Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Революция мәдениет пен руханиятқа да қажет

Революция мәдениет пен руханиятқа да қажет

Жалпы, өлкенің һәм Шиелінің өткені мен бүгінгі күнгі қалыптасқан рухани-мәдени жетістігін шашыратпай материалдық тұрпатта түйіндеп, жинақтап, жұртшылыққа паш етіп көрсетіп, халыққа өзінің қайталанбас қазыналы өнерінің, мәдениетінің мәйегін сезіндіріп, ұлт ретіндегі ұлықтығын ұғындырып, ұрпаққа ұластыру бүгінгі аға буының еншісіндегі атан түйеге жүк боларлық миссия екендігі даусыз. Ал, осынау тарихи миссияның жауапкершілігін біз қаншалықты сезініп жүрміз. Әлде күнделікті күйбең тірліктен ұзамай, қыр аса алмай, ауыл айналасын шиырлап жүрміз бе?
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланды. Мақалада көрсетілген міндеттемелер бүгін-ертеңмен тоқталып қалатын жұмыс емес. Түгелдей бір ұлттың ұстынына айналарлық жос­пар десек те қателеспейміз.
Мақаладағы ұлтты ұйыстыруға негізделген жүйелі жоспардың басым бағыты ұлтттық мәдениетке, руханиятқа бағытталғанын ескерер болсақ, салада қызмет етіп жүрген азаматтардың мойнына артылар жүктің де жеңіл емес екендігін түсінеміз.
Сондықтан да, мәдениет саласына, аудандық мәдениет бөліміне, оның алдағы жұмыс жос­парларына енгізілетін тың тақырыптар, тапсырмалар мен міндеттемелердің де салмағы орасан деп білеміз. Оның үстіне биыл, Шиелі ауданының 90 жылдығы табалдырығымыздан аттап келіп тұр.
Осыны ескере келе Шиелінің руханиятына, мәдениетіне, тарихына, ел үшін еселі еңбек еткен ерлеріне, жалпы өткені мен бүгінгі күнгі тыныс-тіршілігіне қатысты жуырда ауданның бірінші басшысының жергілікті басылымда өзіндік өзекжарды ой толғамы жарық көрді.
Атап айтқанда, аудан әкімі Әшім Оразбекұлының «Өскен өңір» газетінің 2018 жылғы 16 қаңтардағы №5 санына «Туған жерге туыңды тік» атты мақаласы жарияланды.
Мақала барлық салаға қатысты десек те болады. Осыған орай, біз, әсіресе руханиятқа, мәдениетке қатысты жақтарын басымдыққа ала отырып, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне хабарластық.
Жуырда басшылыққа тағайындалған И.Бәйкенжеевпен сұқбат ұйымдастырған едік.
– Жуырда аудан әкімі Ә.Ораз­бек­ұлының «Туған жерге туыңды тік!» атты мақаласы жарияланды. Оқып, таныстыңыз ба?
– Мұқият оқып шықтым.
– Онда ауданның 90 жылдығына дайындықты қалыптасқан дәстүрден сәл өзгешерек, әдеттегідей шаруашылық-экономикалық көрсеткіштер төңірегінде ғана емес, рухани жаңғыру «Туған жер» бағдарламасымен байланыстырған ауданның тарихы мен жалпы мәдениеті, оның ішінде дәстүр және эстетикалық иммунитет қалыптастыру жайлы бірқатар тың ойлар айтылады. Олай болса, жаңа қызметіңізге қатысы бар жерлерден осы мақала төңірегінде бірді-екілі ойыңызды ортаға салсаңыз?
– Мақаланың мен басқаратын бөлімге қатысты емес жері бар ма екен сірә? Көпшілігіміздің ойлайтындай мәдениет – тек ән шырқау мен оқта-текте көретін сахна ғана ма екен? Меніңше олай емес, бірақ оған сөз арасында оралып, ретіне қарай, сілтеме жасап отырармыз.
Ия, мақаланың тақырыбының өзінде құлаққа жағымды, жаныңа жақын селт еткізерлік серпін бар. Өнбойынан туған жерге туымызды тігіп, тұғырын биік етейік деген ойдың желісі үзілмейді. Абай атамыз айтатындай «...Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп» тұр.
