Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт тағдырын ойлаған ұстаздар

Ұлт тағдырын ойлаған ұстаздар





Жаңадан бері тарихты қаузап, шежіреден сыр шертіп, саясатқа соғып, арқырап әңгімесін айтып отырған Жұмахан ағамыз кенет әғузу-биссмилләні оқып, құлһуалланы үш қайырды да, алақанын жайып аруақтарды түгендей бас­тады. Әзіл аралас, сұлу сөзіне сүйсініп, қос құлағымызды түріп, екі езуіміз жиыл­мастан көңілді келе жатқанымызда Жұмекеңнің бұл ісі бізге кәдіуілгідей тоқтау салып, сап тиыла қалдық. Сөйтсек «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізімен жүйткіп келе жатқан кешкі мектеп ұжымы мінген көлік атақты «Оқшы ата» кесенесі маңына жақындап қалған екен. Иә, қазақ қаламгерлері арасында «жолбарыс пен журналистің азығы жолда» деген сөз бар. Сол азығымызды іздеп, тарихы терең Тартоғай ауылына бағыт алып келеміз. Мақсатымыз Шиелі аудандық жалпы білім беретін кешкі мектептің ЗК169/4 мекемесіндегі жұмысымен танысып, жазасын өтеп жатқан азаматтардың жай-күйін білу.
Сөзімізді бастамас бұрын мына нәрсені айтқымыз келеді. Күніге 110 шақырым жолды еңсеріп, ұлт тәрбиесі алдындағы ұлы міндетті абыроймен атқарып, еңбек етіп жүрген кешкі мектеп ұстаздарының өр мінезі мен аманатқа деген адалдығы бізді таңқалдырды. Шындығында күнделікті табиғаттың тосын мінезіне қарамай, жол азабына мойымай, тағдыры қатал жеткіншектерді білім нәрімен сусындап жүрген жандардың бір күндік бейнетін жәй мұғалімдермен салыстыруға келмейді. Себебін айтып жатудың өзі ағаттық болар. Бірақ, осынау қиын да қауіпті қызметті ауырсынып, қажып жүрген ұстазды көрмейсің. Керісінше жаңашылдыққа жақындап, ісіне асқан жауапкершілікпен қарап, түрлі іс-шаралар өткізуді ойластырған ұжымнан берекенің нышанын байқайсың. Жә, жарар. Сонымен бір топ ұстазбен бірге кешкі мектептің ЗК169/4 мекемесіндегі филиалына келіп тоқтадық.
Мұнда бізді ЗК169/4 мекеме филиалының оқу ісі меңгерушісі Әлия Байтелиева күтіп, филиалдың бүгінгі жұмысымен таныстырып, кешкі мектеп ұстаздарының «Патриоттық тәрбие» тақырыбында ұйымдастырған іс-шарасына алып кірді. Шараға ЗК169/4 мекемесінің сотталғандар арасында әлеу­меттік психологиялық тәрбие жұмысы бөлі­мінің басшысы Б.Сәметов және жазасын өтеуші оқушылар мен ұстаздар қатысты. Іс-шараны тарих пәнінің мұғалімі Майра Тұрабаева жүргізді. Жиын еліміздің Әнұранымен басталып, әрмен қарай патриоттық, тағылымы мол әңгімелермен жалғасты. Сонымен қатар география пәнінің мұғалімі Динара Молдабаева патриоттық тақырыпта баяндама жасап, тақырып төңірегінде оқушылар өз ойларын жеке-жеке ортаға салды. Сапар барысында мектеп ұстаздарының сабақтарына арнайы қатысып, оқушылар жұмысының да куәсі болдық.
– Шиелі аудандық жалпы білім беретін кешкі мектептің ЗК169/4 мекемесіндегі филиалы 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі күні филиалда 14 мұғалім жұмыс жасайды. Барлығы жоғары білімді мамандар. Арасында 1 магистр, 3 жоғары санатты мұғалім, зерттеуші ұстаз, қалғандары 1-2 санат дәрежесіндегі мұғалімдер. ЗК169/4 мекемесінде сотталғандар арасында тәрбие жұмыстарын жүргізу бөлімі филиал мұғалімдерімен тығыз байланыс­та жұмыс жасайды. Сондай-ақ мекеме басшысы әділет лейтенанты Қ.Дайрабаев, жасақ басшысы Б.Сәметовтер оқушылардың сабаққа қатысуын, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жыл бойы тәрбиелік іс-шаралар жүргізіледі. Бүгінгі өткен «Патриоттық тәрбие» тақырыбындағы іс-шара соның айғағы. Мектеп мұғалімдері жаңашыл, шығармашылықпен жұмыс жасайды. Қазіргі таңда жаңартылған мазмұндағы білім бағдарламасына сатылай көшіп келеді, – дейді Әлия Сейтқасымқызы.
Жалпы Шиелі аудандық жалпы білім беретін кешкі мектептің ЗК169/4 мекемесіндегі филиалы ҚР ІІМ мен БҒМ-нің келісілген 516 бұйрығын басшылыққа алып, жұмыс жасайды. Мектеп филиалында негізгі және орта білімі жоқ сотталғандар білім алады. Мұнда оқып бітірген оқушы негізгі, орта білім жайлы куәлік алады. Тағы бір ескеретін дүние бұл жерде жасы 30-ға толмағандар орта білім алуы міндетті, ал, жасы отыздан асқандар өз қалауымен білім алады екен. Филиал мұғалімдері мекеме қызметкерлерімен бірлесе отырып, жұмыс жоспарын құрады. Міне, сондай жоспарлы жұмыстың нәтижесінде соңғы 3 жылда 45-ке жуық жаза мерзімін өтеушілер білім алған. Мәселен 2017 жылы 3 сотталушы орта білім жайлы аттестат алса, 2 жазасын өтеуші азамат негізгі орта білім туралы куәлікке ие болған. Ал 2018 жылы 2 орта білім жайлы аттестат, 2 негізгі орта білім туралы куәлік берілген. Жаза мерзімі аяқталған сотталғандар колледждерге оқуға түсіп, жұмыспен қамтылған. Бұл да болса, мемлекеттің сотталғандарды қоғамнан аластатып, сыртқа теппей, керісінше алдағы болашағының баянды болуы үшін атқарып жатқан жұмысының бір парасы деп пайымдадық.
Түйін: Иә, тағдыр жолы адам баласын қайда бұрса, солай қарай еріксіз жүретініміз ақиқат. Ал өмір деген дарияның шалыс басқан қадамыңды кешірмейтіні тағы бар. Осы орайда ғайыптан тайып, жастықтың буымен қателік жасаған жандарды қоғамға, өмірге қайта бейімдеу еркіндікте жүрген бізге міндет. Бұл ретте аталған аманат, міндетті жоспарлы түрде іске асырып жатқан кешкі мектеп мұғалімдерінің үлесі орасан. Ұстаз деген ұлы мамандық иелері бұл тұрғыда да өздерінің биігінен көрініп отыр.

Елдос Жүсіп,
Сурет автордікі.
18 мамыр 2019 ж. 866 0