Болашақтың ғалымдары
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңі қараша айында Қызылорда қаласында өткен болатын. Сол кезеңде қолданбалы математика секциясы бойынша талапкерлермен бақ сынасқан №47 М.Ломоносов атындағы мектеп-лицейінің 11 сынып оқушылары Сәуле Қалиева мен Айдана Жұматаева ІІ орынды иемденіп, Алматы қаласына жолдама алған еді.
Осы жылдың 26-27 сәуір күндері Алматыда өткен «Болашақтың ғалымдары» атты оқушылар мен студенттер, жас зерттеушілерге арналған II халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Сәуле мен Айдана «Заманауи әлемдегі графтар» тақырыбы бойынша жоба қорғады. «Сова» халықаралық интеллектуалдық білім орталығы (International intellectual educational center «Sova»), «Be Clever» халықаралық дамыту орталығының ұйымдастыруымен болған конференцияда еліміздің әр түкпірінен келген оқушылар қазақ және орыс тілінде жоба қорғайтын екі топқа бөлінген. Конференция барысында оқушылар біздің өңірде іске қосылған труба және құрылысы жүріп жатқан цемент заводтары туралы сөз қозғай келе, жердің астына туннель салып, барлық газ, су құбырларын сонда орналастыру идеясын айтты. Физика және математика пәндерінің мұғалімдері Қыдырбек Ақмолдаев пен Шынар Жеңсікбаева жетекшілік еткен атаулы жоба барынша тереңдете зерттеуді талап етті. Жас ғалымдарға мақсаттары мен міндеттерін түсіндіре келе, елі мен жеріне пайдасын тигізуге мотивация беріп, туннель жобасына бастама болуға тұрарлықтай дүние шығуына бар күш-жігерлерін салған ұстаздардың еңбектері еш кетпей, шәкірт талабына да оң баға беріліп, Алматыдан ІІ дәрежелі дипломмен оралды.
Н.МҰХАМЕДИЯРОВА.