Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жайнамазбен жолдас болған жан

Жайнамазбен жолдас болған жан


Әрбір азаматты туған жерінің тарихы, кешегісі мен бүгіні, таудай тұлғалары, топырағының қасиеті қызықтыратыны ақиқат. Мен дүниеге келген Алғабас елді мекені жайында қарымды қаламгерлер талай жазды. Қуанатыным, кім жазса да ақиқаттан аластамай, бір-бірін толықтырып отырды. Сол ізбен мен де осы Алғабас ауылының ірге тасын қалап, бүгінгідей дәрежеге жетуіне үлес қосқан бірқатар азаматтардың атын атағым келді. Мұндай ойға ғасыр жасаған Үміт Сыздыққызының естелік әңгімелері түрткі болды. 96 жастағы Үміт әженің есінде Мақаш, Шайық ақсақалдардың осы ауылды құрғаны, Қотыр сарай, Үлкен сарай, Құш-құдық секілді жер аттарының болғаны. 1929-1930 жылдары осы жерлерге мақта егілгені. 1934-1935 жылдары Құш-құдыққа кепе-кепе үй соғылып, елдің қоныстанғаны, Алғабастағы алғашқы үйлердің сол кездегі Ленин көшесінің бойында орналасқаны қалған.

1934 жылы Дінше Әшіров басқарма болып тұрғанында тары егіп өнім алады. Осы жылдары Құш-құдыққа алғашқы қырман соғылады. 1939-1940 жылдары канал қазылып, халық мақтаны қойып бидай-күріш еге бастайды. Үкіметтен қой, сиыр әкеліп, елде қалған әр отбасыға екі бас сиырдан беріледі. Бәйділда ақсақал елге әкелген 50 қойды 50 000-ға жеткізген алғашқы шопан ретінде Алғабастық ағайынның жадында жатталып қалды. Үміт әжей осы естеліктердің бәрін көз алдынан өткізіп, қолындағы тәспісін саусақтарымен қозғап-қозғап сәл үнсіз отырды да, әңгімені қайта жалғастырды. Алғабаста үш Ахмет өмір сүрген. Алғашқысын кісі Ахмет, екіншісін маман Ахмет, үшіншісін етікші Ахмет деп атайтын. Аллаға шүкір, үшеуінің артында атқа мінер ұрпақ қалды. Осы үш кісінің арқасында Алғабас ауылы бүгінгідей жағдайға жетіп, 6 үйден құралған ауыл 600 түтінге жетті.
Маман Ахмет деген кісінің осы аймақтағы жер жағдайын жетік білген. Сол уақытта басшы, дихандар осы кісінің айтуымен жұмыс жасаған екен. Егіс даласындағы көзге көріне бермейтін көлеңкелі тұстарды осы маман Ахметпен ақылдасып отырған. Хат танымай-ақ халқының қажетіне жараған қазақтың қариялары қаншама. Солардың бірі – біз сөз етіп отырған Ерімбет баласы Ахмет ақсақал. Қадірлі қарияның тамыр ұстайтын тәуіпкершілік қасиеті де болған деседі. Демек тегін кісі емес. Кетпен шауып, күріш еккен жер ананың қадір-қасиетін терең түсінген текті кісі, тамаша табыстардың бастамасы болғаны, еткен еңбегінен көрініп тұрды. Алғабас ауылының іргетасын қалаған қариялардың бірі Шайық Қалқаев ақсақалдың Ахмет Ерімбетұлы жайында айтқан жақсы пікірлері ауыздан-ауызға тарап, бүгінгі күнге дейін жетті. Осынша еңбек етіп, үкіметтен орден-медальді айтпағанда, алғыс хат алмаған атамыз өкінбей-ақ өмірден өтті. Заманның қиын кезінде еңбегі еленбей, жасы ұлғая келе көптің бірі болып қалған қариялар қаншама. Ахмет ақсақалды сол кісілердің қатарына қанша қосқың келсе де, оқшаулана береді. Себебі, еткен еңбегін ел ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген сөз бар қазақта. Иісі қазаққа мәшһүр осы Алғабастың тумасы, кезінде осы ауылдың өркендеп, өсуіне үлкен үлес қосқан. Бүгінде зейнетке шыққанына қарамастан әлі де еңбектен қол үзбеген Ызғар атты сәйгүлігімен қазақты әлемге танытқан Орынбай ағамыз осы Ахметтің ұлы. Ал ауыл тарихынан сыр шертіп, өзі куә болған, өткен күндерді бізге әңгімелеп берген Үміт әжей Ахмет атаның нағашы жеңгесі болып келеді. Орынбай ата-анадан ерте қалып, өмірдің қиындығын бала күнінде бастан өткізген кісі. Осынша жетістіктерге жетуіне, өз шаңырағынан арулап, соңғы сапарға шығарып салған Үміт әжейдің еңбегі ерен екенін ешуақытта естен шығарған емес.
– Маған маман Ахметтің баласы деген атты алып жүру оңай болған жоқ. Себебі, сол уақыттағы ауылдағы сыйлы кісілер әкеме құрметпен қарайтындарын жиі айтатын еді, – дейді Орынбай Ахметов.
Әкем барынша еңбекқор, дихан, қарапайым болған көрінеді. Қай уақытта, қандай жағдайда, қай мезгілде болмасын бес уақыт намазын үзбеген екен. Ахмет әкеміз егіс даласынан Қамбарбек Шүленбаев қария екеуі кешке қарай жұмыс бітіп, қайтқалы тұрғанда Қамбарбек қарияға бой бермей қайтарып жібереді де, жалғыз өзі қалады. Біраз уақыт өткен соң артынан іздеп барған ауылдас ағайын Ахмет әкемді қолында кетпені, екі бау шөбі, арқандаулы аты, жайнамаз үстінен жансыз денесімен тауып алады. Жайнамазда жан берген әкеміздің өзгеше қасиет иесі екеніне бас жағында тоқталған болатынбыз. Талай жыл өтсе де әкесін сағынатыны Орынбай ағаның көзінен көрініп тұрды. Алғабас үшін ауқымды іс бітірген, өзгелерден оқ бойы алда болған Ахмет атаның өнегелі өмірі бәрімізге үлгі десек артық айтқандық емес. Ендеше, шамамыз жеткенше өмірден өткен, еңбегі бар қадірлі қариямызды құрметтеуден шаршамайық, ағайын.

Кенжебай ЖҮСІП,
ҚР мәдениет қайраткері, айтыскер ақын, Алғабас ауылдық мәдениет үйінің басшысы.
25 мамыр 2019 ж. 987 0