Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір хаттың сыры

Бір хаттың сыры


Биылғы жылы жерлесіміз, қазақ поэзиясы көгінде жыр алыбы атанған Жамбылдан кейін жұлдызы жарқыраған, өзінің ұзақ жасында тосылып-тоқырамай, дүниенің әдемілігі мен әсемдігін айрықша сағыныш–мұңымен өріп, өмірді жырлап өткен абыз ақын Әбділданың туғанына 110 жыл толады. 1960 жылдары-ақ Мұқағалидың өзі «...Қаһарланып Грозный патшадайын...» деп суреттеген, кемеліне келіп, кемеңгерлікке бет бұрған Әбділданы сол кездегі қалам ұстаған бозбала талапкерлер әулиедей көріп табынып, пір тұтқанын, кейіннен қазақ әдебиетінің классиктері болып қалыптасқан бірқатар ақын-жазушыларымыз айтып та, жазып та кеткенінен хабардармыз. Солардың бірі – өзіміздің ауылдасымыз, 20-дан аса кітап жазып, кесек туындылар дүниеге келтіріп, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған Оразбек ағамызды Танылуға талпыныс жасап, газет-журналдар редакцияларының есігін жағалап жүргенде Әбділда ағасының есігін қағуға мәжбүр болыпты. Ендігі сөз Оразбек ағамыздың өзінде. Сол кезде жазған күнделік дәптері мен досы Жанұзаққа жазған хатында көлемдірек тырнақалды дастан жырының тұсауын кесіп, батасын бергендей болған оқиғаны былай түсіріпті...

