Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жемқорлықпен күрес бәсеңдемейді

Жемқорлықпен күрес бәсеңдемейді

Жемқорлық қоғамның жегі құртына айналғаны баршамызға аян. «Пәленше парамен ұсталыпты, түгенше түйені түгімен жұтыпты» дегенді күнде естіп жатамыз. Демек, әр қоғамның, әр заманның батпандап кіріп, мысқылдап шығатын дерттерінің бірі – осы сыбайлас жемқорлық болса керек.
Қалалардан басталып, қазір ауылдарды, мекемелерді жайлаған ауру жазылмастай көз жараға айналды. Жемқорлық сияқты кеселдің ені – абақтыға жабу, заң арқылы күресу болғанмен, әзірге тиылар емес. Күнделікті телеарналар, басылымдар қанша суыт хабарды беріп жатса да, айылдарын жия­­тын қылмыскерлерді көрмедік. Шетінен ұсталып та, қамалып та жатыр. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары да атқарылуда. Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуы жолында аудан көлемінде осынау жат қылыққа қарсы іс-қимыл жасалып, жиындарда, осы тақырыптағы арнайы күн тәртібінде дербес бөлім басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалар беріліп, олардың жауапкершіліктері артуда. Қырсықтың беті аулақ дегендей, анда-санда еске салып, сала қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық көріністерін алдын алу мақсатында жиын өткізіп, әңгіме айтудың еш зияны жоқ. Қызметкерлерге заңнан бөлек сана арқылы да тосқауыл қойып, насихат, тәрбие жұмыстарын да жүргізе беруіміз қажет. Жуырда аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде өткізілген әңгіме-дүкен тақырыбы да сыбайлас жемқорлыққа арналды. Бөлім басшысы И.Байкенжеев «Арды ойлайтын уақыт келді» тақырыбында сөз алып: «Біз мекеме қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын арттыруымыз керек, заңды білген адам қылмыс жасауға бармайды», – деді. Сонымен қатар, бөлімнің тілдер жөніндегі бас маманы Г.Достиярова сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында дайындалған жаднамаларды халық көп шоғырланған орындарда, көпшілікке қолжетімді жерлерде орналастыру керектігін сөзге тиек етті. Бөлімде сыбайлас жемқорлық тұрғысындағы құқық бұзушылықтарға алдын алу және жол бермеу шаралары қарастырылды. Әр қызметкердің тәртіптік жауапкершілігі міндеттеліп түсіндірілді. Қазақстан – ТМД-да бірінші болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды қабылдаған ел. Содан бері арнайы мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Сыбайлас жемқорлығы үшін жаңа қылмыстық кодекске сәйкес мемлекеттік қызметте лауазымдық қызмет атқару құқығына өмірлік тыйым салынды. Сол сияқты заңсыз жолмен келген мүлікті тәркілеу, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін басшылықтың жеке жауапкершілігі сияқты нормалармен толықтырылғаны белгілі. Десек те, жемқорлықпен күрес нәтижесі жұртшылықты қанағаттандырып отырған жоқ. Әлі күнге дейін кей адамдарда пара бермесең мәселе шешілмейді деген ұғым қалыптасқан. Бұл сөздің де жаны бар сыңайлы. Ондай фактілерді біліп те, естіп те жатамыз. Елімізде жоғарыда айтқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия жүзеге асырыла бас­тады. Мұндай кешенді шара ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін дертпен күресте қоғам мен мемлекетті бірге әрекет етуге жұмылдыра түсетіні сөзсіз. Өзіндік ұстанымы бар белсенді азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылын тоқтатпайды, оған қарсы күресін үдете түседі деп ойлаймын. Өйткені, қоғамдық дерт өте қауіпті. Сондықтан да, оған қарсы баршамыздың азаматтық, отансүйгіштік борышымыз, міндетіміз дегеніміз дұрыс болар.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Мәдениет қайраткері.
16 сәуір 2019 ж. 875 0