Расында, тұлға болып қалыптасып, биік белестерді бағындырған әрбір азаматтың кір жуып, кіндік кескен туған ауылына пайдасы тиіп жатса, нұр үстіне нұр боларлық құптарлық іс емес пе? Бізде қалай? Ыңыршығы айналып отырса да, «Ел іші ғой...» дейтін емеурін, дәмету, жабылып шапан жабу, шабылып мәшине мінгізу деген сияқты әдеп деп әдемілейтін жаман әдеттің барын жоққа шығара аламыз ба? Бұл да – түптің түбінде жөнге келетін елдің қалыптасқан менталитеті, яғни мәдениеті десек болады. «Жанына жалау болып...» дегенді демеу, сүйеніш болған кезде айтатыны сияқты, ойланған адамға бұл сөздердің сан қатпарлы астары бар. Мағыналық өлшемі де мұхиттай терең.
«Туған жер» деген бір ауыз сөзде рухыңды жанып, санаңды сілкіп тастар тылсым құдырет-күштің болатыны анық. Өйткені, ақ найзаның ұшы, ақ білектің күшімен елін, жерін қорғаған батыр бабаларымыз осы туған даланың тау-тасы мен сайын даласы үшін бастарын бәйгеге тігіп еді ғой. Елбасы өзінің рухани жаңғыру мақаласында айрықша мән беріп, бүкіл ел болып қолға алуды тапсырған бағдарламасын да осылай атағаны тегін емес қой. Онда тектілігің мен азаматтығыңа сын боларлық нақышты ой, әрбір қазақтың жалғыз ғана Отаны – Қазақ елін сүйсе екен деген айшықты арман жатқан жоқ па? Әрбір азаматтың өзінің туған елі мен жерінің өсіп-өркендеуіне жүрек қалауы, перзенттік мейірімімен мысқалдай да болса үлесін қосудың арғы жағында, әр қазақтың өз Отанын шексіз сүюге бағытталған ұлы мақсат жатқанын жан-жүрегімізбен ұғынуымыз керек-ақ.
– Олай болса, 80 мыңнан астам халқы бар аудан тұрғындарының ес біліп, етек жапқан әрбірінің тәу етіп табынары да, елжірей сағынары да ең алдымен өзіміз туып өскен киелі мекеніміз Шиелі болуға тиіс деп батыл, керек жерінде батырып айтуға болады ғой?..
– Ия, әбден болады. Шыр етіп дүниеге келген сәбидің анасының омырауынан кейін көретіні үйдің шаңырағы болар. Одан соң, кеудесін тіктеп отырғанда, сәби жүрегімен зерделеп айнала қарайтын кезі болады. Сонда бірінші рет көз тоқтатып, ішкі түйсікпен сезінетін әлдебір қауіппен (биік қой), таңданыспен тап болатын «кедергісі» болмайтын ба еді? Алынбас асу сияқты көрінетін сол табалдырықтан аттап өту, сәбидің алғашқы арманы да болуы ғажап емес. Бірақ оны ол айта алмайды. Қос қолын таяныш етіп еңбектей бастасымен бір барып, бір қайтып қорқасоқтап жүріп сол «биігінен» де алғаш рет асып түседі-ау әйтеуір. Сол кездегі сәбидің шаттығын көрсеңіз ғой!? Алдағы өмірде қаншама асулар мен кедергілер болатынын сәби жүрек қайдан сезсін? Алғашқы жеңіс, бағындырған алғашқы биігіне ғана мәз...«Табалдырықтан биік тау жоқ» деген осы жерден шықса керек.
– Апыл-тапыл басып әбден үйрен­генше қырындап келіп, бір қолымен абайлап қана аттайтын алтын босағаның өмір-бақи сағынышқа айналар, осыншалықты ыстық болатынының сыры да осы болар?
