Атырауда XV дельфий ойындары басталды
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауда XV облыстық Дельфий ойындары басталды. Байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 200-дан аса жас талант алдағы екі күн бойы домбыра, қобыз, эстрадалық ән, баян, заманауи және халық биі секілді 15 аталым бойынша сынға түседі.
«Бұл конкурсқа жыл сайын қатысамыз. Бірінші, екінші орын жүлделерін алғанбыз. Бүгін «Арулар шеруі» және «Зависимость» атты би билейміз. «Арулар шеруі» әдемі би, ол арқылы қазақ биінің ерекше қозғалыстарын көрсетеміз. «Зависимость» биінде қазіргі жастар ұялы телефонға қатты үңіліп қарайтын болған соң, сондай би шығарамыз деп шештік», - дейді байқауға қатысушы Аяулым Қанатқали. Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өтіп жатқан байқаудың басты ұйымдастырушысы - «Рауан» жастар қоры. Биылғы сайысқа жаңа аталым енгізілмеген. Сондай-ақ, ди-джей мен дизайнерлік киімдер номинациясы алынып тасталған, себебі жастар бұл бағытқа енді-енді қызығушылық танытып келе жатыр.
«Қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 30 адамға көп. Біздің басты мақсатымыз - осындай өнерлі жастарға қолдау көрсетіп, оларды әртүрлі шығармашылыққа баулу. Биылғы байқауда айтарлықтай өзгерістер жоқ, жас категориясын «10-нан 15» және «15-тен 21» жас аралығы деп екіге бөлдік», - дейді «Рауан» жастар қоры жетекшісі Ерболат Рыспаев.
Айдана ДИДАР
Фото: автордан