Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аз қозғалыс ауру туғызады

Аз қозғалыс ауру туғызады


Қозғалыс адам өмірі үшін аса қажет. Дене жаттығулары – организмдегі жасқа байланысты өзгерістердің алдын алатын және ұзақ өмір сүруге көмектесетін маңызды амалдардың бірі. Яғни, XIX ғасырдың орта шенінде Жерде өндірілетін және қолданылатын бүкіл қуаттың 96 пайызы адамның және үй жануарларының бұлшық ет күші болатын. Бүгінгі күні қуаттың 1 пайызы ғана бұлшық ет күшінен өндіріледі. Өмірдің барлық саласын дерлік автоматтандыру адамның қозғалыс белсенділігінен азайтып, одан зор жүйке-психологиялық күшті талап етіп отыр. Қазіргі кезеңде ақыл-ой еңбегі дене еңбегін мүлде ысырып тастады деуге болады. Алайда, ой еңбегі де адамнан физикалық дайындықты талап етеді.Сондықтан болар, ғылым мен технология қарыштап дамыған сайын қолмен атқарылатын жұмыстар азая түсуде. Компьютерлендіру, автоматтандыру мен ақылды технология адамзаттың уақытын үнемдегенмен, қимылын азайтып тастады. Әлем бойынша жүрек, қан тамыр аурулары себебінен өлім алғашқы орындарға шықты. Себебі, қазіргі уақытта адамдардың өмір сүру салты, дағдысы өзгерген. Бұрындары адам азық-түлік табу үшін көп дене қозғалысын жасайтын. Ал, қазір ас көп, дене қозғалысы аз. Оған қоса күйзеліс деген бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықтың дене белсенділігі бойынша 168 мемлекетте жүргізген жаңа зерттеулері қазақстандықтардың бұл тізімде ең аз қозғалатындар қатарына енгенін жариялап отыр. Осы ұйымның мәліметіне жүгінсек, елімізде 18 жастан асқан ерлер мен әйелдердің 27,5 пайызы спортпен шұғылданбайды екен.
Мысал іздеп алысқа барудың қажеті жоқ. Мектептен қайтқан немерелер телефонға немесе компьютерге бірнеше сағат бойы телміріп, далаға шығудан қалды. Асық ойнап, доп тебетін балалар ауылда да азайып барады. Ересектер жағы да енжар қимылдайды. Үйдегі шаруаның бәрін автоматтандырылған техникалар атқарады. Жатып ішер жалқаулар көбейді. Ілгеріде теледидардың каналын ауыстыру үшін орнымыздан тұрып, тұтқасын оқта-текте ары-бері аударыстырып тұратын едік. Бүгінде ол да қалды. Пульттің түймесін басып, диванда жатып аламыз. Қазір тіпті ерін қимылдатуға ерінетін болдық. Тек ас ішіп, аяқ босата берген адам қажыр-қайратын қайда жұмсайды? Маңдайы терлеп, мандытып жұмыс істемесе құнарлы тамақтың қуаты тек қарынға бармағанда қайтеді? Артық салмақ, семіздікке шалдығу осылай басталады. Оның соңы жүрек қан-тамырлары, қан қысымы, жүрек талмасы сияқты аты жаман ауруларға әкеледі. Бұл – ХХІ ғасырдың бізге әкелген проб­лемасы.
Сонымен қатар, дәрігердің айтуынша, үнемі телефон қарап, компьютердің алдында отыру да адамды әлсіретеді. Мәселен, телефонға келген хабарламаның дауысына алаңдап қараған сайын мазасыздану пайда болады, яғни, адреналин бөлінеді. Бұл бір күнде жүз рет қайталануы мүмкін. Әр қараған сайын бөлінген адреналиннің мөлшері аз болғанымен, жүйкеге тигізер зияны өте көп. Сондықтан, дәрігер телефонды үнемі жанында ұстап, оған үңіліп отыру, денсаулықтың қас жауы екенін, оны тек қана жұмыс бабында пайдалану керектігін ескертеді.
Ал, өркениетті елдерде бұл мәселе қалай шешімін тапқан? Мәселен, автоматтандырылған техникалардың түр-түрін шығарып жатқан жапон халқында семіздік деген проблема жоқ. Ауыр салмақтылар өте аз. Олардың асқа тәбеті біздің тәбеттен асып түспесе, кем емес. Бір ерекшелігі, олар май өнімдерін аз тұтынады. Екіншіден, қала тұрғындарының арасында көлікпен жүретіндер некен-саяқ. Олар велосипедпен немесе жаяу жүргенді ұнатады. Құнарлы тағам жегендер осылайша көп күш жұмсап, артық энергиясын шығарып тастап отырады. Тұзды да кем тұтынатындықтан, оларда жүрек қан-тамыр аурулары азайып келеді. Ал, біздің еліміздегі жағдай бұған мүлдем керісінше. Бұл еліміздің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының сарапшыларын ғана емес, әлем ғалымдарын да алаңдатып отыр.
Барынша аз қозғалып, жайлы өмір сүрсем дейтін адамдар өздерін артық қимылдан қорғай отырып, денсаулығымызды сақтаймыз деп ойлайды. Шындығына келгенде, бәрі керісінше. Тыныш өмір селқостық пен әлсіздікке, жалқаулыққа алып келеді, ал қозғалыссыз өмір кәрілікті жақындата түседі.
Басты байлық – денсаулық. Мәселен, кеңестік кезеңде бұл мәселе ой еңбегі мен дене еңбегін ұштастыру арқылы шешілді. Қозғалыс – тіршілік қуаты. Ендеше, аузы қимылдағанның қол-аяғы да қимылдап тұрғаны ләзім. Ал, спортты серік етсеңіз құба-құп. Терлеп, ағзадағы зат алмасу жақсарады. Артық салмақтан арыласыз. Тән мен жанның сұлулығы өзімізге байланысты екенін тағы да ұмытпайық.


Дайындаған
Ж.Қауғанбаева.
30 наурыз 2019 ж. 7 323 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930