Найзағайдан қалай қорғанамыз?
Еліміздің бірнеше қаласында ауа райы тосын мінез көрсетіп, күн күркіреп, жауын ашылмай тұр. Найзағай да қайта-қайта жарқ-жұрқ етеді. Адамға найзағай түссе, аман қалуы екі талай екенін де білеміз. Сондықтан «сақтықта қорлық жоқ» деп, алдын ала сақтық шараларын біле жүрген абзал. Көбінесе найзағай биік ғимараттарға, ағаштарға түседі. Олардан 50-60 метр қашықта болғаныңыз дұрыс. Ал жазықтықта, ешқандай биік мұнара жоқ жер болса, сонда жүрген адамға түсуі мүмкін. Саяхатқа, ұзақ сапарға, серуенге шығар болсаңыз, ғаламтор арқылы алдағы ауа райымен танысыңыз. Ашық алаңқайда, орманда, жағажайда, өзенде, қорғансыз жерде кезде найзағай ойнап тұрса, қауіп күштірек болмақ. Мұндайда киіміңіз су болғанынан қорықпаңыз. Құрғақ нәрсеге қарағанда, су киім қауіпсіздеу. Ал судың өзі токты өте жақсы өткізеді. Найзағай басталған сәтте дереу судан шығып, жағажайдан алыстауға тырысыңыз. Найзағай кезінде жерге жатуға, ағаштың астын тасалауға, бір орында тұруға да, жылдам жүруге де, жүгіруге де болмайды. Бір қалыпты жылдамдық сақтаған дұрыс. Қолшатырды да ашпаған абзал. денедегі металл бұйымдардың бәрінен арылыңыз. Себебі олар токты жақсы өткізеді де, найзағай кезінде қауіп туғызады. Көшеде жүрсеңіз, автобусты, көліктерді паналауға болады.
Ал үйде болсаңыз, электрмен жұмыс істейтін барлық аппаратты өшіріп, есік-терезені жабыңыз. Осы секілді ережелерді қатаң ұстану арқылы жақындарыңызды және өзіңізді қауіпсіз жағдайда ұстай аласыз.
Massaget.kz