Ақын Әбділданың алдында
Алматыға дәрігерге көрініп қайтуға барғанмын. Осы сапарымда бұрын-соңды жазған 1000 жолдай өлеңдерімді Жазушылар одағына тапсырмақ ниетім болған. Анда-санда газет-журнал редакцияларына барып тұрғанмен, одақ үйінің есігін бұл бірінші ашуым. Поэзия секциясының бастығы Қ.Екен. Соған жолығып едім, бұлаң кұйрыққа салды. Менің:
– Ағай, біраз өлеңдерімді сіздерге көрсетейін деп едім, – дегенімді селқостау тыңдап тұрып:
– Қайдан едің? – деп сұрады.
– Қызылордаданмын.
– Ә, онда қазір... – деді де бір есікке сып етіп кіріп кетті. Әрі күттім, бері күттім. Ол қайтып шықпай қойды. Ренжіңкіреп жатын жеріме қайттым.
Ертеңіне папкемді құшақтап, ақын Әбділданың алдына бардым. Жерлестігімді сатып, бағымды бір сынап көрмекпін. Басын изеп, ықылас көрсетіп, сыпайы ғана қарсы алды Әбекең. Оңаша отыр екен. Алдында беті ашулы қағаздар жатыр. Алғаш рет жүзбе-жүз көруім. Шын қадір тұтып жүретін сүйікті ақынның келбеті маған айрықша әсер етті. Неге екенін қайдам, оның үлкен басы мен бурыл шашы, зор тұлғасы, оның күш-қуатын бойына жиған әйтеуір бір арыстанға ұқсастығы бар секілді.
– Иә, шырағым, не шаруамен келіп едің? Мейірімді қоңыр дауыс.
– Өлеңімді көрсетейін... – деп бас­тай беріп едім, Әбекеңнің әлгі қалпы тез өзгерді. Әлдебір мысқылмен, немқұрайлылықпен маған тесіле қарады. Сірә, менің сыртқы тұлғам да оған сүйсінерлік сезім тудырмаса керек. Мұны байқасам да, өзімнің ежелгі бойымды еркін ұстау әдетіме бақтым.
– Иә?...
– Біздің ауылда тұратын Қалекең: Барып, өлеңдеріңді көрсет – деп еді. Өтірік айттым. Басқа мүмкіншілікті таба алмай қалдым.
– Қалекең деп тұрғаның Қалмақан Әбдіқадыров па?
– Сол кісі...
– Ол қартаяйын, алжиын деген екен. Маған несіне жіберді. Өзі-ақ оқып, пікірін айта бермей ме? – деді де, алдындағы қағаздарын жинастырып, маған түс бермеуге айналды.
– Шырағым, менің уақытым жоқ. Ертең Чехословакияға жүрмек боп соның қамындамыз.
Үндегем жоқ. Әп-сәтте көңілім недәуір аласарып қалды. Менің осы қалпымды көрген ақын, даусын жылытып:
Қайтсек екен? Өлеңдерің көппе еді?- деп сұрады.
– Онша көп емес.
– Өзің не істейсің? Оқимысың?
– Университетте оқитын едім. Денсаулығыма байланысты қазір демалыстамын. Әрі дәрігерге көрінейін, әрі өлеңдерімді көрсетейін деп келгем ғой...
– Тоқта. Дәрігерге көріне бер. Онда біздің не ісіміз бар? Өлеңдерін көрсету үшін жұрт Алматыға арнайы келеді. Сенікі қай келіс?
– Тағы да мүлт кеткенімді білдім.
– Мен де арнайы келіп, әрі...- деп міңгірледім.
– Былай шырағым. Ертең түсте маған кел. Өлеңдеріңді алдымен өзім оқып, байқайын. Ұнаса, осындағы секцияға тапсырамыз, олар талқылап, жарайды деп тапса, баспаға ұсынады. Ал, егер маған ұнамаса... осы арадан-ақ аулыңа қайта бересің. Келістік пе?
Келіспегенде қайтпекпін? Ертеңіне тағы келдім. Әндетіп өзі оқи бастады. Бұл менің «Туған елім» деген дастаным еді. Басталуында табиғат суреттері бар. Ішінде жаттанды жолдар, құр образ қуушылық та болу керек. Әбекеңнің, тіпті, ығыры шыққандай көрінді маған. «Бүйтіп жазғанша, жазбай-ақ қоюым керек еді ғой!..» деп отырмын іштей.
– «Мөлдіреген көктің жүзін ыстап тұр» ... Ендігі ұйқасың «Ұстап тұр»- ғой, ә?...- деп маған көңілі толмай қарады. – Е, міне айтып ем ғой... «Азияның бір шалғайын жапқан жер, аспанның да етегінен ұстап тұр». Ә... солай де. «Азияның бір шалғайын жапқан жер»... Азия жерін айтып отыр екенсің ғой.
Осы кезде есік ашылып, хатшы әйел кірді. Әбекең соған бұрылып:
– Әлгі Жұбан мен Қ...-ты шақырып жіберші, – деді. Олар келді.
– Бір үлкен ақын келіп отыр. Тыңдап көріңдерші, – деді. Әбекең күліп. Жұбан кішілік көрсетіп:
– Ие, ие... – деді. Қ. Тіс жарған жоқ. Маған мағынасыз көз тастады да қойды. Жақтырмай отыр.
– Өзің оқып бер, қане.
Қоңыр дауыспен оқи бастадым. Байқаймын, Әбекеңде ықылас пайда бола бастады. Үстелге шалқалай отырып, жиі-жиі пікір қосып отыр. Енді еркінсіп, қысқа дастанымды түгел оқып шықтым.
– Қыз туралы, махаббат туралы ең жақсы деген бірер өлеңіңді оқып берші? Бар ма? – деп сұрады Әбекең.
– Бұл тақырыптағы өлеңдерім онша емес еді...
– Әрине, әрине. Мынадай нәрсе жазған автордың жеке бастың ұсақ-түйегімен, күйкі-күйбеңімен айналыспауы заңды деп мақтады. Ана екеуі де пікір айтып, сүйсінген боп ишарат білдірді. Жұбан:
– Өлеңнің қасиеті жақсы екен. Пафос бар, – десе, оның серігі:
– Әдемі картиналар бар екен – деп қойды.
Аналар кеткен соң, Әбекең өзінің ақылын айтып, жылы шыраймен шығарып салды...
Бірақ, өзге ақындардың алдында мұндай ықылас, қамқорлықты көре алмадым. Оған ренжіп, қиналған мен жоқ. Өйткені, кімнің кім екенін ұғуға тырыс­тым.
Жанұзақ! Сен мені үлкен, ұлық ақынның қалай қабылдағанын сұрап едің. Саған мұны мақтан үшін емес, өзім үшін есте қаларлықтай кезеңнің бастамасы болар деген үмітім деп білгендіктен, жазып отырмын. Шынында, Әбекеңнің алдында кез келген балғын көңіл, ақылды әкенің алдында отырғандай сезінер!..
Ұлылықтың бір есептен ерекше нәзіктігі де осында ғой, досым!
Оразбек
Октябрь, 1960
Арада 60 жылдай уақыт өткенде жарияланған бұл хаттан сол кездері одақтың хатшысы деген үлкен лауазымда отырған Әбділда атамыздың жүдеп-жадап, ауырып ауылда жүрген 20-дан енді асқан талапкер студент жасқа көрсеткен қамқорлығы мен артқан сенімін көресіз. Таланттыны талантты ғана танитын ақиқаттың айғағындай осы бір кездесуден кейін бір ғана жыл өткенде, осы бір жағы суалып, жұпыны ғана киінген жүдеу жас ақынның ақ өлең түріндегі аты-шулы 1961 жыл деген поэмасы жарық көріп, бүкіл қазақ әдебиетіне әкелген жаңа стиль, жаңа көзқарасы үшін 1937-нің үштігі қаулысына ұқсаған сұп-суық естілетін «ұлтшылдық», «түршілдік» деген ресми айып тағылып, Республика саяси басшылығы деңгейінде үлкен дүрбелең тудырғаны бүгінгі аға буын өкілдерінің әлі есінен шыға қоймаса керек. Жас ақын Оразбектің бойынан осыншалықты жігер мен қайраттың, поэтикалық қуаттың жыр болып құйылуына, бәлки осы кездесудегі Әбділда ақынның талапты жастың қиялына қанат байлаған ақжолтай тілегі мен ақ батасы әсер еткені болар. Жас буынға деген мұндай қамқорлық пен мейірім-шапағат бүгінгі үлкен лауазымдағылардан да табылып жатса қанекей?!. Жақсыдан шапағат деген осы шығар.


Жазушы Оразбек Сәрсенбайдың жеке архивінен баспаға әзірлеген
Исабек Сәрсенбай.
03 сәуір 2019 ж. 638 0