Әлбетте, алғаш көргенде көзіңді қарықтырар күннің нұрын да, желдің сыбдыры мен жердің жылуын да, жан жадыратар жасыл желегі мен арындап аққан судың сылдырын да өзің туған ауылдан көрмейтін ба едік! Қанша жерден асып-тасып, шетел асқан табыс­кер болсаң да, кеңсірігіңді қытықтар аңқыған жусан иісін сардаланың сары желі жеткізбесе, алтынға сатып алу мүмкін бе? Көктемгі жиде гүлінің жұпарын, үп еткен желге жауап берер күзгі шеңгелдің сылдыр қоңырауы мен ну тоғай тораңғылдың алтынсары теңге жапырақтарын, уылжып пісіп торс-торс төгіліп жатар қызыл күрең нан жидені басқа қай жерден көрер едіңіз? Ең арысы, қырқасында ата-бабаң, (көпшілігіміздің ата-анамыз) сүйегі жатқан жабырқап табынарың да, үздігіп сағынарың да туған ауылың болатынына күмән жоқ. Сондықтан да, әрбір тұрғын туған ауылын сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде қастерлеп, үйі әдемі, ауласы жинақы, шарбағына дейін сұлу, көшесі таза, жасыл желекті болуына атсалысса. Аудан әкімінің ауылдың эстетикалық мәдениеті дегенді осы тұрғыдан түсінемін. Үлкендерінің салмақты, ұл-қыздарының жан-жақты, қазыналы қариялары сүттей ұйыған ынтымақтың тұтқасы болып отырса, ауыл мәдениеті деген осы емес пе? Театр – киім ілгіштен басталады демекші, ауыл мәдениеті де елді мекенге кіре беріс көшеден басталып, спорты мен өнердегі бәсекеге қабілетімен аяқталуы керек сияқты.
– Бұрынғы қызметіңізде тікелей жау­ап­ты болған ардагерлер ішінен ауданмен бірге жасасқандары (құрдастары) қанша? Әкім мақаласында атап көр­сеткендей, ғасырға жуық уақыт қат­парларында сайрап жатқан іздері бар оларды іздеп, көрген-білгендерін тасқа басу, мұрағаттау, келер ұрпаққа аманаттау жөнінде не айтасыз?
– Ойыңызды түсіндім. Шындығында ауданның ғасырға жуық өсу жолы тұнып тұрған тарих. Құрылуы, қалыптасуы, соғыс жылдары, қалпына келтіру мен өсу-өркендеу жылдарының барлығында да ел ырысын молайтуда жасампаздықпен еңбек еткен қаншама адамдардың өмірі, тағдыр-талайы, маңдай тер, табан ақысы, өкініш-қуаныштары, үкілеген үміті мен мақсат-мұраттары жатыр. Ауданда 90-жастан асқан адамдар саусақпен санарлық. Жиі болмаса да, кейбір кездерде Шырынкүл, Ұлман, Күлмарал бастаған апаларымыз бен соғыс солдаттары Сәрсенбек, Айдар, Бұғыбай әкелерімізбен жүздесудің сәті түсетіні бар. Олардың тарамыс қолдарын алып әжімді жүздерін көрген сайын әлдеқашан дүниеден озған өз әке-шешең еске түседі ондайда. Олар не көрмеді дейсіз?
Кетпендеп қолдан канал қазып, өгізбен жер жыртқан кер заманға кез келгендер. Масақ теріп, келі түю, диірмен тартып, нан жабуды көрмесек те, естігендеріміз бар. Бүгіндері музейден ғана көретін келі мен диірмен тасы сонау беріге дейін ауылдың әрбір үйінің алдында болатын. (Қызара қабыршақтанатын иісі бұрқыраған пәтір нан мен қазанжаппаның өзгеше дәмін өзіміз де таттық). Қатықсыз қара көже. Сұм соғыс салған жара – жетім қалған бала мен жесір қалған ана... Осылардың барлығының да тірі куәсіндей болып отырған олардың айтары аз болмаса керек шынында. Келер ұрпақтың кемел келешегі үшін қайыспас қаранардай қайрат көрсеткен, үмітін жетек, төзімін қамыт етіп жегіп елдің жүгін өгіздей өрге сүйреген буыннан ғой олар. Шетелдің көлігін тізгіндеп, газдың жылуына маужырап, залалсызданған құбырдың суының өзін арнаулы қондырғымен сүзгілеп ішетін бүгінгі ұрпақ, тағдыр-талайларына өткен ғасырдың құйындай ұйтқыған замана желі шайқаған соқтықпалы-соқпақты, бұрылысы мен қалтарысы көп болған небір тар жол-тайғақ кешулерінен аман өткен аға ұрпақ алдында қарыздар. Өмір сүру мен еңбек қылу дағдысы, адами қарым-қатынастағы ұстанымдары да мүлдем бөлек оларды әңгіме барысында өздеріне білдіртпей елеусіз камераға түсіріп, жазып алу жөнінде, осы қызметіне дейін де аудан әкімінің талай рет айтқанын естідім. Әкім біліп айтқан екен да, жақында ғана айтары көп ақын ағамыз Махамбетқали Тұрсанов, өмірден түйгені мол, ағып тұрған шежіре-сыршыл қария Бадамбек Әлтайұлы дүниеден озды. Өз білгендері өзімен, «қазына» толы қаптары буулы күйде (бұларға дейін де талайлар) қайтпас сапарларына кете барды...
