Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көбелек неге көбейіп кетті?

Көбелек неге көбейіп кетті?


Ауданда бірнеше күннен бері көбелектің қаптап кетуі тұрғындарды таңқалдыруда. Бұған дейін жаз мезгілінде бірен-саран ғана кездесетін бұл жәндіктің аяқасты көбеюінің сыры неде? белгілі бағбан Әлияр Сейітов:

– Көбелектің көптігінен қорқудың қажеті жоқ. Қайта гүлдерді тозаңдатуға пайдалы. Көбелектің көбеюіне күннің салқындығы мен желдің ұзаққа созылуы әсер етсе керек. Табиғат өзі тылсым күшке ие ғой. Бір жылдары жылан көбейсе, енді бірде бақа қаптап кетеді, – дейді.
Көбелектер аралардан кейінгі то­заң­дандырғыш болып саналатын бунақденелі жәндік тұқымына жатады. Бұл жәндікті зерттейтін ғылым «лепидоптерология» деп аталады. Дегенменде көбелек Антарктидада ғана болмайды екен. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» Шиелі аудандық филиал мамандарының айтуын­ша ауданда көбелектің көбейіп кетуін зерттеп жатқанын алға тартты. Оның зияндылығы бар ма? Бар болса қаншалықты, қанша күнде ұрық шашады, көбелектің қай түріне жатады, қайдан шыққан? Осы төңіректе сұрақтарға жауап алу үшін облыстағы карантин зертханалық жобасына зерттеуге жібергендігін жеткізді. Дегенменде өңірде ұшып жүрген көбелек ауданда ғана емес, облыс көлемінде де орын алуда. Бұл жәндіктің жаппай жарыққа шығуы биыл Орталық Азия елдерінің барлығында байқалған. Ғалымдардың айтуынша, әсіресе, репейница және чертополоховка көбелектері кең тара­ған. Өйткені биыл ауа райы ылғал­ды, жауынды-шашынды болды. Арамшөп қалың өскендіктен одан нәр алатын көбелектер көбейіп отыр. Мамандар бұл көбелектер аллергиямен ауыратындарға әсер етуі мүмкін дейді. Ал еліміздің кей аймағында көбелектің «Бархатница чуткая» деп аталатын түрі кең жайылған. Сәндік өсімдіктер мен акацияның нәрімен қоректенетін жәндіктің адам денсаулығына, өсімдікке еш зияны жоқ. Қайта өскіндердің алмасып то­заңдануына оң ықпал етеді.

«Өскен өңір» ақпарат.
25 мамыр 2019 ж. 2 503 0