Түркістандағы индустриалды аймақта құрылысқа қажетті торлар шығарыла бастады
Түркістан қаласындағы индустриалды аймақта құрылыс пен шаруашылыққа қажетті торлар шығарыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24». Мұнда қазір шарнирлы, сылақ пен қалау үшін дәнекерленген және үлкен аумақты қоршауға арналған торлардың 4 түрі шығарылады. Кәсіп иесі болашақта Түркістандағы құрылысқа қажетті торлардың барлық түрін өзіміз өндірсек деп отыр. Ол үшін жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында үкіметтен жеңілдетілген несие берілсе дейді. Мырзабек Өтегенов – осы цехтағы ең білікті маман. Жас жігіт 4 жылдан бері осы салада еңбек етіп келеді. Екі баланың әкесі тор шығарудың қыр-сырын әбден меңгерген. Айына 120 мыңға дейін жалақы алады. Сүйікті кәсібі болғандықтан, жұмысқа ерте келіп, кеш қайтады. Өйткені осындағы жұмысшылардың барлығына білгенін үйретіп, білмегенін түсіндіру Мырзабекке жүктелген. Мырзабек Өтегенов, цех жұмысшысы: – Жұмысым жақсы, өзіме ұнайды. Айлығы да жақсы, уақытында беріп тұрады. Менің жұмыс істейтін станогым шарнирлы сетке рулонды тор шығарады. Мен күніне 20 сетка шығарамын. Көлеміне қарай төлейді. Ал Еркебай Жыңғылбаев – тор өндірісін өркендетіп отырған осы цехтың директоры. Жас кәсіпкер 4 жылдан бері осы кәсіппен айналысады. Бұған дейін шағын ғана цех ашып, сол жерде жұмыс істепті. Түркістан – облыс орталығы болып, құрылыс қарқыны үдей түскен соң, индустриалды аймақтан жер алып, үлкен цех ашқан. Қазір мұнда қазір шарнирлы тор, сылақ пен қалау үшін дәнекерленген тор және үлкен аумақты қоршауға арналған тордың 4 түрі шығарылып жатыр. Мысалы мына шарнирлы тор тек Алматы қаласы мен Түркістандағы осы цехта ғана дайындалады. «Отандық өнімге сұраныста көп», - дейді кәсіпкер. Еліміздің өзге қалаларынан бөлек, көршілес мемлекеттерден де тапсырыс күн санап артуда. Мәселен, былтыр өндірілген 280 тонна өнімнің 30 тоннасын Бішкекке жөнелтіпті. Еркебайдың ендігі арманы – Үкіметтің қолдауына ие болып, грантқа ілігу. Кәсібін кеңейтіп, өнім көлемін ұлғайту. Кәсіпорын жылына 112 млн теңгенің өнімін өндіруге қауқарлы. Жобаның құны – 150 млн теңге. Қазір мұнда 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт алдағы мамыр айында толық іске қосылғанда жұмысшылар санын 15-ке жеткізу жоспарланып отыр.
www.24.kz