Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БҰҒАТТАЛҒАН АҚША «ТҰТҚЫННАН» ҚАШАН БОСАЙДЫ?

БҰҒАТТАЛҒАН АҚША «ТҰТҚЫННАН» ҚАШАН БОСАЙДЫ?


«Ақшалының қолы ойнар,
Ақшасыздың көзі ойнар» деген мәтел еске түседі… Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлттық қордағы 22 млрд доллардың бұғатталғаны жария болды. Молдовалық кәсіпкерлер салған лаң, бізді әлі біраз дүрбелеңге түсіретін түрі бар. Mellon Нью-Йорк банкі молдовалық кәсіпкер Анатол Статидің өтінішін «жерде қалдырмай», Қазақстан Ұлттық қорындағы қаражаттың 40 пайызына құлып салып еді. Кейін бұған Нидерланды мен Бельгия соты да үн қосыпты. Бірер күн бұрын шыққан су жаңа ақпарат бойынша еліміздің Еуропадағы 5,2 млрд доллары да бұғатталған. Бұл ақшаға Қазақстан KMG Kashagan BV компаниясы арқылы Қашағандағы «мұнай шыққан жерді белден қазуға» атсалысатын. Ол – халықаралық консорциум. Сонымен қатар Швециядағы 33 мемлекеттік компанияға тиесілі Қазақстан акциялары да «тұтқынға түсті». Оның құны – 100 млн долларға тең. Көз ойнағаныңыз не, қарашығымыз шарасынан шығардай бақырайып кетті деуге болады, тіпті.
Кінә кімнен?
Кәсіпкер Анатол Статидің сенімді өкілі Крис Уинанс таратқан ақпаратқа қатысты пікір білдірген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «акциялардың заңсыз бұғатталғанын» айтып бір ышқынып алған. Біз ышқындық екен ырыққа көнгелі тұрған Батыс жоқ. Демек, нақты шешу жолына қарай бағыт алу керек. Жалпы, жағдайдың қалай бастау алғанын айтып термелеп жатқымыз келмеген. Дегенмен мәселені шешу үшін, жағдайдың қалай өріс алуын айқындау үшін, істің төркініне бір үңіліп алу артықтық етпесе керек. Экономист Қайыр­бек Арыстан­беков­тің айтуынша, бұл жерде қателік Қазақ­станнан кеткен.
– Дау 2006 жылы басталған. Әуелі ресейлік «Газпром» газ жеткізу бойынша Украинамен келіспей қалған. Мәселе бағаға байланысты туын­дады. Сосын Украи­на­дағы жағдай біз­де де қайталануы мүмкін деп Молдоваға күмән ұялайды. Яғни, олар газды Ресейден алу жөнінен проблема болуы мүмкін деп қауіп­тенді. Соған бай­ла­нысты өздерінің мұнай-газ компания­ларын Қазақстанға жібереді. Импортты әртараптандыру үшін. Сөйтіп, қазір бізді сотқа беріп жатқан екі кәсіпкер де келеді. Сол кезде Ресей «Газпромға» қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр» деген сыңайда дау көтереді. Ресей Қазақстанның көршісі, серіктесі екені белгілі. Екі ел арасына сызат түспес үшін, Қазақстан молдовалық кәсіпкерлердің көмегінен бас тартады. Сол орайдағы жағдайларды инвесторлар заңсыздық деп танып, халықаралық сотқа шағымданған, – дейді сарапшы.
Маманның айтуынша, оның үстіне еліміз энергетикалық хартияға қол қойып, ол бойынша мұнай-газ секторындағы бизнеске тиісуге, тартып алуға құқығы шектелген. Ақырында «Газпром» мүддесі үшін келісім бұзылып кеткен болуы мүмкін.
Анатол туралы аз дерек
Анатол Стати мен ұлы Габриэл Стати басқарған AScom Group мұнай-газ өндірісімен айналыс­қан. Статидің өкілі Уинанстың дерегіне сүйенсек, әдепкі 22 млрд бұғатталған, оның ішінде АҚШ-тың қазыналық векселі 11 млрд долларға жуықтайды. Жалпы, Стати Қазақстанға миллиардтаған доллар инвестиция салған. 2013 жылдың 19 желтоқсанында Стокгольм арбитраждық соты бизнесменге 500 миллион доллар қайтару туралы өтінішті қанағаттандырыпты. Молдовалық кәсіпкер талап етіп отырған қаражаттың толық көлемі 4 млрд доллардан асады.
Тығырықтан шығар жол қандай?