Бұл да болса, бүгінгі біздердің енжарлығымыз, «Керегі не? Үлгереміз ғой!» деп қалыптасқан қасаң менталитет, ішкі мәдениет, таным-түйсігімізге де сын боларлық кемшін тұстарымыз. «Тірлігімде берерім көп өзіңе, өлгеннен соң құм құйылсын көзіме!..» дейтіннің кебі. Өкінішті-ақ, жетілген дыбыс­тау және мұрағаттау техниканың мүмкіндігін пайдаланып, мардымды ештеңе де алып қала алмағанымызды, ұят та болса мойындауға тура келеді.
– Сіздің ойыңызша сол аға ұрпақ өкілдерінің бәріне тән, бүгінгі ұрпаққа үлгі етерлік негізгі қасиеттер қандай?
– Жетімін жылатпай, жесіріне жебеуші болған, алақан жаюды ар көрген, қызына қарауыл, ұлына ереуіл болған, некесіз төсек салмайтын, ықтиярсыз өзгенің сабақты инесін алмайтын кеше мен бүгінгінің арасын жалғар алтын көпір болғанын айтсақ та аз емес қой...
– Олардың бойындағы қилы заманның қиындықтарын жеңуде медет болған осыншалықты сарқылмас күш-қуаттың қайнар көзі неде?
– Елбасының рухани жаңғыру мақаласында айтылатын, жалпақ тілмен айтқанда, сол – әлімсақтан атадан балаға мирас болып, санасында сақталып, көкірегінде жатталған имани ұғым, әдет-ғұрып, жөн-жоралғы мен салиқалы салт-дәстүрлерімізде жатса керек.
– Аудан әкімінің есеп беру жиналысында мәдениет бөліміне де бірқатар сын айтылды... (біраз ойланып қалды).
– Сыннан қорытынды шығаруға біраз жұмыстар жасау керек болып тұр. Мәселе – нәтижеде. Мысалы, ақпан айының ортасында «Асабамысың, асаба?!.» деген тақырыппен аудандық байқау өтізуді жоспарлап, жұмыстар жасап жатырмыз. Асабалық та – өнер. Және ол көпшіліктің қатысуымен өтіп жатады. Яғни, тәлім-тәрбиелік мәнге ие. Бірақ, көбіне күзгі кіші қазан ұрғаннан кейінгі егістік алқап сияқты, жаһанданудың салқыны тиген сүреңсіз еліктеу мен солықтау басым болып жатады. Шама келсе, осыны ұлттық салт-дәстүрімізге барынша бейімдеп жақындату, егелік ету, барлық асабалар қабылдайтын және ұстанатын ортақ той басқарудың әдебін қалыптастыру мақсатымыз бар. Ойдағы нәтиже беріп жатса, бұл мәселені облыстық деңгейге көтеруге болады.
– Асаба жөніндегі мәселені ең алдыңғы қатарға қойып отырсыз. Неге? Ансамбль, оркестр, басқа да сахналық қойылымдар деген сияқты мәселелер бар емес пе?
– Бұл мәселе ел аузында, баспасөзде жалпы айтылып жүргенімен, облыс көлемінде тың тақырып. 90 жылдығын тойлайын деп отырған аудан бұл салада ауқымды бір мәселені көтеру керек деген ой. Ал, сіз сұраған ансамбль, оркестр, т.б жанрмен басқа аудандарды таңқалдыра алмайтын жағдайымыз болып тұр. Халық саны деңгейлес көрші аудандардың бұл бағытта қара үзіп озып кеткенін несіне жасырамыз? Бірақ қарап отырмаймыз, аудан басшылығының қолдауымен бұл бағытта да мақсатты жұмыстар ұйымдастыру жоспарда бар. Арық сөйлеп, семіз шыға алып жатсақ, абырой ортақ.
