер және басқа да сала өкілдері пікірлерін ортаға салды. Орта Азиядағы негізгі әрі тәуелсіз пікір алмасу платформасы болып саналатын аталған форумның басты міндеті – саясаткерлер, журналистер және Қазақстандағы, Еуразиядағы және халықаралық қоғамдастықтағы геосаясат, экономика, әлеумет пен мәдениетті дамытуға мүдделі әртүрлі сала сарапшыларының еркін әрі ашық диалог құруына жағдай жасау болатын. Осылайша отандық іскерлік журналистиканы дамытып, әлемдік медиа алпауыттарымен тікелей жұмыс жасауға жол ашқан 16-шы рет өткен ғаламдық басқосудан серіктестікке қарасты редакция журналситері де өздеріне қажетті мәліметтерге қанық болып, тиісті тәжірибе ала білді.
Н.Сәдуақас,
Шиелі-Алматы-Шиелі.
28 мамыр 2019 ж. 693 0