Сарапшылар мә­селені шешуге қабілет­ті факторларды дәл қазір атап беру қиын дейді. Себебі, процесс әлі күйіп тұр.
Бірі – экономикаға тигізер зияны жоқ десе, бірі мұнымен келіспейді. Алдымен, Сұлтан Әкімбековті оқиық.
– Жағдай әрине, қиын. Қазақстан­дық­тар үшін Ұлттық қор қаражатының жоғалуы қашанда жайсыз. Бірақ Қазақстан бұл ретте заңдық тұрғыдан әлі де тайталасатынын, ха­лық­аралық шешімді заң­сыз деп танитынын ескертті. Демек, про­цесс аяқталмай қандай да бір пайым айту қисынсыз. Бұл жағдай экономикаға кесірін тигізіп, бұл саладағы белсенділікті төмен­­де­тіп жібереді дегенмен келіспей-
мін, – дейді ол. Бұл ретте сарапшы швейцария­лық Noga компаниясы мен Ресейдің арасында болған дау-дамайды мысалға келтірді.
– Осы ретте Noga фирмасының басынан өткен жағдайды мысалға келтіре ала­мын. Ол біраз уақыт бұрын Ресей үкіметімен келісімге келіп бірнеше жыл бойы экономикалық серіктес болған. Бірақ кейін арбитраждық сотқа арыз түсіріп, ресейлік акцияларды бұғаттауға себеп болады. 90-жылдардың орта шенінен басталған дау кешегі 2009 жылға дейін жалғасты. Ақырында, Ресей тарабы өздерінің таза екенін дәлелдеп, барлық «тұтқындаулардан» құтылып шықты. Сондықтан Қазақстан да Ресей секілді барлық қиындықтарды еңсеріп, бұғаттал­ған ақшаны қайта шешіп алады деп үміттенемін. Үкімет қазір барлық жолда­рын, шынайы мүмкіндіктерді қарастырып жатыр, – деді Сұлтан Әкімбеков.
Қайырбек Арыстанбековтің сөзінше, бұғатталған қаражатты ешкім түгелімен еншілеп кете қоймас. Тек кәсіпкер талап етіп отырған бөлігін ғана бергізуі мүмкін.
– Дегенмен тигізер зардабы жоқ немесе болар-болмас деп сыпайылап айтуға келмейді. Біріншіден, Қазақстан Ұлттық қордың белгілі бір мөлшерінен айырылып қалады. Екіншіден, репутациялық шығын келеді. Оның орнын толтыру да оңай емес. Үшіншіден, бұл жағдай инвестиция­лық ахуалды нашарлатады. Себебі, бұл оқиға басқа инвесторларды да ойландырып тастайды. Қазір бізде шетелдік инвестиция мөлшері Қазақстанның жалпы экономи­ка­сының 25 пайызға жуығын құрайды. Өздеріңіз білесіздер, инвестиция болмаса эко­номикалық өсім жоғарылап жарытпай­ды, – дейді экономист.
Үкіметке құлақ түрсек…
Шын мәнінде Стати осы күнге дейін алаяқтықпен айналысып, Қазақстан туралы жалған куәлік беріп келген. Мұны еліміздің Әділет министрлігі жария етті.
– Алаяқтықтың мәнісі – Стати ашыл­ма­ған аффилиирленген тұлғалармен жа­сал­­ған бірқатар мәмілелер және бұр­ма­лан­ған қаржы есептері арқылы жал­ған келісімшарттарға отырып, Қазақстан­дағы газ өңдеу зауытын салу құнын алаяқтық жолмен көтеріп жібергендігінде. Бұдан басқа, олар халықаралық төрелік трибунал­дың алдында жалған куә бер-
ді, – деп көрсетілген министрлік мәлімдемесінде.
Енді бұл іс бойынша тыңдау биыл қазан айында Ұлыбританияда өткізілмек. Сотта алаяқтық фактісі қарастырылып, тыңдау жүреді. Қазақстан «кез келген жағдайда мемлекеттің тәуекелдері төрелік шешімінің сомасы – 497 658 101 АҚШ долларымен және кез келген жағдайда Қазақстан Республикасының тәуекелдері төрелік шешімнің сомасы – 497 658 101 АҚШ долларымен және 2009 жылғы 30 сәуірден бастап толық өтеу мерзіміне дейін АҚШ-тың қазынашылық қағаздары бойынша алты айлық проценттер деп анықталған проценттермен, сонымен қатар 8 975 496,40 АҚШ доллары сомасындағы Стати­дің сот шығын­дарының 50 пайызы­мен шектеле­тінін» ескертті.
 
Абай АЙМАҒАМБЕТ
11 қаңтар 2018 ж. 1 054 0