– Тарих пен мәдениет қашан да егіз ұғым. Жүз жылдың бедеріндегі бергі тарихтан біршама хабардар болуға мүмкіндік бар сияқты. Білуімізше, қазіргі өлкетану музей үйіне қосымша құрылыс салынып кеңейтілуі жоспарланыпты. Өңірімізге қатысты арғы тарихтан айтарыңыз бар ма? Жер, су аттары, қашан, қалай аталған өсімдіктер мен жан­уарлар дүниесі т.б деген сияқты.
– Тарихтың көші шаруашылықпен өркендейді, мәдениетімен өрнектеледі, ауыз әдебиетімен халықтың жадына сіңіп, жазба әдебиетімен тасқа басылады. Бұл ақиқат. Өңіріміздің оғыз-қыпшақ дәуіріне дейінгі тарихы жайлы тереңірек зерттеген ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың ғылыми еңбектерінен тісіміз батса, біршама мәліметтер алуға болар-ау деп ойлаймын. Шүкіршілік етуге боларлық тағы бір маңызды жайт, ол – әкесінің жазып қалдырған құнды жазбаларына мұрагерлік етіп отырған ұлы Тынысбек Қоңыратбаевтың да тарихшы ғалым болуы. Яғни, жерлестігімізді салсақ та, қажет кезінде, қажетті дүниелер жайында там-тұмдап болса да авторлық құқын сақтай отырып құнды мәліметтер алуға болады деген үміттемін.
– Түсінікті, жалпы сіздің алдағы жұмыс жоспарыңыз тек мәдениет саласына ғана қатысты емес, ұлт руханиятының, тарихының тамырын тереңнен сүзе отырып, Шиелінің өткенін зерделеу, бүгінгі жоғалтқанын түгендеу, тарихи жадымыздан жойылып, күресінге кетіп, көмілген құндылықтарымызды қайта аршып, болашаққа ұластыру болып отыр ғой. Сөз ауаныңыздан осыны аңғарып отырмыз. Яғни, ономастикалық комиссия жұмысының үйлестірушісі, тіл заңдылығын сақтаушы, тарихи жәдігерлерді жинақтаушы мұражайлар қызметін қалыптастыру, мәдениет саласында тың өзгерістер, төңкерістер жасау арқылы Шиелінің шоқтығын биіктетуді қолға алмақсыздар, аудан басшысының да негізгі жұмыс бағыты осы саладан бас­талып жатқан жоқ па?
– Ия, дұрыс айтасыз. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлының да негізгі мақсаты, жұмыс жоспары осыған негізделген деп айта аламын. Мені бір саладан осы мәдениет саласына әкеліп, жауапкершілік жүгін сеніммен тапсырып отырғаны да осы болса керек. Олай болса, шамамыз келгенше, ұрпақтар алдындағы бүгінгі миссиямызды толық орындап шығуға барлық күш-жігерімізді саламыз. Халқымызда «Ауруын жасырған өледі» деген тамаша тәмсіл бар. Барды бар, жоқты жоқ деп айтуымыз керек. Жауырды жаба тоқығанымен ел-жұрт көріп отыр. Сондықтан, тоқыраған саланың бойына қан жүгірту, жұмысын жүйелеу, мәдениетімізді, руханиятымызды түгендеу, жандандыру бағытында жанымызды салып жұмыс жасаймыз.
– Сұқбатыңызға рақмет!
– Ісіңізге сәттілік тілейміз. Елімізде рухани-материалдық салада ілгерілеушілік, өндірістік салада революциялық даму мүмкіндіктері жоспарланған. Сол бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ілгерілеушіліктің бір ұшқыны біздің ауданнан да көрініс табуы қажет. Өндірістік салаға революциялық даму қандай қажет болса, ұзақ жылдар отарлау­­шылар тарапынан қасақана жүргізілген мәдени-рухани мешеуліктен арылу, өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды халық жадында қайта жаңғырту да аса қажет ететін дүние болмақ. Атап айтқанда, мәдениетке де ұлттық менталитеттің мәйегін сүзе отырып, тарихи жадына жаңғырту атты мәдени революциясы керек-ақ.
Аудан әкімінің мақаласында көтерілген бір салаға қатысты ой-пікірлерді ойып ала отырып, мәдениет бөлімі басшысымен жүргізілген сұқбатты назарларыңызға ұсындық. Басқа да бөлімдер мен сала басшыларының айтары болса, оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырдық.

Сұқбаттасқан Нұрболат Пірімбет.
30 қаңтар 2018 ж. 813 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930